Дәрігерлер – қоғамдағы адамдардың денсаулығын күзетіп, мемлекеттің алға жылжуына үлес қосушы бірден-бір мамандық иелері. Дәрігерлік сала тек іспен емес, сөзбен де терең тамырласып жатады. Өйткені «дәрігер науқасты жартылай іспен емдесе, жартылай сөзбен емдейтіні» талассыз ақиқат. Алайда кейбір науқастардың ақ халатты абзал жандардың салыңқы қабағы мен тұнжыр, немқұрайды көзқарасынан дертіне дерт қосып, көңілі жараланып жататынын да естиміз.
Бұған не себеп? Мұның соңында кейбір дәрігерлердің қарым-қатынас әдебіне жөнді мән бермеуі жатса керек. Көне Иран даналығында «Дәрігердің үш қаруы бар: сөз, шөп және пышақ» деп айтылады. Бұл жердегі сөздің бірінші орынға қойылуы тегіннен-тегін емес. Яғни «дәрігердің науқас психикасына, оның ойына, көңіл күйіне, ерік-жігеріне ықпал етуі – ең басты қаруы». Қайсыбір кезеңде де білікті дәрігерлер бұл қағидатты жадында ұстап, науқастармен тиісті дәрежеде сөйлесіп, қарым-қатынас құра білген. Конфуций айтқандай, «бір сөзбен адамды дана немесе ақымақ деуге болады. Сондықтан әрбір сөзімізге абай болғанымыз жөн».
– Медицина мамандарын науқастармен қарым-қатынас жасау жайлы арнайы университет қабырғасында жүрген студент кезінен медициналық деонтология пәнімен таныстырады. Содан бастап университетті бітіргеннен кейін дәрігерлік қызметке орналасқаннан соң да медициналық деонтология және пациентпен дұрыс қарым-қатынас жасау туралы курстар бар. Медицинаның қай саласы болсын, бірінші сабақ барысынан медициналық деонтология жайлы мәлімет беріледі. Кейде дәрігерлердің агрессивті күйі көрініп жатса, бұл мәселеге екіжақты қарау керек деп есептеймін. Тек қана дәрігерлердің тарапынан агрессивті мінез көрсетілуі мүмкін емес. Өйткені өз басым дәрігерлердің агрессивті мінезі жайлы пікірлерді естіген жоқпын. «Ауырған адам қыршаңқы» дегендей, көбіне бұл пациенттердің дұрыс қарым-қатынас жасамауы салдарынан туған пікірталас деп ойлаймын, – дейді №3 қалалық емхананың дәрігері Динагүл Аллабергенқызы.
Расында, мәселеге екіұшты қарар болсақ, емделушілердің бәрі бірдей этика талаптарын сақтай бермейтіні анық. Көбіне дертке шалдыққаннан соңғы күйзеліс жағдайында, әртүрлі ауруға тап болып, арып-ашып келетін науқастардың көңіл күйінен нақты бір темперамент күту де қиын. Ежелгі даналықтың бірінде адамның шын бет-бейнесі үш жағдайда көрінетіні жайлы айтылады. Соның бірі – ауруға шалдыққан сәтінде делінген. Мұндай аума-төкпе сәттерде ақылы мен сабырын серік етіп, қандай сөзге де шарасыз бас изейтін дәрігерлер қауымын кейде мақтан тұтасыз.
Осы орайда жоғары санатты педиатр Раушан Құлжабаева дәрігер мен науқастың қарым-қатынасы жөнінде әңгіме өрбітті.
– Аурудың жақсысы жоқ. Десе де, емі өте қиын жүретін, уақыт пен күтімді талап ететін аурулар кезінде науқастардың күйгелектікке ұрынатыны белгілі. Алайда бұл процесс әр науқаста әртүрлі байқалады. Себебі ол адамның өзінің психикалық қабылдауына байланысты. Аурудың қаншалықты жеңіл түрде өтетіні, науқастың қасында қолдайтын адамдарының бар-жоғы, әлеуметтік жағдайы – осының бәрі психикалық түрде науқасқа әсер етеді. Мұндай науқастармен қарым-қатынас жасағанда ең бірінші сол науқастың дәрігерге деген сенімі артуы керек. Дәрігердің әрбір сөзі ем болуға тиіс. Яғни сол дәрігердің сенімділігін науқас сезінген кезде, ауруды жеңуіне көмек берген кезде ғана емделуші кез келген үрейді жеңе алады. Сенімділік деген дерттен жүз пайыз айығатынына кепілдік беру емес, сенімділік деген дәрігер мен науқастың арасындағы түсіністікті қалыптастыру. Міне, науқаспен ашық сөйлесу барысы мен дәрігердің сенімі жоғары болғанда ғана науқастың өзіне деген сенімі арта түседі. Кез келген пенденің жауапкершілікті басқаға артып, «бәрі жақсы болады» деген ғажайып сөзді күтіп жүретіні белгілі. Қажетті сөздерді айтып жүрегіне жеткізу – бұл дәрігердің басты борышы, – деді Р.Құлжабаева.
Шынында, адам ауырған шақта мінезі өзгеріп, эмоциясын басқара алмайтын халде болатынын жиі байқаймыз. Тіпті кейде мұның соңы ушығып, асқынып та кетіп жатады. Мамандар осындай күрделі жағдай көптеп кездесетінін айтады. Кез келген ауру түрін алсақ та, тіпті тұмау болсын адамның психикалық қабілетін өзгертеді. Мәселен, онда дене қызуы пайда болып, әлсіздік бойын басады және әрі-сәрі көңіл күйге түседі. Адам сау кезінде жылдам ойланып, әр затты жылдам таразылай білсе, ал оған вирустық инфекция жұққан кезде өзін жаман сезініп, баяу ойлана бастайды. Көзқарасы өзгеріп, әртүрлі кері ойға қамалады. Мамандар жоғарыда айтылған ұйқы жетіспеушілігі, өзіне деген көзқарастың төмендеуі сынды жағдайлардан зардап шегіп, қалыптан тыс мінезбен науқастардың алдына келетінін айтады. Мұндай кезде өмір мен өлім арасында майданда жүрген сарбаздай арпалысқан дәрігерлер қауымына кінә тағу рабайсыз іс екені айқын. Керісінше, қай ортада да әркім мінез сауытына тиісті деңгейде бас-көз болып, кінәні өзінен ғана іздей білсе, қоғамның ертеңі жарқын болары сөзсіз.