Конституцияның барлық нормаларына сәйкес келетін, қоғам әділ және теңгерімді деп таныған, сот төрелігінің тиімді іске асырылуын қамтамасыз ететін сот жүйесін құрудың жолы қандай? Сот реформасының бүгінгі шындығы неде? Даму перспективаларының алғышарттары қалай белгіленуі қажет? Елімізде жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформаларға қатысты осы сұрақтарға «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының отставкадағы судьялары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірсерік Қожабаев жауап берді.
– Өмірсерік Сағындықұлы, сіз бір сөзіңізде «Біз «реформалар үшін реформалар» қағидатын жақтамаймыз» деген екенсіз. Еліміздегі сот және құқық қорғау жүйелерін қайта құру мәселесін түпкілікті шешім үшін не қажет?
– Сот саласындағы тәжірибесі бар мамандар ретінде біз кемшіліктер мен қателіктерді көрсете отырып, биліктің негізгі мемлекеттік институттарын реформалауға көмектесуге міндеттіміз. Шыны керек, 30 жылдық тұрақты реформалар көзге көрінетіндей нәтиже шығара алмады. Бұл жағдай мәңгілікке созыла алмайды. АҚШ-тың 16-президенті Авраам Линкольн айтқандай, «Аз топты өмір бойы алдауға болады. Бүкіл халықты аз уақыт алдауға болады. Ал бүкіл халықты өмір бойы алдауға болмайды».
Өкінішке қарай, өткен 30 жыл ішінде жаңадан тағайындалған басшылардың бірінші кезекте өздеріне сеніп тапсырылған ведомствоны болсын-болмасын реформалайтын теріс тәжірибе қалыптасты. Біз реформалаудың шексіз процесіне олардың нақты өзектілігі мен қажеттілігін ескерместен, прогрессивті реформатордың бейнесін жасау үшін ғана қатыстық. Осындай алданыш жолмен жүріп қоғам үшін ең маңыздысы – туындаған құқықтық мәселені әділ шешу екенін ұмытып кеттік.
Жүргізіліп жатқан реформаларға ұдайы талдау жасап отыру қажет. Олардың аралық нәтижелері қандай? Сапасы сын көтере ме? Тіршілікке қабілетті ме? Құрғақ формальды тәсілді жою қажет. Нақты нәтижелерге қол жеткізбейінше басшылардың жүргізіліп жатқан реформалар үшін жауапкершілігін күшейту керек.
Мәселен, соңғы 3 жылда Азаматтық іс жүргізу кодексі екі рет қабылданды. Егер бірінші редакция сапасыз болса, онда неге мұндай сапасыз жұмысқа құқықтық баға берілмеді? Неліктен ешкім жауапкершілікке тартылмады? Екінші жобада түбегейлі не өзгерді? Сондай-ақ 2015 жылдан бастап жаңа Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстері қабылданды. Алайда, қолданысқа енгізілгенге дейін жарты жыл ішінде осы нормативтік-құқықтық актілерге бірнеше рет өзгерістер енгізілді. Демек енгізілген реформалар институционалды емес, терминологиялық сипатта болды. Ал бұл олардың дайындығының сапасыздығын көрсетеді.
– Нормативтік-құқықтық актілердегі мұндай шикіліктер сотқа дейінгі тергеп-тексеру процесіне де кедергісін келтіреді. Солай емес пе?
– Шындығын айтқанда, бұрынғы қылмыстық іс жүргізу тәртібі әлдеқайда түсінікті және тиімді болатын. «Жаңа» кодификацияланған актілердің мәтіндеріне істер бойынша сот-тергеу практикасын едәуір жақсартатын және қоғамның игілігі үшін қызмет ететін өзгерістер енгізілмеген. Оны келіп Ұлы реформа деп атаймыз. Мұндай реформалардың соңы неге әкеліп соқты? Кешегі «Қасіретті қаңтар» оқиғасына түрткі болған себептердің бірі осында жатыр. Жұмыс істемейтін конституциялық әділеттілік қағидасы – қаңтар трагедиясының триггерлерінің бірі. Ал алдағы уақытта осындай қанды оқиғалардың қайталануына жол бермеу біздің ортақ азаматтық міндетіміз болып табылады.
Азаматтық қоғамның сот, құқық қорғау органдарының жұмысына қояр үлкен талаптары бар екені түсінікті. Лауазымды тұлғалар мен азаматтарды заңсыз жауапкершілікке тарту, азаматтық істер бойынша шешімдерді тапсырыспен шығару фактілері сияқты келеңсіздіктерге жол бермейтін тетіктер қажет.
Адамдардың ерікті тобын қылмыстық процеске тартып, кейіннен оларды соттап, қылмыстық істерді қозғайтын сәтсіз тәжірибені тоқтату керек. Ал қылмыстық қудалаудың барлық сатысына қатысқан лауазымды адамдар жауапқа тартылуы тиіс. Мұндай тәжірибе кеңестік кезеңде болған. Ол кезде кінәсіз адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартқан адамдар, кем дегенде, қызметтерінен босатылатын. Ал қазіргі жүйе «әйдік істің әттеген-айлары болмай тұрмайды» деген қағидат бойынша жұмыс істеп келді. Осының барлығы талай мансапты бұзып, тәлкекке түскен тағдырлардың санын арттырып, осы салаларда жүрген мамандардың беделіне нұқсан келтірді.
– Қазір адам құқығын қорғаудың жаңа үлгісі – үш буынды модельді енгізу кең көлемде жүргізіліп келеді. Полиция, прокуратура мен сот өкілеттіліктерінің ара-жігін нақты ажыратып беретін жаңа модельдің ерекшелігі неде?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында адам құқын қорғауға бірден-бір жауапты – үш буынды модель құруды тапсырды. «Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек», деп оның негізгі бағыт-бағдарын да айқындап берді. Себебі Президент айтқандай, «Қылмыстық істегі қателік адам тағдырын өзгертетінін естен шығармау керек». Бұл – заңдылық пен әділеттілікті толық қамтамасыз етуге басымдық берген мәселенің бірі.
Президент Әкімшілігі басшысының атына жолдаған хатында прокуратура органдарының ардагері С.Ерімбетов енгізіліп жатқан үш буынды модель прокуратураның міндеттері мен функцияларын түбегейлі өзгертетінін, алайда, бұл өзгерістерді пысықтай түсу керек екендігін айтады. Істі тергейтін, тергеу барысын қадағалайтын, іс бойынша негізгі шешімдерді келісетін прокурор әрқашан айыптау үкіміне ие болады. Бұл жерде бізде өткеннен алған сабақ бар. Прокуратурасы істі басқаратын және толыққанды тергеу жүргізетін неміс моделі біздің прокуратураның функцияларына сәйкес келмейді. Себебі, бұл модель сәтті жұмыс істейтін мемлекеттерде прокуратура атқарушы билік жүйесінде, айыптау органы болып табылады және қадағалау функциясынан айырылған.
Біздің прокуратура атқарушы билік жүйесіне кірмейді және елдегі заңдылық режіміне жауап беретін негізгі мемлекеттік орган болып табылады. Сондықтан 90-жылдарда оны тергеу функциясынан босату орынды деп танылды. Мемлекет басшысының саясатын іске асыру тетіктерінің бірі ретінде айқындай отырып, тек құқық қорғау функциясы ғана жүктелді. Конституция оған ел аумағында заңдардың орындалуын жоғары қадағалауды жүзеге асыру функциясын берді. Сондықтан прокуратураға кең тергеу функциясын беру оның іс-әрекеттеріне айыптауды кері қайтару дегенді білдіреді.
– Сонда құқық қорғау және сот жүйесін реформалаудың тиімділігін арттыру үшін тағы нақты не істеу қажет деп санайсыз?
– Сот және құқық қорғау органдарындағы реформалардың тиімділігін, сол тиімділіктің төмен болу себептерін зерттей отырып, реформаларды әзірлеуге жауапты жаңадан құрылған органдарға тоқталғым келеді. Мәселен құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының құрамына келейік. Бұқаралық ақпарат құралдарында, нақтырақ айтсақ, Turan Press ақпараттық агенттігінде бұл жұмыс тобына ғалымдар, сарапшылар, кәсіпкерлер құқықтары мен адам құқықтары жөніндегі уәкілдер, үлкен тәжірибесі бар танымал ардагерлер, атап айтқанда, құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жетекші заңгерлер, адвокаттар және азаматтық қоғам өкілдерін тарта отырып, кешенді жұмыс жүргізілгені туралы айтылды. Тіпті, қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізудің ең жоғары жетістігі ретінде қылмыстық қудалау шеңберіне тартылмаған екі мыңнан астам адамның құқығы қорғалғаны жөнінде де жарияланды. Алайда, бұл сандардың нақты қайдан алынғаны анық емес. Сондай-ақ біз жұмыс тобының сарапшылық құрамын толықтыра түсу керек деп санаймыз. Өйткені оның құрамында беделді ардагер-практиктер жоқ.
Құқық қорғау және сот жүйесін реформалау мәселелерін терең пысықтау үшін жұмыс тобына енген әр адамның қажетті әрі жеткілікті тәжірибесі мен құзыреттілік деңгейі болуы керек. Әсіресе, көп жылдық жұмыс өтілі бар ардагерді көбірек тарту қажет.
Мемлекеттік аппаратта жұмыс істеп тұрған институттар бар. Олар өз бейіні бойынша құқық қорғау, сот жүйесін реформалау жөніндегі міндеттерді шеше алады. Мысалы, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімі, құқықтық саясат жөніндегі кеңес. Осы институттардың кадрлық құрамын бейінді мамандармен күшейтіп, іс жүзінде нақты пайдалансақ та болады. Бұл өміршеңдігі мен тиімділігін дәлелдей алмаған түрлі органдардан әлдеқайда тиімдірек болар еді. Сондықтан біз «бас тарта отырып, ұсыныс жаса» деген қағидатты басшылыққа алып, судьялардың, прокуратура және басқа да құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отставкадағы әлеуетін пайдалану қажет деп санаймыз.
– Жоғарғы соттағы реформалауға қатысты істерді іштей жақсы білесіз. Қарапайым тілмен айтқанда, осы саланың отымен кіріп, күлімен шыққан білікті маман, еліміздің Құрметті судьясы ретінде бұл институттың жұмыс бағыты жөнінде не айтар едіңіз?
– Мысалы, Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Кадр резерві жөніндегі комиссия Жоғарғы Сот судьяларының және соттар иерархиясы бойынша бір-біріне бағынышты басқа да адамдардың қатарынан құрылатыны белгілі. Бұл комиссияға мүшелік маңызды шешімдер қабылдауда тәуелсіздікті көздейді. Алайда егер онда әрекеттегі судьялар қатыстырылса, қандай тәуелсіздік туралы айтуға болады? Басқаша айтқанда бұл бос судья лауазымына үміткерлерді таңдау кезінде комиссияның объективті болмауының себептерінің бірі. Көбінесе кәсіби қасиеттері бар, шынымен лайықты судьяларға жол жабылып қалып жатады. Бұл мәселені комиссия құрамын отставкадағы судьяларға ауыстыру арқылы қисынды әрі оңай шешуге болады. Отставкадағы судьялар конъюнктураға тәуелді емес, үлкен кәсіби және адами тәжірибеге ие, сондай-ақ барынша көмек көрсету мүмкіндігін ынта-жігермен қабылдайды.
Сондай-ақ Жоғарғы Соттың жанында судьяның жұмысына баға беретін Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Яғни Жоғарғы Сот осылайша судьяға өзінің ықпалын қамтамасыз етеді, бұл Конституцияның 77-бабының 1-тармағында бекітілген судьялардың тәуелсіздігі қағидатын бұзады. Егер сот төрелігінің сапасы жөніндегі мұндай комиссия қажет болса, сот органы басшылығынан және жұмыс істеп жүрген судьялардан тәуелсіз бола отырып, оларға ешқандай тікелей ықпал етпей, мұндай бағалауды кім бере алады? «Судьялар одағы» немесе «Жоғарғы Соттың отставкадағы судьялары» қоғамдық бірлестігі секілді ұйымдар сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның құрамын неғұрлым тиімді қалыптастыру мәселесінде қызмет ете алар еді. Өйткені бұл қоғамдық ұйымдар сот төрелігінің сапасына шынайы объективті баға береді.
Жоғарғы Сот пен судьялар өздерінің тікелей міндеттері – сот төрелігін жүзеге асырумен айналысуы тиіс. Олар Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына беруге болатын әкімшілік функцияларға қатыспауы тиіс. Осы ойды растау үшін Еуропалық комиссияның Польшаның Жоғарғы Сотының тәртіптік палатасын құрғаны үшін 100 миллион еуро айыппұл салу туралы жақында қабылдаған шешімін мысалға келтіруге болады. Еуропалық комиссияның пікірінше, судьялардың кәсіби қызметі туралы шешім қабылдай алатын тәртіптік палатаның қызметі олардың тәуелсіздігі мен бейтараптығына қауіп төндіреді.
Сондай-ақ судьялардың сыныптылық институтын қайта жандандыру және сыныптарды беру мәселесін сот төрелігінің сапасы жөніндегі жаңартылған комиссияның қарауына беру қажет деп санаймыз. Сыныптарды енгізу сот төрелігін іске асыру кезінде судьялардың уәждемесін арттыруға және берілген сыныпқа сүйене отырып, олардың білім деңгейін айқындауға мүмкіндік береді.
Сот, құқық қорғау жүйелерін жаңғыртудағы біз тізбелеп келтіріп отырған бұл мәселелер оларды реформалауда ескерілетін жайттардың аз бөлігі ғана. Ал Жаңа Қазақстанды құру ең алдымен оның барлық институттарын жүйелі, сапалы, ауқымды реформалауды көздейді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Бану ӘДІЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»