17-20 қараша күндері Қазақстанның Беларусьтегі Мәдениет күндерін өткізу жоспарланған, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Витебскіде «Славян базары» XXXI халықаралық өнер фестивалі басталады. Осынау ауқымды шараның ресми ашылу рәсімі қарсаңында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Беларусь Республикасы Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Валерий Громадамен кездесті.
Кездесу аясында Нұрғиса Дәуешов қазіргі уақытта екі ел арасында мәдени жобалардың, көрме-жәрмеңкелер, кинофестивальдер және өзге де іс-шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ кездесуде 2022 жылғы 17-20 қарашада Қазақстанның Беларусьтегі Мәдениет күндері жоспарланғаны белгілі болды. Беларусьтегі Қазақстанның Мәдениет күндері аясында Минск қаласында қазақстандық артистер мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен гала-концерт өткізу, қолданбалы өнер көрмесін ұйымдастыру, Қазақстанның кино күндерін өткізу, Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті квартеттің концерті жоспарланып отыр.
Басқосуда шығармашылық ұйымдар мен ұжымдар арасындағы ынтымақтастық мәселесіне ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде Валерий Громада ынтымақтастықты жандандыруға және бірлескен жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.