Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Түркістан облысына жұмыс сапары барысында өңір тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Бұл жиында ведомство басшысы 500-ден аса тұрғынның сауалына жауап берді.
Оқу-ағарту министрінің өңір тұрғындарымен есеп беру кездесуі үш сағатқа созылды. Онда халықтың көбін жүйелі мәселелер емес, жергілікті білім беру қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың ден қойып, назар аударуын қажет ететін жеке мәселелер толғандыратынын байқалды. Бұл туралы министр Фейсбуктегі парақшасында жазды.
«Сонымен қатар Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуде аудандық бөлімдер мен облыстық білім басқармаларының Оқу-ағарту министрлігіне бағынуының маңыздылығы, директорларды ротациялау, мектептердегі педагог-ассистенттер санын көбейту, колледждерді бейінді министрліктің тікелей басқаруына беру, мектептер мен балабақшаларды жабдықтау үшін жергілікті бюджеттен қаржыландырудың жетіспеушілігі туралы мәселелер көтерілді. Бұған қоса сот шешімдерінің апелляциясына және еңбек дауларына қатысты да сұрақтар қойылды. Көптеген сұрақ облыстағы мұғалімдер мен мектеп директорларының қарым-қатынасына қатысты болды. Мұндай антирейтингте Түркістан облысы республика бойынша «көшбасшы» саналатынын атап өткім келеді. Білім бөлімдері мен білім беру ұйымының басшылары осы бағытта тиісті жұмыс жүргізуі қажет», деді А.Аймағамбетов.
Оның айтуынша, мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру бөлігінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты шағымдар болды. Енді бұл ақпарат зерттеліп, тексеру қорытындысы бойынша шара қабылданады.
Сонымен қатар А.Аймағамбетов биыл білім саласында жаңа жоба жүзеге асатынын мәлімдеді. Республика көлемінде білікті, білімді педагогтер іріктеліп, мұғалім тапшылығы бар аймақтарға жіберіледі. Жоба алғашқыда Атырау, Маңғыстау, Алматы, Түркістан облыстарында өтеді.
Сондай-ақ министр биылдан бастап мұғалімдерді жұмысқа қабылдау жаңа ережеге сай жүзеге асатындығын жеткізді және мектеп директорларын ротациялау ісі алдағы уақытта жалғасатындығын айтып өтті.
«Енді мұғалімдерді жұмысқа қабылдауды директорлар шешпейді. Бұл жұмыс үміткерлердің нақты жинаған балдары бойынша, конкурс арқылы, сандық жүйемен іске асады. Республика бойынша 500-ге жуық директор ротациялаудан өтті. Менің ойымша өте қажетті шара. Заңға сәйкес ротация институтын жалғастырамыз», деді ол.
Жиын барысында министр 1 қыркүйектен бастап білім саласына енгізілетін жаңалықтарды атап өтті. Яғни биылғы оқу жылынан бастап қазақ мектебінің бірінші сыныбына барған балалар тек қазақ тілінде білім алады.
«Мұның алдында бірінші сыныпқа барған бала ағылшын тілінің әліппесін оқу керек болды. Орыс тілінің әліппесін, қазақ тілінің әліппесін оқу керек болды. Бұл 6 жастағы бала үшін қиын. Баланы дамыту үшін ана тілін үйретіп алған өте маңызды. Біз сол шешімді қабылдадық. Биылдан бастап қазақ тілді мектепке барған балалар, тек қаза тілінде жазып, үйренетін болады», деді А.Аймағамбетов.
Сондай-ақ министр педагогтердің мәртебесін көтеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтиже бере бастағанын жеткізді.
«Мұғалімдерді өздеріне тән емес жұмыстардан босаттық. Жалақысы өсті. Қазір бұл мәселе негізінде шешілді. Соның ішінде әртүрлі құжат, әртүрлі есеп тапсыру бойынша үлкен проблема болды. Жалпы, мен қол қойған бұйрық бойынша педагог біріншіден күнделікті электронды журналға баға қояды. Екіншісі күнделікті оқу жоспарын дайындайды. Бітті, басқа ештеңе болмауы керек. Кімде-кім осы бұйрықты бұзатын болса, онда біз оларды қатаң жауапкершілікке тартамыз. Алдыңғы жылы осы бағытта 700-ге жуық адам түрлі жауапкершілікке тартылды», деді министр.
Ведомство басшысы есеп беру кездесуінде қойылған сауалдың барлығына жауап бергеннен кейін аудандардың, қалалардың білім бөлімдері мен колледж басшыларымен жеке жиын өткізді.
«Қорыта келгенде, облыстың білім беру саласында шешілмеген бірқатар мәселе бар. Түркістан облысы Білім басқармасының қазіргі басшысының облыс басшылығы шешімімен тағайындалғанына аз ғана уақыт болды. Енді оның алдында қордаланған мәселелерді шешу бойынша маңызды міндеттер тұр. Түркістан облысының тұрғындарына уақыт бөліп, кездесуге келгендері және білім саласына бейжай қарамағаны үшін алғыс айтамын», деді А.Аймағамбетов.
Оқу-ағарту министрі осы сапары кезінде Түркістан облысындағы алты ауылға барып, жеті мектептің жұмысымен танысты. Соның ішіндегі екі мектеп басшысының жұмысын төмен деп бағалады.
«Өз құзыреттеріндегі міндеттерін орындауына және қажетті жұмысты ұйымдастыруларына қатысты сұрақтар бар. Сондай-ақ мектептердің біріндегі кітапханашыға «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша атқарып жатқан жұмысы үшін алғысымды айттым. Тағы екі мектепте осы жоба бойынша жұмыс тиісті деңгейде орындалып отырған жоқ. Мектеп басшыларының аттестациядан өту мерзімі өтіп кетсе де, кейбір облыс аудандарында 5 жылдан астам уақыт бойы аттестация өткізілмеген. Осы облыстың басқа да білім беру ұйымдарының жұмысымен танысамын», деді А.Аймағамбетов.
Түркістан облысы