Депутаттардың өңірлерге сапарлары жалғасып жатыр. Бұл жолы сенаторлар еліміздің бірқатар аймағын аралады. Халықпен кездесу барысында өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Сенат депутаты Сағындық Лұқпанов жұмыс сапарымен Атырау облысында болды. Ол сапар барысында бірқатар елді мекендерді аралап, кәсіпкерлермен және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Сенатор Махамбет ауданындағы әлеуметтік нысандарды аралап, Ақжайық ауылында орналасқан ауданы 22 гектар болатын жылыжай құрылысымен танысты. Депутат Исатай ауданындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды көрді және аудан орталығындағы құрылысы жақында ғана аяқталған 320 орындық мектеп ғимаратында болды. Кездесу барысында денсаулық сақтау жүйесі, жолдар, өңірдегі ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Депутат Ләззат Қалтаева Алматы қаласына жұмыс сапары барысында зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханаға барды. Сенатор сонымен қатар «ЕРЗИ» әлеуметтік-оңалту орталығының қызметін пайдаланушылармен де кездесті. Кездесуде арба пайдаланушыларға арналған қолжетімді ортаның мәселелері, оңалтуды техникалық құралдармен қамтамасыз ету кезіндегі жекелеген әдіс-тәсілдер, сондай-ақ шипажай-курорттық емдеуге қол жеткізуге қатысты тақырыптар талқыланды. Депутат өз сөзінде көтерілген мәселелер жүйеленіп, алдағы сессия барысында депутаттық сауалдар әзірлеу мен заң шығару жұмыстарында назарда болатынын айтты.
Андрей Лукин Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің Байқоңыр, Есіл, Алматы және Сарыарқа аудандарындағы полиция басқармаларына барды. Ол Палатаның заңнамалық жұмысы туралы басқарма қызметкерлеріне айтып берді. Атап айтқанда, құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы мен жауапкершілігін арттыру, ішкі істер органдарының дербестігі, жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту және қару айналымы мәселелері бойынша Сенат қабылдаған заңдарға егжей-тегжейлі тоқталды.
Нариман Төреғалиев жұмыс сапары барысында Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданын аралап, Күйгенкөл, Жәнібек, Тау және Қамысты ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесулер өткізді және ауданның тыныс-тіршілігімен танысты. Жиында аудан орталығындағы да, аудандағы ауылдардағы да ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдардың жағдайы, азық-түлік бағасының қымбаттауы, білім сапасы, дәрігерлердің жетіспеуі мәселелері сөз болды. Депутат сондай-ақ ұзындығы 15 шақырымды құрайтын Жәнібек-Талов-Кіші Өзен жол учаскесіндегі құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Бұл жұмыстарға Ұлттық қордан 644 миллион теңге бөлінген болатын. Биыл 8 шақырым жол салынады. Жол құрылысын келесі жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған.
Сенаторлар Бекболат Орынбеков пен Әбдәлі Нұралиев жұмыс сапары барысында Жамбыл облысының Жуалы ауданында болды. Сенаторлар «Бірлік» және «Бақыт» шаруа қожалықтарының қызметімен, Нұрлыкент ауылындағы тауарлы сүт фермасының құрылысындағы «Гамбург» ЖШС жұмысымен танысты, сондай-ақ күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан №30 Көктөбе орта мектебінде болды. Парламентшілер жұмысты сапалы жүргізуге баса назар аударды. Депутат Бекболат Орынбеков сонымен қатар Тараз қаласында болып, онкологиялық аурухананың, оңалту орталығының жай-күйімен және Талас өзенінің жағасын нығайту жұмыстарымен танысты.
Депутаттар Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова жұмыс сапары барысында Шымкент қаласының БАҚ өкілдерімен кездесті. Шарада БАҚ туралы заң жобасына өзгерістер енгізу, журналистердің мәртебесі, мерзімді басылымдардың қазіргі жағдайы мен кадр тапшылығы мәселелері талқыланды. Сенаторлар сондай-ақ Шымкент қаласы Ұлттық ұланының әскерилерімен және Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесіп, материалдық-техникалық базаны, инфрақұрылымды және оқу-жаттығу базаларын аралады.
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хатшысы Қанатбек Сафинов кәсіби медиаторлармен кездесіп, медиация саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселесін талқыға салды. Жүздесуге қатысушылар медиаторлардың кәсіби қызмет барысында тап болатын проблемаларды сарапқа салды. Депутат кездесу барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды іске асыру жөніндегі 2022 жылға арналған іс-шаралар жоспарын орындау қорытындысы бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ағымдағы жылдың соңында Медиаторлардың бірінші форумын өткізу ұсынылғанын атап өтті.