Кеше елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайының маңында Азия Даму банкінің (АДБ) президенті Такахико Накауо мен АДБ мәжілісінің төрағасы – Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың қатысуымен жаңа аллея ашылып, ағаштар отырғызылды. Аталған игі шара 2-5 мамырда Астанада өтетін Азия Даму банкі Басқарушылар кеңесінің 47-ші жыл сайынғы мәжілісі қарсаңында ұйымдастырылып отыр.
Азия Даму банкі Басқарушылар кеңесінің кезекті жиыны «Азияны ауыспалы әлемде біріктіретін жаңа жібек жолдары» деп аталады. Қазірдің өзінде елімізде Жібек жолын жаңғырту бойынша кешенді жұмыстар қолға алынуда десек, бас кеңсесі Манила (Филиппин) қаласында орналасқан Азия Даму банкінің мақсаты аймақтық интеграция және экономикалық әрі экологиялық тұрақты өсім арқылы Азия-Тынық мұхиты аймағында кедейшілік деңгейін қысқарту болып табылады. Аталмыш ұйым 1966 жылы құрылса, 67 мүше мемлекеттер оның акционері саналады. Ал Қазақстан ұйымға 1994 жылдан бері мүше.
Азия даму банкімен бірлесе отырып, еліміздің көлік, энергетика салаларын, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, жекеменшік секторды дамыту мәселелері бойынша ынтымақтастық жолға қойылған. Қазіргі таңда еліміз техникалық қайтарымсыз көмек алушы емес, керісінше, дамушы елдерге жәрдемдесу бойынша АДБ әріптесі болуға ниетті. Айталық, 2013 жылы АДБ Қазақстанмен ынтымақтастық аясында Азия даму қорына донорлық көмек ретінде 5 миллион доллар қаржы бөлген.
Шара соңында АДБ президенті еліміздің қонақжайлылығына өзінің шексіз алғысын жеткізді. Сондай-ақ, ол Астананың әсем қалаға айналып келе жатқанын да тілге тиек етті.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.