Елдегі заманауи ақпараттық технологияларды дамыту мақсатында осыдан 15 жылдай бұрын құрылған «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ басынан соңғы жылдары «бұлт арылған» жоқ. Бүгінге дейін еш жерде аты шықпай, елеусіз жұмыс істеп келген мемлекеттік компания Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің тексерісінен кейін бірден ақпарат құралдарының назарына ілікті. Бұл мәселе Президентке дейін жетіп, ақыр соңында холдинг жабылатыны белгілі болды.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Зерде» холдингінің жұмысына күмән келтіріп, мәселені жан-жақты қарастыруды тапсырған. Іле Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Зерде» холдингін таратып жіберу ұсынылатынын хабарлады. Ал жақында министрлік холдингке байланысты өздерінің ресми ұстанымын жариялады. Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Зерде» холдингі объективті және субъективті себептерге байланысты ақпараттық коммуникациялық технологиялар саласын дамытудың толыққанды институты ретінде қалыптаса алмаған. «Бүгінде «Зерде» холдингі дербес табыс әкелмейді және өз кезегінде «Электронды үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық ин- фрақұрылымы операторының функцияларын жүзеге асыруға мемлекеттен тапсырыстар алатын «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның дивидендтері есебінен қаржыландырылады. Мұны аудиторлық есептер де растайды», делінген хабарламада.
2021 жылдың қорытындысы бойынша «Зерде» холдингінің табысы «Электронды үкіметтің» ақпараттық коммуникация инфрақұрылымы мен ақпараттандыру объектілерін зерттеу жұмыстары есебінен ұлғайған. Осылайша, жақсы табысқа қол жеткізгенімен компания жылдың соңында қайтадан шығынға ұшыраған. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің есебінше холдингтің жинақталған шығыны 7 млрд теңгені құраған.
Қазіргі уақытта «Зерде» холдингінің құрылымында үш еншілес ұйым бар: Astana Hub технопаркі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» және Qazinnovations акционерлік қоғамдары. Холдинг таратылғаннан кейін бұл еншілес ұйымдар Цифрлық даму министрлігімен және мемлекеттік органдармен тікелей жұмыс істейді.
«Бүгінде біздің алдымызда жаңа стратегиялық міндеттер мен цифрландыру қарқынын жеделдету мәселесі тұр. Сонымен қатар ақпараттық коммуникациялық технологиялар саласын басқарудың сапалы жаңа тетігін құруымыз қажет. Бұл ретте алдағы трансформация корпоративтік басқарудың холдингтік құрылымын таратуға қатысты екенін атап өтеміз және бұл өзгерістер «Зерде» холдингінің өндірістік персоналына әсер етпейді», дейді министрлік өкілдері.
Аталған мемлекеттік орган «Зерденің» қолында болған «сервистік интегратор» функцияларын «Цифрлы үкіметті қолдау орталығы» РМК-ға беру туралы шешім қабылдаған. Оның негізгі міндеттері – мемлекеттік басқаруды цифрлы трансформациялау процестерін әдістемелік және ұйымдастырушылық сүйемелдеу және барлық ұлттық жоба мен бағдарламалық құжаттың іске асырылуына мониторинг жасау. Сол себепті Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша Цифрлы үкіметті қолдау орталығы мемлекеттік органдар үшін жетекші талдау орталығы ретінде құрылып отыр және осы орталықтың құрамында Цифрлы трансформация орталығы да жұмыс істемек. Холдингтің бұрынғы қызметкерлері де Цифрлы үкіметті қолдау орталығына жұмысқа ауысады және өздеріне тиесілі барлық төлемді толық көлемде алады деп уәде береді министрлік. «Бүгінгі таңда кадрлық әлеуетті сақтай отырып, мемлекеттік IT-секторын басқаруды реформалау – біздің негізгі басымдығымыз. Бұл министрліктің, «Зерде» холдингінің және ондағы еншілес ұйымдардың ортақ міндеті. Министрлік қызметкерлердің ең жоғары әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету қажеттігін және кейіннен олардың мамандығы мен біліктілігіне сәйкес жұмысқа орналасуын ескере отырып, олардың мүдделерін негізге алатын болады. Холдингті тарату кезінде қызметкерлер өздерінің алдағы еңбек қызметінің перспективаларына қатысты дұрыс шешім қабылдауы үшін бүкіл процесс ашық және айқын өтеді», делінген баспасөз хабарламасында.
20 шілде күні Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Мусин холдинг ұжымымен арнайы кездесіп қайтты. Бұл жүздесуде алдағы жоспарлар талқыланып, холдингті тарату процесі жан-жақты айтылған. «Таратылып жатқан холдинг қызметкерлерінің басым көпшілігі жаңа жобалармен бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыратынын және цифрлы ведомство жүйесінде қалады деп үміттенеміз», дейді министрлік мамандары.