Қазақтың тамаша композиторының бірі Әсет Бейсеуов өткен ғасырдың сексенінші жылдарының бас кезінде Жамбыл облысының меймандос Мойынқұм жерінде бір-екі рет қадірлі қонақ болып қайтқан еді.
Аудандық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Мойынқұм таңы») газетінің фототілшісі, марқұм Қали Тәттібеков түсірген мына суретте Әсеттің әдемі бір жаңа әнін Мойынқұмның жезтаңдай әншісі атанған, марқұм Зинакүл Қаймақованың үйрену сәті бейнеленген. Ол бұрын да композитордың «Алтыным», «Армандастар, құрдастар» және тағы басқа туындыларын нақышына келтіре орындайтын-ды.
Сол жақта микрофонды ұстап тұрған аудандық музыка мектебінің директоры қызметін атқарған, жергілікті халық аспаптары оркестрінің дирижері болған, аудандық мәдениет бөлімін басқарған оңтүстікқазақстандық бауырымыз Төребек Мәжібаев (кейіннен, яғни тоқсаныншы жылдардың аяқ жағында туған өңіріне қоныс аударған), ал Әсекеңнің жанында нотаға көз салып қатар тұрған сан түрлі аспапта керемет ойнайтын шебер музыкант, марқұм Төрехан Нұрманбаев.
Зинакүл 1978-1979 жылдарда «Мойынқұм» ән-би ансамблінің құрамында Мәскеуде, Португалияда өнер көрсетіп, лауреат атанған болатын. Сол сияқты Төребек пен Төрехан да аталған жерлердегі көрермендер ерекше риза болған концерттерге белсене қатысқан еді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист
Алматы облысы,
Қарасай ауданы