• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
ANTIKOR 01 Шілде, 2022

Шымкентте 58 парақорлық фактісі тіркелген

302 рет
көрсетілді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті бірінші жартыжылдықта 76 қылмыс тіркеген, оның 90%-ы сыбайлас жемқорлық сипатында, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өткен жылмен салыстырғанда сыбайлас жемқорлықты анықтау екі еседен астам өскен, яғни 33 қылмыстан 71 сыбайлас жемқорлық фактісіне дейін артып отыр.

Салалар бойынша анықталған қылмыстардың ең көп саны құқық қорғау блогында – 30 факт, сонымен қатар денсаулық сақтау саласында – 27, құрылыс – 6, мәдениет – 5, білім саласында – 3 және әлеуметтік қамтамасыз ету саласында 1 қылмыс тіркелген. Тіркелген қылмыстардың ішінде парақорлық – 58 (пара алу – 21, беру – 33, делдалдық – 4), жымқыру – 11 және өкілеттігін теріс пайдалану фактілері басым.

Бұл деректерді полиция қатарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлескен күрестің аралық нәтижелері бойынша өткен брифингте Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дәурен Қожабаев пен Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Мұрат Алтаев мәлім етті.

Спикерлердің айтуынша, биыл полиция департаменті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлескен жедел іс-шаралар барысында патрульдік полиция полкінің бірқатар қызметкерлері ұсталды. Олар 2018 жылдан бастап анықтау шараларында болған. Яғни, төрт жыл ішінде жедел уәкілдер барлық қажетті дәлелдерді жинаған. Нәтижесінде, осы жылдың сәуір айының соңында жедел іс-шараларды жүргізіп, полк қызметкерлерін ұстауға мүмкіндік болды. Олар пара беру және алу жайттарына қатысы бар деген күдікке ілінді.

Брифингте сәуірде қызмет бабындағы қамқорлығы үшін қарамағындағы қатардағы офицерлерден 174 мың теңге мөлшерінде пара алғаны үшін 4-ротаның командирі ұсталғаны деректердің бірі ретінде айтылды.

Сондай-ақ рота командирі заңда көзделген демалыс күндерін бергені үшін қол астындағылардан 2 мың теңге мөлшерінде жүйелі түрде пара алған.

Жоғарыда көрсетілген фактілер бойынша қылмыстық қудалауға 30-дан астам полиция қызметкері мен олардың сыбайластары тартылған, оның ішінде 4 айыпталушы соттың санкциясымен қамауға алынған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Ішкі істер министрлігі қол қойған өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында өзара қызығушылық тудыратын ақпарат алмасу, бірлескен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне мониторинг және талдау жүргізу көзделген.

Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау полиция департаментінің көші-қон қызметінің жұмысына жүргізілуде.