Ғұмыр қиссаңыз алқұлым шақта қамсау қараңғылыққа әкеліп тіресе қайтесіз!? Жарық дүниеде жұлдызыңыз жанторсықтай жаныңыздан қалмағанымен түптін-түбі бақтың сізді айналып өтерін сезсеңізші. Ең соңында тағдырдың тарғалаңымен онаша қалу тозақпен бетпе-бет келгенмен бірдей емес пе? Қабірін өзі қазған пендедей әлдебір үрей дедектетіп ала жөнеледі. Тек сондайда Тәңірдің түстеп берген өміріне өкпе арта көрмеңіз. Аңылжыған бос кеңістік тастай қараңғы кейіпке енсе де жүректегі сәулеңізді сөндірмеңіз.
Даңқ бәйтерегін ұзақ саялауға болар ма еді, өмір жолы тап бұлай күрмелмегенде. Тау ұлының таланттына әлем таңдай қаққан сәтте талайлы тағдыры да күрсінісін қатар шерткендей… Әйгілі әртістің Гюмридегі мүсініне қарап-ақ қасіретті ғұмырының сызбасын сызуға болады. Вардан Ачемян атындағы мемлекеттік драма театрының алдында тұрған ескерткіштің жүзіне үңілсеңіз, үлкен қайғының табы бар. Ботана көзіне ұйыған шер тау суындай сап-салқын. Өмірге деген назы жанарында қаттаулы тұрғандай. Кеңес классикалық кинокартиналарының жарқын бейнесі, ғажайып әртіс Фрунзик Мкртчян жайлы айтып отырмыз. Ол сомдаған кейіпкерлердің ойын-өрнектері әп-сәтте афоризмге айналып, миллиондаған көрерменнің жүрегіне жол тапқан еді. Енді бәрі түс сияқты.
Оның шын есім-сойы Мгер, армян тілінен аударғанда «жарқын» деген мағынаға ие. Өзі де ақ жарқын адам болған. Кейін ата-анасы революция батыры Михаил Фрунзенің құрметіне «Фрунзик» деп атап кетіпті. Әкесі Мушех зауытта хронометраж болса, анасы Санам ыдыс жуушы болып жұмыс істеген. Екеуі де балалар үйінде тәрбиеленген. Отбасы Мкртчянның суретші болғанын қалағанымен, ол жасынан әртіс болуды армандайды.
Алайда асқақ арманына 1950- жылдардың басында ғана қол жеткізді. Алғашқы қадамын «Севан көлінің құпиясы» фильмінде кішкентай рөлден бастаған. Бірақ бұл шығармада сіз Фрунзиктің аяғын ғана көре аласыз. Шағын сюжетке ілінеді. Ол экран бетінде 1960 жылдан бастап жарқырады. «Музыкалық топтың жігіттері» фильмінде көңілді музыкант Арсеннің образында асқан шеберлікпен ойнады. Араға біраз жыл салып, Георгий Данелияның «Отыз үш» комедиясында профессор Брукты сомдады. Әйтсе де биліктегілер картинадан кеңестік космонавтиканың пародиясын байқап, идеологияға қарсы деген желеумен тоқтатты. Десе де көп ұзамай жұлдызы оңынан туды. Ақыры атағы Леонид Гайдайдың «Кавказ тұтқыны» комедиялық фильмінде асқақтады. Бұл туынды әртіске үлкен танымалдылықпен қатар, үлкен трагедияны да тарту етті.
Түсірілім барысында екінші жары Донарамен танысып, екеуі шаңырақ көтереді. Алайда ғашығының тұқым қуалайтын психикалық ауруы бар екені белгілі болады. Сүйгені қанша өнер адамы болғанымен әртісті бей-берекет қызғанып, кешке дейін аңдумен жүреді. Донараның жағдайы күннен-күнге нашарлай береді. Мкртчян ең соңында амалсыз әйелін шығу құқығынсыз Франциядағы психиатриялық ауруханаға жатқызуға келісім беруге мәжбүр болады. Осылайша, өзі екі баласымен жалғыз қалады. Көп ұзамай қызы Аргентинаға қоныс аударады. Ал дәрігерлер жалғыз ұлынан да анасының сырқатын анықтайды. Мкртчян Вазгенді емдетуге тырысқанымен әрекеті нәтижесіз аяқталады. Дәрігерлердің нұсқауымен ұлы анасымен бір емханаға жатқызылады. Ең ауыры аурухана дәлізінде кездескен әйелі мен туған ұлы бір-бірін танымаған.
Фрунзик «Айболит-66», «Ақ пианино» фильмдерінде халықтың ең сүйікті әртісіне айналды. Алла Сурикованың «Уақытсыздық» драмасындағы рөлінде сол кезеңнің ең өткір мәселесін қозғады. Ал «Мимино» комедиясында жүргізуші Рубик Хачикян айтқан көптеген фразаны көрермен біткен қанатты сөз ретінде қолданып кетті. «Неге айран ішпейсің, ұнамай ма не?», «Валико-жан, мен саған бір ақылды сөз айтайын, бірақ ренжи көрмеші!» деген тіркестер әлі де көрерменнің жадында. Бұл тіркестердің авторы режиссер немесе сценарист емес, Фрунзик Мкртчянның өзі. Ол түсірілім алаңында импровизация жасаудың хас шебері болған.
Отты һәм мұңлы қарашығымен романтикаға толы өмір сюжеттерін сыйлаған әртіске халықтың ықыласы ерекше болды. Оны елдің жақсы көргені сонша базарлар мен дүкендердің иелері тауарларды тегін беруге дайын болды. Тіпті өнертанушылар Арменияда ақшасыз және құжатсыз емін-еркін өмір сүргенін айтады. Оны құрметтеген жанкүйерлер күні бойы артынан ілесуден жалықпаған.
Бір қызығы, Фрунзик өзінің үлкен мұрынынан ешқашан ұялмаған екен. Сыртқы пішіні келісті болмаса да, киноға түсуге бөгет бола алмапты. Қайта ол үнемі басқа армяндардың мұрыны неге кішкентай екенін білуге құмартқан. Режиссерлер Фрунзикті тек әртістік қабілеті үшін ғана емес, түрлі-түсті келбеті үшін де жақсы көрді. Өзі журналистерге «Бойым қысқа болғанымен мұрыным ұзын» деп әзілдейді екен.
Үш рет отбасын құрғанымен бақытты бола алмаған әртістің өмірбаяны өкінішке толы. Сүйіктісі мен ұлынан тірідей айырылған ол жан дертіне шипаны ащы судан іздеді. Ғұмырының соңғы күндерінде ағасының қамқорлығында болды. Ақыры ажалға кегі кеткен өнер иесі пәтерінен өлі күйінде табылды. 1993 жылдың желтоқсаны Ереванның аспанын қара түнекке орады. Өнерпазды жерлеу рәсіміне қара-құрым халық жиналды.
Иә, оған найзағайдай ұрған дерт ес жиғызған жоқ. Тағдырға шағынуға болмайды. Жазушы Рақымжан Отарбаев жазғандай «тек сана түкпірінде жанып-өшіп елес қашады. Өткен күндер елесі». Оның өкініші – қуанышына, қуанышы – өкінішіне айналып кеткендей... Мүсінге қараңызшы...