Жақында «Қазақстан Халық партиясы» депутаттық фракциясының дөңгелек үстелінде мүгедектігі бар балаларды және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды құқықтық және әлеуметтік қорғаудың өзекті мәселелері қаралды.
Отырысқа Мәжіліс депутаттары, министрліктердің жауапты қызметкерлері және республиканың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Отырыстың күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз сөйлеушілер мемлекеттің басты міндеттерінің бірі мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік ықпалдасуын, тең құқықтары мен мүмкіндіктерінің болуын қамтамасыз ету болып табылатынын атап өтті. Елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдарды, соның ішінде балаларды қорғау жөнінде заңнамалық негіз, нормативтік актілер бар. Бұл маңызды мәселеде мемлекеттік органдар, жұртшылық, үкіметтік емес ұйымдар бірлесе жұмыс атқаруда. Мүгедектігі бар балаларға, мүгедек баласы бар отбасыларға тиісті көмек көрсетіліп жатқанын және болашақта жәрдем ету қажеттігі туралы айтылды.
Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне дөңгелек үстелде көтерілген Қазақстандағы мүгедек балалардың құқықтарын қорғау проблемаларына қатысты мәселелер бойынша ұсынымдар жолданды.