• RUB:
    4.97
  • USD:
    493.85
  • EUR:
    519.04
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Шілде, 2022

Ұлттық банк өкілі валютаның қазіргі ахуалын түсіндірді

248 рет
көрсетілді

Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов валюта нарығындағы қазіргі жағдайын түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оның пайымынша, дамыған және дамушы елдердің валюталары инфляция мен геосаяси тұрақсыздыққа қарсы күрес аясында қысымға ұшырап отыр. Ұлттық валюта да орнығып қалған ішкі факторларға байланысты және сыртқы өзгерістердің әсерінен құбылмалы күй кешуде.

«Доллардың ресми бағамы ай басынан бері 12,16 теңгеге немесе 2,6%-ға әлсіреп, 8 шілдеде 477,24 теңгені құрады. Бұл орайда, АҚШ долларының жаһандық нығаюы, энергия тасымалдаушылар бағасының төмендеуі, сондай-ақ Қазақстандағы Каспий құбыры желісі консорциумының теңіз терминалы қызметін тоқтата тұру тәуекелдері, сол себептен нарыққа қатысушылар сентиментінің нашарлауы, қазақстандық компаниялардың импорттық операциялары теңге динамикасына әсер еткен негізгі факторлар болды. АҚШ қазынашылық облигациялары кірістілігінің өсуі мен АҚШ долларының нығаюы дамыған, сол сияқты дамушы елдердің валюталарына қысым жасады», деді ол.

Нұржан Тұрсынхановтың мәліметінше, DXY индексі 7 шілдеде 107,13 деңгейіне дейін, яғни 2,3%-ға өсті, ал JPMorgan дамушы елдері валюталарының индексі 3,3%-ға әлсіреді. Еуроның АҚШ долларына қатысты 1,016 деңгейіне дейін әлсіреуі шамамен тепе-теңдікке жетіп, елеулі жағдай орын алды.

«7 шілдедегі жағдай бойынша, Brent маркалы мұнай бағасы ай басынан бері 8,8%-ға төмендеп, барреліне 104,65 АҚШ долларын құрады. Мәскеу биржасындағы Ресей рублінің бағамы ай басынан бері 20%-ға әлсіреп, 61,95 деңгейінде қалыптасты. Ішкі факторлар арасында импорттық операцияларды жүзеге асыру үшін валютаға сақталып отырған сұраныс, сыртқы борыштарды өтеу, сондай-ақ жеке тұлғалар тарапынан шетел валютасына тұрақты сұраныс теңге динамикасының негізін қалады», деді Ұлттық банк өкілі.

Жалпы алғанда, энергия тасымалдаушылар бағасының төмендеуіне байланысты нарыққа қатысушылар сентиментінің нашарлауы байқалады. Еркін өзгермелі бағам жағдайында теңге үшін құбылмалылықтың орын алуы – нарықтағы қалыпты жағдай. Маманның айтуынша, ай басынан бері Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ. Бұл ретте қаржылық тұрақтылыққа төнетін қауіпті болдырмау үшін ведомство шамадан тыс бағам құбылмалығы кезінде валюта сауда-саттығына араласу құқығын өзіне қалдырады.

«Қысқа мерзімді перспективада теңге динамикасы импорттық операциялар мен демалыс маусымы аясында қатысушылар тарапынан шетел валютасына сұраныстың артуына байланысты болады. Көршілес өңірлердегі геосаяси ахуал, сондай-ақ әлемдік нарықтардағы жағдайлар дамушы елдердің валюталарына қатысты инвесторлардың жалпы сентиментіне ықпалын сақтайды», деді Нұржан Тұрсынханов.

Ұлттық банк теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастыра береді.

Аяна Тоғанбек

Соңғы жаңалықтар