Қызылорда облысында Конго-Қырым қанды безгегіне шалдыққандар саны 15-ке жетіп отыр. Оның 8-і зертханалық жолмен нақтыланғанын жеткізген сала мамандары облыс тұрғындарын зиянкестерден қорғанып жүруге шақырды. Олардың айтуынша, сырқаттанғанның көпшілігі ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген.
– Олардың 70 пайызында клиникалық белгілер болғанымен дәрігерлерге дер кезінде қаралмағаны белгілі болып отыр. Қазір ауруға шалдыққан азаматтарға тиісті ем жүргізілуде. Бүгінде облыста ауру қоздырушы кененің 16 түрі бар. Олардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Конго-Қырым қанды безгегінің белсенділігі, әсіресе мамыр және маусым айларында қатты байқалады, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатқандардың бәрі – соңғы аптада ауырғандар. Оларға ауруханаға келген күннен бастап арнайы препараттар беріліп, 3 рет зертханалық тексерістен өтті. Аурухана бас дәрігерінің орынбасары Айна Мұхамбетова Конго-Қырым қанды безгегінің басты белгілері байқалса жедел түрде медициналық тексерістен өту қажетін айтады.
Қызылорда облысы