Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы бітімгершілік миссияларына атсалысып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Дегенмен «тоғызыншы территорияның» сайыпқырандары әлемнің қай елдеріне жіберілмек? Оларды қауіпті аймақтарға жібере ме? Осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
Биыл еліміздің 430 әскери қызметшісі БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясына жіберіледі. Олар алдымен Орталық Африкадағы тұрақтандыру жөніндегі миссияға үлес қосады. Содан кейін Конго Демократиялық Республикасындағы тұрақтандыру жөніндегі миссияға сапар шегеді. Ақырында Малидегі тұрақтандыру жөніндегі миссияға және Ливандағы уақытша күштер миссиясына аттанады. Қазіргі уақытта БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясына штаб офицері, жаяу әскер, медициналық барлау, инженерлік, әскери полиция секілді әскерилер жетіспейді. Қазақстан биыл осы қызметкерлердің орнын толтырмақ.
Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2000 жылдарға дейін бітімгершілік миссияларына Қорғаныс министрлігі, шекара қызметтері мен ішкі әскер бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты. 2014 жылдан бастап 45 офицер Батыс Сахарада, Кот-д’Ивуарда, Ливандағы миссияға әскери байқаушы және штаб-офицері ретінде тер төкті.
Сондай-ақ 2018 жылдан бастап 520 әскери қызметші бітімгершілік бөлімше құрамында Ливандағы уақытша күштер миссиясына тартылған. Бүгінгі күні Батыс Сахарада – 6, Ливандағы уақытша күштерде 9 әскери қызметші тыныштықты қорғауға ат салысып жүр. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың айтуынша, бітімгершілікке жіберілетін әскерилер әлеуметтік және медициналық жағынан толықтай қамтамасыз етіледі.
«Заңға сәйкес, БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысу кезеңінде үш есе жалақы, қайтып келген соң мемлекет есебінен емделу, жыл сайынғы демалысқа екі апта қосымша демалыс беріледі. Қатысу кезеңі жеңілдікті шарттармен бір айы бір жарым ай болып есептеледі», деді Қорғаныс министрі Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Қазақстан жылдан-жылға бітімгершілік операцияларындағы өз үлесін арттыруды көздейді. БҰҰ басшылығы да елдің әскери мамандарының даярлық деңгейі мен білім көрсеткіштерін жоғары бағалайды. Қазақстандық бітімгерлер санын арттыруға қолдау көрсетуге әзір.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Парламент палаталарының бірлескен отырысында халықаралық міндеттемелерді орындау үшін республиканың Қарулы Күштерін пайдалану туралы ұсыныс жасаған еді. Бұл қадам Қазақстанның әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға қосар үлесін арттырады.
«Өмірде және әлемде болып жатқан соңғы оқиғалар қауіпсіздікке төнетін сын-қатерді жоққа шығармайды. Осыған байланысты әскердің жауынгерлік әзірлігін одан әрі нығайту қазіргі сын-қатерге қарсы әрекет етуде тәжірибе жинақтау мәселесі өзекті болып отыр. Осы тұрғыда ұйым жарғысының 7-тарауына сәйкес, Қарулы Күштердің Орталық Африкада, Конго Демократиялық Республикасында, Малиде бітімгершілік миссияға қатысуын кеңейтуді орынды деп санаймын», деген еді Президент Қ.Тоқаев.
Бітімгершілік миссияларына қатысу Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдаудағы еңбегі іспетті. Әлбетте, аталған миссия әскеріне жасақ қосу ісіне кез келген мемлекет тартыла бермейді. Қазақстан БҰҰ бітімгерлік әскеріне Орталық Азиядан әскер жіберуші жалғыз мемлекет екенін атап өткен жөн. Осы орайда, еліміз бейбіт елдің қырынан көрінген, жауапкершілік алып, орындай алатын қабілетін атышулы халықаралық ұйым мойындады деп айта аламыз.
Негізінен екіжақты келісімге сәйкес, БҰҰ бітімгерлік миссиясына тартылатын Қазақстан әскерилері қақтығысқа толы аймақтарға жіберілмейді. Сарбаздар, керісінше, бітімгерлік ротасының әлеуетін арттыратын, дау-жанжалы аз өңірге жіберу қарастырылған. Бірақ бітімгершілік операциясының қауіпті тұстарын да жасыра алмаймыз. Адам өлімімен аяқталған оқиғалар да бар. Мәселен, 1995 жылы Тәжікстанда бітімгерлік топта борышын өтеуге барған 17 қазақ сарбазы қаза тапқан. 2003 жылы Иракта да бір жауынгер опат болды.
Бітімгерлік операцияларына қатысу бітімгершілік пен гуманитарлық көмек көрсетуде тәжірибе жинақтауға, сарбаздардың жауынгерлік қабілетін шыңдауға зор үлес қосары сөзсіз.