• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Теннис 16 Шілде, 2022

Александр Бублик АҚШ-тағы турнирдің жартылай финалына шықты

200 рет
көрсетілді

Қазақстанның бірінші, әлемнің 42-ракеткасы Александр Бублик Ньюпорт (АҚШ) ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің бұрынғы бірінші, қазіргі 52-ракеткасы, ұлыбританиялық Энди Марреймен күш сынасты.

Биыл теннисшілер өзара екі рет кездесіп, Индиан-Уэллсте (АҚШ) А.Бублик 7:6 (11:9), 6:3 есебімен ұтқан еді. Алайда кейін Штутгартта Э.Маррей 6:3, 7:6 (7:4) есебімен есе қайырды. Бұл жолы бірінші партияда брейк жасаған қазақстандық теннисші басым түсті - 7:5. Екінші сетті де Бублик брейкпен бастағанымен, іле-шала Маррей теңестіріп үлгерді - 1:1. Дегенмен тағы бір брейк жасаған Александр 5:3 есебімен алға кетті. Ақыры сол басымдылықты уысынан шығарған жоқ - 6:4. Бір сағат 47 минутқа созылған кездесуде Бублик 12 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ. Қарсыласы 1 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.

А.Бублик жүлде қоры 595 мың АҚШ долларына жуықтайтын жарыстың финалына шығу үшін әлемнің 74-ракеткасы Джеймс Даквортпен немесе рейтингте 102-сатыда тұрған Джейсон Кублермен күш сынасады.