Қостанай облысындағы Притобольская станциясының реттелетін темір жол өткелінде жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды Egemen.kz «Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«11 шілде сағат 14:35-те Қостанай облысының Тобыл - Құсмұрын учаскесіндегі Притобольская станциясының реттелетін темір жол өткелінде жол-көлік оқиғасы болды. Куәгерлердің айтуынша, «Жигули» маркалы жеңіл көлік жүргізушісі тоқтап тұрған машиналарды айналып өтіп, темір жолға шыққан. Сол сәтте жүк пойызы келе жатқан», делінген хабарламада.
Жол апатынан зардап шеккендер бар. Оқиға орнында полиция жұмыс істеп жатыр. Пойыз сағатына 57 км жылдамдықпен жүріп келе жатқан. Өткелдегі белгі беру құрылғысы дұрыс жұмыс істейді.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-да оқиғаның себептері мен мән-жайларын тексеру үшін комиссия құрылды.