Партиялық «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Нұр Отан» партиясының Зеренді аудандық филиалында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау және еңбекке орналастыру мәселесін арқау еткен кездесу болып өтті.
– Еңбек қатынастары айрықша маңызды мәселе, – деді басқосудың беташарында партияның Зеренді аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Малғаждар Тәткеев. – Мұнда адам бойындағы асыл қасиеттер ашылып, кез келген кісінің қоғамдағы орны мен оған қызмет ету сезімі айқындалады. Сондықтан, денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық кешенді сипат алып, ешкімді бейтарап қалдырмауға тиісті. Бұл – Тәуелсіз мемлекетіміздің қастерлі парызы.
Ауданда мүгедек жандардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында оңалту бағытындағы 79 нысанның төлқұжаты заңдастырылып отыр. Былтыр белгіленген квота негізінде 19 адам жұмысқа орналастырылған. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында екі кісі әлеуметтік жұмысқа жолдама алып, қазір тұрақты еңбекпен айналысып жүр. Бірнеше жас облыс орталығындағы колледждерде тегін оқытылуда.
– Үстіміздегі жылы мүмкіндігі шектеулі үш кісіге жастар тәжірибесіне, екеуіне әлеуметтік жұмыс орнына жолдама берілсе, екі жерлесіміз жеңілдетілген несие алатын болады, – деді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Зейнегүл Қазиақпарова. – Мүгедектерді жұмысқа орналастыру квотасы 15 пайызға артып, 54 адамды құрап отыр.
Жиын барысында мүгедектердің мүмкіндігі шектеусіз екендігіне көптеген мысалдар келтірілді. Айталық, Бөгенбай ауылындағы Бекбаевтар отбасы мал шаруашылығын өркендетіп, өзгелерге үлгі бола білуде. Ал Қызылтаң ауылындағы 2-топтағы мүгедек Бағдат Қадыров мемлекеттің көмегімен отбасылық бизнесті өркендетуге мүмкіндік алды. Ол кісіге былтыр шағын несие берілген екен. Қазір оның жеке қожалығында төрт түлік өз төлі есебінен көбейе түскен. Бүгінгі күні Б.Қадыровтың шаруашылықты кеңейту жөніндегі бизнес-жоспарын қарауға алған аудандық комиссия оң шешім қабылдайды деген үміт бар. Жақсы мысалдың бірі ретінде Зеренді ауылындағы И.Садықов жетекшілік ететін «Көкше-Амур» ЖК өндірісті кеңейтіп, жерлестеріне де жұмыс тауып беріп отырғаны атап өтілді.
Жиналыста аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ләззат Сантас, аудандық мәслихаттың депутаттары Нығмет Хасенов, Камил Расқұлов, сөз алып, игі бастаманы қолдау туралы ойларын ортаға салды. Кездесу барысында жұмыс берушілер өзара ынтымақты меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, филиал төрағасы, аудан әкімі Малғаждар Тәткеев мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тілегі бойынша жеке қабылдау өткізді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы.