АСТАНА. 1 мамыр. Қытайдың Синьцзян-Ұйғыр автономиялы ауданы Үрімші қаласындағы оңтүстік теміржол бекетінде жарылыс орын алып, үш адам қаза болды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Жарылыс салдарынан 79 адам жарақат алған, олардың төртеуінің жағдайы ауыр көрінеді.
Оқиға 30 сәуір күні Үрімші қаласының ең ірі теміржол бекетінде орын алған. Деректерге қарағанда, жарылғыш зат бекет пен автобус аялдамасының ортасында іске қосылған.
Қазіргі уақытта теміржол бекетін қарулы полицейлер күзетуде.
Жергілікті үкімет өкілі Ло Фуюн бұқаралық ақпарат құралдарына жағдайдың бақылауға алынып, жарылыс себептерін анықтау мақсатында тергеу жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді.
Синьцзян-Ұйғыр автономиялы ауданы Қытайдағы келеңсіз оқиғаларға толы, тынышсыз өңірлердің бірі саналады. Билік мұнда орын алып жататын терактілерге жауапкершілікті «Шығыс Түркістанның ислам қозғалысы» мүшелеріне артуда. «Шығыс Түркістанның ислам қозғалысы» Қытай Халық Республикасында террористік ұйым саналады. Олар 2009 жылы Синьцзян-Ұйғыр автономиялы ауданында орын алған тәртіпсіздіктердің пайда болуына ықпал еткен. Ол кезде 197 адам қаза болып, 1700-ден астамы жарақат алған болатын.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Itar-tass.com.
Фото: Rusbg.com.