Бір апта ішінде елімізе болған көлік апаттарынан 50-ге жуық адам көз жұмды. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жыл басынан бері жол апаттарында мыңнан астам адам қаза тауып, 8 мыңнан астам азамат жарақат алды. Күн сайын еліміздің жолдарында 7-ге жуық адам қаза тауып, 70-ке тарта адам түрлі дене жарақаттарын алып жатады. Тек өткен аптада ғана ведомстволық мәліметтерге сәйкес, елімізде 200-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді, онда 50-ге жуық адам қаза тауып, 200-ден астам адам жарақат алды», деді Жандос Мұратәлиев брифинг барысында.
Сондай-ақ жыл басынан бері 2 мыңға жуық бала түрлі жарақат алып, 90-нан астамы қайтыс болған.
«Жол апаттарын талдау барысында олардың негізгі себептері жылдамдық режимін асыру, маневр жасау ережелерін бұзу, қарама-қарсы жүріс жолағына шығу, аударылу, жаяу жүргіншілерді басып кету болып отыр», деді комитет төрағасының орынбасары.