Қазақстанда елдің ішкі нарығына төнетін қауіпке байланысты тірі тауарлық және асыл тұқымды малды экспорттауға тыйым салынған. Бірақ 8 млн ірі қара мал басы бар ел фермерлері үшін экспортқа тыйым салу қиынға соғып тұр. Бұл мәселені олар халықаралық форумда талқылап, саланың қордаланған мәселелерін алға тартты. Жиында Румыния, АҚШ, Чехия елдерінен келген халықаралық сарапшылар да пікір білдіріп, тәжірибесімен бөлісті.
Еліміздегі мемлекеттік реттеу саясаты фермерлердің қалтасына ауыр соққы болды. Қазақстан ет одағының деректері бойынша ішкі нарықта экспортқа тыйым салынғаннан кейін фермерлерден тірі малды сатып алу бағасы бір деңгейде қалып қойған (1 кило тірі салмақ үшін шамамен 700 теңге). Алайда фермерлердің пікірінше, ішкі нарықты экспортқа тыйым салу арқылы ет бағасының өсімін тоқтату мүмкін емес. Өйткені тірі ірі қара мал мен азық-түлік бағасының өсуі – жаһандық тренд. Экспортқа салынған тыйым фермерлерді өткізу нарықтарынан айырды, осылайша, сала табысы төмендеп кетті, дейді мамандар. «Біз күнкөріс қамымен жүрміз. Бізге әділ бағадағы өткізу нарықтары керек. Нарықтарды ашыңыз немесе саланы субсидиялаңыз немесе басқа балама ұсыныңыз», дейді Kusto Group компаниясының өкілі Бейбіт Ерубаев. Ол жиын кезінде фермерге арналған бұқаның өзіндік құнын және жабық базарларда мал сату бағасын нақты есептеп, саланың іс жүзінде шығынға ұшырап жатқанын дәлелдеп шықты.
Саланы табысты етудің бір жолы субсидиялау екені белгілі. Алайда 2021 жылы ауыл шаруашылығын субсидиялаумен байланысты сыбайлас жемқорлық қылмыстары көптеп ашыла бастады. Мал шаруашылығындағы субсидиялаудың тым үлкен көлемі де мәселені шешпейтін еді. Себебі бұл саланы қолдауға бөлінетін қаржы тым аз. Оны шет мемлекеттермен салыстырып та дәлелдеуге болады. Мысалы, Ангус Румыния қауымдастығының деректері бойынша бұл елде жылына 1 ірі қара мал басына субсидиялау шамамен 220 еуроны құрайды (100 мың теңгеден астам), ал қазақстандық фермер жылына 1 басқа (селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс үшін) 10 мың теңге, яғни одан 10 есе аз көмек алады. Демек субсидиялау мәселесін шешу де өзекті болып тұр.
Жалпы, Қазақстан үшін асыл тұқымды малды жеткізуші елдер көп. Соның бірі – Румыния. Екі ел арасындағы мал шаруашылығының қалыптасуы қатар жүрді: екі елде де асыл тұқымды малдың алғашқы импорты 2008-2012 жылдары басталды. Ал асыл тұқымдық істердегі реттеуші функцияларды өзін-өзі реттейтін ұйымдарға – мал тұқымдары жөніндегі қауымдастықтарға беру жөніндегі реформа 2012 жылы жүргізілді. Румыния Ангус тұқымы қауымдастығының мәліметтері бойынша сол кезде 40 мың бас импортталған. Соның нәтижесінде, бүгін елде 111 мың бас асыл тұқымды ангус бар. Қазіргі кезде Румыния өз малын шетелдік нарықтарға, соның ішінде Қазақстанға белсенді экспорттап жатыр. Бұл туралы қауымдастық директоры, Румынияның бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі, фермер Гочиман Иоанн өз презентациясында айтты.
Қазақстан фермерлері үшін асыл тұқымды малды жеткізуші ел ретінде Чехия да танылып келеді. Чехияның етті мал шаруашылығы қауымдастығының ұсыныстары жайында қауымдастықтың атқарушы директоры Камил Малат айтып берді. Оның айтуынша, Чехияда 10 млн халыққа шаққанда асыл тұқымды 600 мың бас болғанына қарамастан, чех фермерлері өз малын тиімді бағада экспорттауға мүдде танытып отыр. «Мал ішкі нарыққа жетпей қалады деп алаңдамайсыз ба?» деген сұраққа ол: «Жоқ, мал жетпей қалады деп қорықпаймыз. Егер тиімді бағада сұраныс болса, бұл жайт біздің фермерлеріміз үшін мал басын көбейтіп, табыс табуға стимул болады Мысалы, АҚШ жылына шамамен 92 млн ірі қара мал басын экспорттайды, шамамен осындай көлемде импорттайды. Бұл өз шикізатын шығару емес, ішкі нарықты қажетті өніммен толтыру үдерісі», деп жауап берді.
Ал Қазақстан ет одағының төрағасы А.Мамытбеков 19 млн халқы және 8 млн ірі қара мал басы бар Қазақстанда экспорт пен импорттан бас тарту – сала мүмкіндіктерін жете түсінбеу екенін айтты. Сондықтан фермерлерге қолдау білдіріп, мал шаруашылығын дамыту үшін ет шығаратын нарыққа тосқауыл болмау керек. Осы мәселені мемлекет қолға алса, дейді фермерлер.