Маңғыстау облысындағы Жарма, Сазды, Сауысқан елді мекендері құм көшкінінің астында қалу қаупі бар, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Құм менің бала кезімде, шамамен 60 жылдай бұрын, ауылдан 300 метрдей жерде еді. 1996 жылдан бастап құм көшіп бастады, соңғы кезде үдей түсті. Қора, құдық дегендерді басып қалды. Енді осы құмды тоқтату керек. Қоршау орнататын болса, шөп өсер еді», деп шағымданды Жарма ауылының тұрғыны Игілік Өтесінов.
Жарма ауылында 100-ге жуық адам тұрады. Олар жыл сайын арнайы техника жалдап, аулаларын құмнан аршып, алысқа тасытады. Бірақ оған тұрғылықты халықтың бәрінің бірдей жағдайы жетпейді. Сондықтан жауаптылардың тезірек сексеуіл егіп, құм көшкініне тойтарыс беруін сұрайды. Ұқсас жағдай Сауысқан және Сазды елді мекендерінде де орын алып отыр.
«Жыл басынан бастап біз төрт рет конкурс жариялаған едік. Өкінішке қарай, мердігерлер конкурсқа қатыспады. Бір апта бұрын бесінші рет конкурс жарияланды. 2004 жылдан бері сексеуіл егу жұмысын жүргізіп келе жатырмыз. Қазіргі уақытқа дейін Сенек, Тұщықұдық, Шебір және Ұштаған ауылдарына 3236 гектар сексеуіл егілді», деді Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар басқармасының бөлім басшысы Ербол Денов.
Осымен бесінші рет жарияланған байқауда мердігер анықталса, жыл соңына дейін үш елді мекенде 135 гектар аумақ қоршалып, келер жылы сексеуіл егу жұмысы басталады. Бұл жұмыстарға бюджеттен 408 миллион теңге қаражат қарастырылған.