Алматыда Архив саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Ресей комиссиясының үшінші отырысы өтті. Кездесуде екі елдің архив саласын цифрландыру, бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Маңызды жобалар аясында Ресей архивтері қорларында сақталған Қазақстан тарихына қатысты тарихи құжаттарды табу, көшірмелерін алу, пайдалану және ғылыми айналымға енгізумен қатар «Ресей мен Қазақстандағы ашаршылық. 1927-1934 жж.» және «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан»бірлескен құжаттар жинағын аяқтау жоспарланып отыр.
Екі ел арасындағы келіссөздер берік тарихи байланыстарды және архив ісі саласындағы өзара тығыз іс-қимылды нығайтуды мақсат етеді.
Кездесу аясында Қазақстан мен Ресей архивтерінің 2022-2024 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары бекітіліп, комиссия отырысының хаттамасына қол қойылды. Архив саласының келелі мәселелерін қозғаған кездесу Қазақстанның төрағалығымен Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения архив саласы өкілдерінің қатысуымен өткен ТМД елдері мемлекеттік архив қызметтері басшыларының Консультативтік кеңесінің 18-ші отырысында жалғасын тапты.
Отырыс барысында еліміздегі архив ісінің жай-күйі туралы, қабылданған нормативтік құқықтық актілер, ақпараттық жүйелер мен электрондық архивтік қызметтерді енгізу, халықаралық ынтымақтастық және архив саласының материалдық-техникалық жарақтандырылуы туралы айтылды. 2020-2021 жылдардағы ТМД қатысушы мемлекеттеріндегі архив ісінің жай-күйі мен дамуы туралы (құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету және есепке алуды, архив қорларының құжаттарына ғылыми-анықтамалық аппарат жүйесін ұйымдастыру, архив құжаттарын пайдалану және оларға қол жеткізу, мұрағаттарды ақпараттандыру) баяндалды.
Ал шетелдік сарапшылар архив құжаттарының сақталуын қамтамасыз ету, реставрациялау және электрондық форматқа көшіру мәселелері бойынша тәжірибелермен бөлісті. Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қ.Бораш еліміздің архив саласының жетістіктерін, оның ішінде нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, мемлекеттік және ведомстволық архивтер қызметін автоматтандыруды қамтамасыз ететін «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесін енгізу барысына тоқталып өтті.
ТМД елдері азаматтарының әлеуметтік сұраныстарын қанағаттандыру мен құқықтарын қорғау мақсатында кеңеске қатысушы елдердің архившілері «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жеке құрамы бойынша құжаттарды сақтау орындары туралы» деректер базасына қосылу бойынша ақпараттық өзара іс-қимыл жолдарын анықтады.
Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және «Архив-2025» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспары шеңберінде Консультативтік кеңестің қатысушылары Қазақстан тарихы бойынша шетелдік архивтердегі құжаттарды анықтау мен сатып алу және ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында архив құжаттарымен алмасу бойынша өзара іс-қимыл мәселелерін кеңінен талқылады.
Халықаралық іс-шара аясында шетелдік делегаттар Орталық мемлекеттік архив және Қазақстан Республикасы Президенті архивінің жұмыс барысымен және Ұлттық архив қорының тарихи құжаттарынан әзірленген көрмемен танысты.
АЛМАТЫ