Қазақстанда алғаш рет жер учаскелері онлайн аукционда сатылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен, Ауыл шаруашылығы, Әділет министрліктерімен, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен және облыстық әкімдіктермен бірлесіп, электронды сауда-саттық арқылы мемлекет меншігінен жер учаскесін беру жобасын іске қосты.
22-24 маусымда Қызылорда облысындағы екі жер учаскесі сәтті сатылды. Оның бірі бастапқы бағасы 1,5 млн теңге болған кезде «электронды» балға арқылы 2,8 млн теңгеден астам қаржыға, ал екіншісі 246 мың теңгеге, 396 мың теңгеге сатылды.
Ақтөбеде тағы үш жер телімі саудаға шығарылды, аукцион 8 шілдеге белгіленді. Бұдан бөлек, Алматы облысында екі жер учаскесін сату жоспарланған.
Жобаның мақсаты - клиенттер үшін де, мемлекеттік органдар мен ведомстволар үшін де бизнес-процестердің барлық спектрін автоматтандыру. Бұл ретте субъект өзінің жүгіну барысын түпкілікті нәтижеге дейін бақылай алуы тиіс. Сауда-саттыққа Қазақстанның бүкіл азаматтары қатыса алады. Онлайн-ауцион мемлекеттен жер сатып алу процесін ашық әрі түсінікті етуге, сондай-ақ осы саладағы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге септігін тигізеді. Аталған тәжірибе бүкіл республика бойынша таратылады.
Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы әкімдіктермен бірлесіп жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын енгізу жұмысымен айналысып жатыр.
Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі мен «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қорының шашырап жатқан 226 базасы осында тоғыстырылған. Жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы ақпаратты онлайн жұмыс істейтін Жария кадастрлық картадан алуға болады.
Сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жерге орналастыру жобасын әзірлеуден бастап құқықтарды тіркей отырып, жер учаскесіне актіні дайындауға дейін жер учаскесіне қажетті құжат айналымының толық циклін қамтамасыз етеді.
Жер кадастры департаменттері 10 мемлекеттік қызмет көрсетеді: жер жобаларын жасау; жер учаскелерінің шекараларын белгілеу; жер учаскелерін көлденең және биіктіктен түсіру; ауыл шаруашылығы жерлеріне түгендеу жүргізу; жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларын есептеу; бағалау аймақтарының шекараларын құру; бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобалары; аэрофототүсірілім жұмыстары; кондоминиум объектілеріндегі жер учаскесінің үлесін есептеу; жер-кадастрлық құжаттардың көшірмелерін беру және тағы басқалар.
Сондай-ақ клиенттерге ыңғайлы болу үшін, жер кадастры бойынша қызмет көрсететін қызметкерлер бұрынғыдай жеке ғимараттарда емес, ХҚО-да орналасқан.
Аяна Тоғанбек