Саясаттанушылардан сауатты сараптама күтіледі
Бұрнағы күні Астанадағы Назарбаев Университетінде «Қазақстан – 2050»: іске асырудың алғашқы қорытындылары және өзекті проблемалары» деген тақырыпта Қазақстан саясаттанушыларының конгресі өтті. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев Конгреске қатысушыларға арналған кіріспе сөзінде алдымен Елбасы Н.Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Құрметті Конгресс қатысушылары! Қазақстандық саясаттанушылардың жетінші конгресі еліміздің ХХІ ғасырдағы экономикалық, саяси және әлеуметтік жаңғыруының басты бағыттары көрсетілген «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың алғашқы қорытындыларына арналып отыр. Стратегияны жүзеге асырудың маңызды индикаторы әлемнің барынша дамыған 30 елінің қатарына кіру болып табылады. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін барша қазақстандықтардан зор жауапкершілік күтіледі, барша зияткерлік ресурстардың ұтқырлығы талап етіледі. Осынау басты процесте саяси қоғамдастыққа зор рөл жүктеледі» – делінген құттықтауда. Елбасы сондай-ақ, өз құттықтауында «Қазақстан – 2050» Стратегиясының тиімді жүзеге асуынан еліміздегі әрбір азамат пен болашақ ұрпақтың әл-ауқаты тәуелді екенін атап көрсеткен. Президент конгрестің мамыр айында Астана қаласында өтетін Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қою рәсімінің қарсаңында ұйымдастырылуы да айрықша мәнді екенін атаған. Сондай-ақ, форумда ұсынылған идеялар мен ұсыныстар Стратегияны жүзеге асыру аясында мемлекет пен азаматтық сектор арасында тізе қосып атқаратын жаңа форматты іс-әрекеттердің пайда болатынына сенім білдірген. Президенттің құттықтауын оқып берген соң Б.Майлыбаев өз баяндамасында Стратегияға қатысты ойларымен бөлісті. «Стратегия – таяудағы 36 жылға арналған. Ол айналасына бүкіл халық шоғырланып отырған басты саяси міндет – жаңа саяси болашағымыздың дамуы қалай болады, басқаша айтқанда, ғаламдық трендтерді есепке алғанда, Қазақстан және қазақстандықтар қалай дамиды деген сұраққа жауап береді. Стратегия – Қазақстанның және қазақстандықтардың ХХІ ғасырға жаңа бірыңғай көзқарасы. Бұл – біздің ортақ болашағымыздың форсайт-жобасы. Ол экономиканы ауқымды жаңғыртудың барлық міндеттерін және қазақстандықтардың әлеуметтік өмірінің барлық қырларын қисынды түрде біріктіреді. «2050 Стратегиясы» Қазақстанның ықпалдастық үдерістеріне, ең алдымен еуразиялық ықпалдастыққа қатысуының маңыздылығын да көрсетеді. Еуразиялық экономикалық одаққа қатысу – Қазақстан үшін жаңа мүмкіндік», – деді Б.Майлыбаев. Ол сондай-ақ, бүгінгі таңда әлемде ұзақ мерзімді даму жолына түскен елдердің қатары сирек, оның ішінде Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея сынды елдер ғана жақсы жетістіктерге жеткенін мәлімдей отырып, дамудың даңғыл жолына түскен елдің бірі Қазақстан екенін де атап өтті. Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Стратегияның ғылыми мәнін онда алдымен мемлекеттің болашағы, жекелеген адамның болашағы және әлемнің болашағы қамтылатындығымен түсіндірді. «2050 Стратегиясындағы ең басты мақсат – ХХІ ғасырдың орта тұсында әлемнің дамыған отыз елінің қатарына кіру. Ол үшін біздің қазіргі шынайы мүмкіндіктеріміз есептелген. Өздеріңіз білесіздер, 2006 жылы нақты параметрлер бойынша Қазақстанның алдында елу елдің қатарына кіру міндеті тұрған болатын. Еліміз бұл межеге жеті жылдың ішінде жетті. Қазіргі жағдайда экономиканы, әлеуметтік кеңістікті жаңғыртуға және мемлекеттік институттарды дамытуға байланысты жасалатын барлық саяси қадамдар біздің жол картамыз болады деп есептеймін. Сондай-ақ, оны жүзеге асыруда экономикалық прагматизм мен азаматтардың лайықты еңбегі негізгі ұстаным болуға тиіс» – деген Бағлан Майлыбаев әлемдегі дамыған мемлекеттердің бірқатары негізгі әлеуметтік даму стратегияларын соғыстан кейінгі қиын жылдарда жүзеге асырғанын тілге тиек етіп, өткен ғасырдағы АҚШ-тың «Ұлы қоғам», Францияның «Даңқты отыз жыл», Ұлыбританияның мемлекет пен кәсіподақ міндетін дәл анықтаған бағдарламалары жайлы өз ойымен бөлісті. Негізгі баяндамашыдан кейін сөз алған «Назарбаев Университеті» АҚ президенті Шигео Катсу бірегей жоба болып табылатын «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру барысында университет нендей міндеттерді орындағаны туралы баяндады. «Назарбаев Университетіне Ұлттық сараптама орталығымен, халықаралық тәуелсіз сарапшылармен бірлесе отырып бірнеше зерттеулер жүргізу тапсырылған болатын. Бұл орайда біз бірнеше сала бойынша зерттеу жүргіздік. Басын ашып айтатын нәрсе, макроэкономикадағы ең маңызды ауыл шаруашылығы және қаржы секторлары туралы зерттеу жүргізе алмадық. Бірақ, Елбасы жиі айтатын адам ресурстарын дамыту, яғни, медицина және әлеуметтік жүйе мәселелері мен саяси институттарды дамыту мәселелері туралы тақырыптарды біршама зерттедік. Әрине, сіздер үшін 2050 жылға дейін әлі көп уақыт бар сияқты көрінгенмен, шын мәнінде бұл көзді ашып-жұмғанша өте шығатын мерзім. Сондықтан, алға қойылған міндеттерді нақты қарастырып, оларды уақтылы орындауға тырысу қажет дегім келеді. Соңғы кезде біздің қоғамның лексиконындағы ең жиі қолданатын сөздің бірі «бәсекеге қабілеттілік». Бәсекеге қабілетті мемлекет – өмір сүру деңгейі жоғары мемлекет. Назарбаев Университеті еліміздің болашағына қатысты өз зерттеулерінде алдағы қауіп-қатерлерді де ескеріп отыр. Мысалы, Қазақстан жері мол болғанымен, халқы аз ел. Бұл да болашақта қиындық тудыратын мәселенің бірі болғанымен, негізінен қоғамның дамуы тұрақты болады және алда кездесетін ауыртпашылықтарды жеңіп шығуға қауқарымыз бар. Әрине, бұл менің жеке пікірім емес, бірлесіп жасаған зерттеудің нәтижесі», деген Шигео Катсу саясаттанушылар мен өз сөзінде «орасан зор жоба» деп атап өткен «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыруға қатысты ойларымен бөлісті. «Осы жылдардың ішінде қаншама жетістікке жеттік. Оны тізбелеп шығу оңай болғанымен, сол жетістіктердің артында қаншама күш-жігер, тәжірибелер мен жылдар тұрғанын ұмытпау керек. Меніңше, саясаттанушылар мынау орасан зор жобаны іске асыру туралы өз көзқарастарын ортаға салып, саясаттанушылар қоғамдастығымен пікірталасқа түсе алса, осының өзі үлкен үлес деп есептеймін. Сондықтан барлық саясаттанушыларды осы диалогқа қатысуға шақырамын», деді ол. Жиында Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қуаныш Сұлтанов, Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының президенті Есенжол Алияров, Қазақстандағы шекара маңындағы ынтымақтастық қауымдастығының өкілі Марат Шибұтов және басқалар сөз сөйледі. Олар Қазақстанның стратегиялық бағдары мен ұзақ мерзімді болашақты жоспарлау көкжиегін кеңейтудің негізгі бағыттарын айқындап берген «Қазақстан-2050» Стратегиясының зор маңызы мен тарихи сипатын атап көрсетті. Сонымен бірге, саяси дамудың өзекті проблемалары талқыланатын беделді пікірталас алаңдарының рөлін арттыру қажеттігіне баса назар аударды. Конгрестің ресми бөлімі аяқталған соң саясаттанушыларға «Саяси процесті болжау және модельдеу: саяси ғылымдар саласындағы талдамалық және сараптамалық жұмыстардың практикалық қырлары» және «Саяси пікірталас мәдениеті: заманауи нысандары мен әдістері» деген тақырыптарда практикалық тренинг өткізілді. Іс-шара қорытындысында еліміздің саясаттанушылар қоғамдастығына ұсыныстар берілген қарар қабылданды. Аталған құжатта халықтың қазіргі заманғы саяси үдерістер туралы хабардарлығын арттыруға жағдай жасау, саясаттанушылардың жобалары мен саяси ғылымдар саласындағы қызмет нәтижелерінің банкін құру, отандық ғалымдардың ғылыми нәтижелерін тарату сынды өзекті мәселелер көрсетілген. Айта кетейік, іс-шараға Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, халықаралық сарапшылық ұйымдардың, жастар бірлестіктерінің өкілдері, сондай-ақ 150 шақты отандық саясаттанушылар қатысты. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ. Лебіздер легі«Қазақстанның кемесі алға жүзеді»
Юрий СОЛОЗОБОВ, Ұлттық стратегиялар институтының халықаралық жобалар жөніндегі директоры (Ресей). Саясаттанушылар конгресінің дәл осы Астанадағы Назарбаев Университетінде Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы аса маңызды құжатқа қол қойылар датаның қарсаңында өтуінің символикалық мәні бар. Бұл ел Президентінің саяси институттарды дамытуға қаншалықты назар аударып отырғанын көрсетеді. Ал аталмыш институттар арасында саяси сараптамалар және саясаттану қоғамдастығының институттары да маңызды рөл атқарады. Жалпы, менің ойымша, Қазақстанның саясаттану қоғамдастығы тәуелсіздік жылдары буыны бекіп, нығая түсті. Соның ішінде саясаттанушылар «балғындық кезеңде жиі шалдығатын» сыңаржақтық ауруынан, батыстық стандарттарды көшіріп алудан айналып өте алды. Саясаткерлер Қазақстанды дамыту мен жаңғыртудың шынайы жолын өз беттерінше іздеп, зерделеді, ал бүгінгі күні осынау бағытты әлем елдері «Қазақстан жолы» деп атап кетті. Осының барлығы билік тарапынан белгілі бір деңгейде жоғары бағаланды. Қазақстандық саясаттанушылар қоғамдастығын әбден қалыптасқан деп айтуға болады. Олар енді құрылымын жетілдіріп, сапалық жағынан өсуі тиіс. Қазақстан өз дамуында «Қазақстан-2050» аталатын ұзақ мерзімді даму стратегиясын жасап отырған аз ғана елдің бірі. Ал, посткеңестік кеңістіктегі осындай ұзақ мерзімді стратегиялар арқылы даму жолына түскен жалғыз ел. «Қазақстан-2030» Стратегиясы да біздің есімізде. Ондағы міндеттер еңсерілген соң Президент болашақтағы үш онжылдықта атқарылуы тиіс міндеттер жобаланған «Қазақстан – 2050» Стратегиясын ұсынды. Бұл Қазақстанды дамыған елдердің қатарына кіргізуге, оның ішінде әлемдегі дамыған отыз елдің қатарынан орын алуға бағытталған ауқымды стратегия. Стратегияның екінші бір маңызды тұсы – Назарбаевтың оны саяси топтармен, азаматтық қауымдастықтармен жария және ашық түрде талқылап отырғаны. Бұл Президенттің жеке басына емес, елдің тұрақты дамуына қажет дүние. «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру – болашаққа нық қадам. Президент үш онжылдықты алдын-ала жоспарлап, ұсынды. Тек қана Назарбаев сияқты болашақты көре алатын, жаһандану дәуірінде өтіп жатқан бүкіл үдерістерді ой елегінен өткізе білетін, ең бастысы, болашақты басқара алатын адам ғана өз халқына құт әкеледі. Сондықтан, менің ойымша, Қазақстанның кемесі тек қана алға жүзеді.Ғылыми база құрудың маңызы зор
Ақан БИЖАНОВ, Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы. – Саясаттанушылардың кезекті конгресі «Қазақстан – 2050» Стратегиясының алғашқы қорытындыларын шығаруға арналып отыр екен. Стратегия бойынша ауыз толтырып айтатын қандай жұмыстар атқарылды? – Стратегияның жүзеге асырыла бастағанына жылдан астам уақыт өтті. Біз бұл жиында тек өткенге сараптама жасамаймыз, сонымен бірге, болашаққа міндеттер жүктеледі. Атқарылған істерге келсек, ең бірінші, Жолдаудың Қазақстан халқы тарапынан үлкен қолдауға ие болғанын атар ем. Бұл ең маңыздысы. Екіншіден, үдемелі индустриялық-инновациялық даму, «Бизнестің жол картасы-2020» сынды мемлекеттік бағдарламалар мақсатты түрде жүзеге асырылуда. Ғылыми технологиялар енгізілген соң көптеген мәселелер өз шешімін табуда. Ал, мұның барлығы Елбасының Жолдауында, яғни, Стратегияда анық көрсетілген мәселелер болатын. Сондай-ақ, қоғамда орта буын құруда негізгі рөл атқаратын шағын және орта бизнесті дамыту бағытында да айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Саясаттанушы ретінде мен мұны кез келген мемлекет тұрақтылығының негізі дер едім. Осы кезең ішінде еліміздің сот-құқықтық жүйесін реформалау бойынша да мақсатты жұмыстар жүргізілгенін атап өтуге болады. Аталған жүйені толығымен реформалауды қарастыратын бірқатар заң жобасы Парламентке келіп түсті. Бұдан бөлек, ел ішінде Қазақстан халқының бірлігін, республикамыздың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар өз дәрежесінде жүріп жатыр. Мәдени сипаттағы бірқатар мәселелер өзінің оң шешімін табуда. – Болашаққа арналған Стратегияны жүзеге асыруда саясаттанушыларға қандай міндеттер жүктеледі? – Саясаттанушылардың алдында зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру барысында заманауи қауіп-қатерлерді алдын-ала болжай алатын ғылыми база құру жұмысы тұр. Олар сондай-ақ, мемлекетіміздің дамуы мен тұрақтылығына кесірін тигізетін зиянды діни ағымдарға ескерту жасап, ұлтаралық, дінаралық қарым-қатынастарды, жастар саясаты мен мәдени саясатты реттеп отыруы керек. Сондай-ақ, саясаттанушылар қоғамдастығы біріктірушілік зор мәнге ие «Мәңгілік Ел» отансүйгіштік бағдарламасын жүзеге асыруға қатысуы керек деп ойлаймын. Қорыта айтқанда, әлемнің барынша дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін саясаттанушылар өз үлесін қосу қажет.Саясаттанушылар – үлкен саясаттың тамыршысы
Камал Бұрханов, Парламент Мәжілісінің депутаты. Елбасы осыдан бір жарым жылдай уақыт бұрын «Қазақстан-2050» Стратегиясын, еліміздің ары қарайғы даму жолын белгілеп берді. Оны саясаттанушылар, сарапшылар, әлеуметтанушылар,басқа да түрлі саланың ғалымдары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бірігіп зерттеуі тиіс. Қай жерде жетістігіміз бар, көзге оқшырайып көрініп тұрған кемшілік қайсы дегенді осы бастан сараптап, қоғамға мәлімдемесе, ертең бес-он жыл өткеннен кейін ол туралы айту орынсыз болады. Біз бүгін Стратегияның бір жылдан аса уақыт ішіндегі орындалу барысын жете талқылау үшін жиналып отырмыз. Мақсат – билікке, қоғамға мағлұмат беру. Бұл жерде талай ұсыныстар жасалатыны белгілі. Біз сол айтылған ұсыныстарға сүйеніп, өз жолымызды түзетіп отыруымыз керек. Сондықтан бүгінгі кездесу маңызды және орынды деп ойлаймын. Стратегияға келер болсақ, оны іске асырушы, ең алдымен Қазақстан азаматы. Яғни, қоғамдағы әрбір адам осының маңызын жете түсініп, болашақтағы дамыған қоғамды жан-тәнімен қалау керек. Қазіргі таңда бізде осыған байланысты үлкен жұмыс орын алды. Өйткені, «Қазақстан – 2050» Стратегиясын халықтың басым бөлігі қолдап әрі оған сеніп отыр. Екіншіден, биылғы Жолдауда Елбасымыз Стратегияға қатысты көп нәрсені анықтап берді. Жеті бес жылдыққа бөліп, қай бесжылдықта не істеуіміз керек деген мәселені айқындады. Тіпті, сол әр бесжылдықтың өзінің мақсаттары мен шешетін проблемалары бар. Бұл жерде Үкімет не істеу керек, қай министрлік не істеу керек, партия не істеу керек, тіпті жергілікті билік не істеу керек деген мәселенің бәрі Жолдауда айқын белгіленген. Жиында осы туралы да әңгіме болады деп ойлаймын. Сонымен бірге, Жолдауда Елбасымыз бір жағынан күрделі, екінші жағынан зор мағынаға ие, көптің көңілінен шығатын «Мәңгілік Ел» идеясын айтты. Ол идеяны қоғам күткен еді. Мемлекетіміздің бес жүз жылдық ғұмыры бола ма, мың жылдық ғұмыры бола ма, ол уақыттың еншісінде. Дегенмен, біз ұрпақтарға осы «Мәңгілік Ел» идеясын мұра етіп қалдыруға мүдделіміз. Түсіне білгенге «Мәңгілік Ел» – үлкен құндылық. Енді осының теориялық, методологиялық жағын зерттеуіміз керек. Осы жұмыстарда саясаттанушылардың да рөлі басым болуы тиіс.