Даурығатын ештенесі жоқ, латынамерика биі әлемдегі ең ашық әрі еліктіргіш композициялардың бірі. Әрбір қимыл-қозғалысы әлденеден сыр тартып тұрады. Әйгілі әртіс Дженнифер Лопес «Кел, билейік» фильмінде оны «көлденең тілектің тік көрінісі» деп суреттейтіні бар. Әуезді әуені буыныңызды балқытып, лезде көңіліңізді баурап алатын дәруменге ие. Мәселен, «Тербел» әні. Кербез Дин Мартиннің даңқын асқақтатқан ғаламат туынды әлі де әуе кезіп жүр.
Тик-ток пен Инстаграм желісінен көз айырмайтын былайғы жұрттың бұл әуенді естімеуі мүмкін емес. Егер мұныңыз жалған десеңіз, «Ю-туб» желісіне Sway деп жазыңыз. «Е, осы ма?» деп әнге ілесіп әудем жерге дейін тербеліп барасыз. Үйлесімді үнімен үйіріп әкететін шырайлы шығарма 50-інші жылдардың басында жарыққа шыққан. Одан бері дүние неше рет құбылды, сан мәрте сауысқан сайрады, булығып бұлбұл бұлақ кезді, бірақ сол музыканың дауысы әлі де жаңғырып тұр. О, ғанибет! Өміршең өлең жазсаңыз ажалдың да қолы қысқа екен-ау... Біздің Шәмші, Нұрғиса, Ескендір жазған сұлу әуендер халықтың құлағында мәңгіге бозторғайдай шырылдап жатпақ. Бұл уақыттың дәрменсіздігі емес, дәнекерлігі. Ғасырдан да ұзақ ғұмыр…
Шын мәнінде, аталған әннің негізгі атауы Quien sera, яки «Кім екен?». Аты-жөні жалпақ жұртқа бейтаныс Пабло Белтран Руис есімді мексикалық композитор жазған. Бұл оның өнердегі ырымалды қадамы еді. Әйтсе де бастауына сәттілік серік болғандай. 1953 жылы әннің испан тіліндегі нұсқасы тыңдарманды елең еткізді. Артынан ағылшын тіліне аударып, әккі өнерпаз Дин Мартин дүниені дүр сілкіндірді.
Дин – әлдебір себептермен Америкаға қоныс аударған италиялықтардың ұрпағы. Саяси тұрғыдан жергілікті жұрт оны екінші санаттағы ақ нәсілділерге жатқызады. Ол аздай, кеудесінен итеріп, көпшілік ортада кемсіте сөйлейді. Сондықтан ол алып империяға сіңісіп, өз орынын табу үшін неге де болса дайын тұрды. Дино Пол Крочетти (Диннің шын аты) 1930-1940 жылдар аралығында не істемеді дерсіз?! Заңсыз алкогольді сусын сатты, рингке шығып төбелесті де, ең ақыры казинода крупьер болды... Бұл басбұзар әрекет оның әншілік таланттың танытып, Rat Pack деп аталатын компанияның мүшесі болғанға дейін жалғасты. Бұл бейуақ көңіл көтерушілер мен гедонистер қоғамын Фрэнк Синатра мен Сэм Дэвис басқарды. Екеуі де өнерге жақын жандар еді. Содан да болар Диннің талабын шыңдап, өнерін өрістетеді.
Шоу-бизнес әлемінде Дин көп функциялы адам болды. Тек әнші ғана емес, табысты әзілкеш әрі тәп-тәуір актер ретінде танылды. Бұл оның канонға айналған «Тербел» әнінің ағылшын тіліндегі нұсқасын орындауға жол ашты. Ол өзіне тән қалыпта цинизм мен махаббат туралы ән айтқан кезде бикештерді азғыруға емес, жай ғана серігі болуға тырысатынын жеткізді. Сыртқы сымбаты мен серілігі талай сұлуды естаңды еткені елге белгілі әңгіме-тұғын. Онсыз Дин Дин бола ма!?.
Шығарманы ағылшын тіліне тәржімалаған ақын Норман Гимбель мәтінді өзгертіп, өз нұсқасында жазып шыққан екен. Түпнұсқаға мүлде ұқсамайды. Қаламгер танымал кинокартиналардың саундтрегіне талай сөз жазған, тіпті сол үшін екінің-біріне бұйыра бермейтін Оскар жүлдесін де иеленген. Ғанибеті сол, күллі әлем әнді Норманның нұсқасында қабылдады. 1954 жылы Дин Мартиннің орындауында АҚШ хит-парадында 15-ші, Ұлыбританияда 6-шы орынға дейін көтерілді. Мұның өзі үлкен жетістік.
Элвис Пресли Динді дөрекілеу джаздың патшасы деп есептеп, стилін мұзға теңеді. Newsweek журналы «менмендік оның шығармашылық болмысына одан әрі дәм қосты» деп жазады. Оның жүзіндегі жұмбақ мысқыл, көркем кекесін, алғаусыз ажуа аруларды алыстан-ақ арбап алды. Оның киім киісі де, жүріс-тұрысы да құпияға толы, тіпті өзімшілдігі үшін ешқандай жауапкершілік арқаламайтыны да талғамына шек келтіртпейді. Жасырын жаратылысы жанкүйерлерінің ішін пыстырмайтын еді.
Айтпақшы, белгілі режиссер Александр Зацепиннің «Алмас қол» кинокартинасында «Құштарлық жанартауы» музыкасының жызылуына «Тербел» әні тұздық болған. Бұл әуен тұңғыш рет Кеңес өкіметінің экранына ашық билеген арудың жағымсыз әрекетін әкелді. Ал әншінің өзі:
«Италиялықтар өте талантты келеді. Қазіргі әншілердің өмірбаянын алсаңыз, олардың 90 пайызы италиян зәузаты. Мұның бәрі олардың көмейімен емес, жүрегімен ән айтатындығынан» деп, кербездене сөйлейді. Бұл да Диннің тәкаппарлығынан туған пікір емес, сахнадағы кейіп-кескініне тән тіркес. Шляпасын қайырып алып қыжырта сөйлегенде оның алдынан теріс айналып кете алмайсыз. Қайта қиғаш қалыбы өзіне құйып-қойғандай жарасады. Өркөкірек өнерпаздың зілсіз әзілі мен әдемі әні әлі талай шырқалатынына күмән жоқ.