Қазақстандықтар eGov mobile мобильдік қосымшасында отбасы туралы мәліметтерді өзгерте алады. Бұл жаңа қызмет түрі туу, некеге тұру және некені бұзу, бала асырап алу, әке болуды анықтау, аты-жөнін өзгерту және қайтыс болу туралы деректерді ауыстыруға мүмкіндік береді.
Азаматтық хал актілеріндегі мұндай мәліметтерді өзгерту үшін тиісті мекемелерге барудың қажеті жоқ. Барлық мәліметті онлайн ауыстыруға болады. Ол үшін телефонда eGov mobile мобильдік қосымшасы болуы қажет. Ал отбасы туралы жаңа деректер АХАЖ ақпараттық жүйесіне келіп түсуі үшін құжаттардың сканерленген көшірмелерін осы қосымшаға жүктесе жеткілікті. Мысалы, баланың туу туралы актілік жазбасында бала туралы деректер (тегі, аты, әкесінің аты, ұлты, туған күні, анасы мен әкесі туралы деректер) дұрыс енгізілмеген делік. Ата-анасы мәліметтерді өз бетінше түзете алады. Ол үшін дұрыс мәлімет жазылған құжаттың сканерленген көшірмелерін жүктеп, мәліметтерді жаңартады.
Бұл сервис eGov.kz порталында да қолжетімді. Осы қызмет іске қосылған сәттен бастап 83 мыңнан астам адам өз деректерін өзгерткен екен.
«Мемлекеттік қызметтерді алу кезінде кейде отбасы туралы мәліметтер дұрыс енгізілмейді. Жеке деректерден де қате кетіп жататынын ешкім жоққа шығармайды. Мәселен, баланың аты-жөнінде қателіктер кетеді немесе керісінше деректі енгізген кезде басқа бала туралы ақпарат пайда болады. Бұрын қате мәліметтерді түзету үшін қазақстандықтар тиісті мекемелерге барып, уақытын жоғалтатын. Енді осы олқылықтың орны толды. Жұртшылық үйден шықпай-ақ деректерді жаңарта алады. Ол үшін АХАЖ ақпараттық жүйесіндегі деректерді өзектендіру қажет. Өзгертулерді мекемеге бармай-ақ eGov.kz арқылы енгізуге болады», дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.
Бұл функцияны пайдалану үшін eGov mobile қосымшасын ашу қажет. Әрі қарай қызметтер мәзіріне кіріп, ондағы «Туу, неке және өлім» қызметін таңдап, АХАЖ АЖ «мәліметтерді өзектендіруді» басу қажет. Сөйтіп, акт жазбасының түрін таңдап, «іздеу» түймесі арқылы деректерді табу керек. Егер деректер көрсетілмесе, «мәліметтерді өзектендіру» батырмасын қайта басып, (ал егер деректер көрсетілсе, «өзекті мәліметтер» батырмасын басу қажет), әрі қарай қызметке қол қою қажет.
Айта кетейік, бұл жаңартулар Мемлекет басшысының құжаттарды цифрландыру, неғұрлым бюрократиядан арылу жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Оның негізгі мәні – цифрлы трансформация және мемлекеттік басқарудың барлық саласына жүйелі реинжиниринг жасау, дейді мамандар.