Дамыған, талайдан ілгері кеткен елдердің өркендеу сырына үңілсеңіз олардың барлығы өз жастарының әлеуетін толық пайдалана білгенін аңғарасыз. Тіпті мұны сол мемлекеттердің дамуы негіздерінің бірі деп те қарастыруға болатындай. Сондай-ақ бұл елдер шетелдік дарынды жастарды өздеріне тарту арқылы олардың ерік-жігерін тиімді пайдаланып келе жатқанын да көресіз. Яғни өркенді елдер басқа мемлекеттерде қажетсіз болып, пайдаланылмай жатқан «ақыл-ойды» импорттап, оны өз пайдасына жаратуға мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарауда.
Өз жастарының әлеуетін тиімді пайдаланып келе жатқан елдер тәжірибелі бағбан секілді. Өйткені олар бірінші кезекте «не ексе, соны оратынын» жақсы білгендіктен, өздерінің жас буынының әлеуетті болуына барынша мүдделі. Ал жастарымыз еліміздің болашағы екенін бәрінен де жақсы білетін біз осы салада әрекетсіздік танытып отырғандаймыз.
Өз жасына үміт пен сенім артпағанның болашағы бұлыңғыр. Біз жас буынға, оның ішінде дарынды, талапты, көкірегі ояу жастарымыздың өзіне «Боламын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деп, екі тізгін, бір шылбырды бергіміз жоқ. Жүріп келе жатқан жолымыз – баяғы жағымсыз үрдіс – жалындаған жасымызды әбден өкпесін өшіріп, сілікпесін шығарып, аға буынның бойындағы жат қылықтар мен әдеттерді жұқтыртып барып, елуден асқанда, болдыра бастағанда, ерік-жігерінен жұқалтым бір нәрсе қалғанда ғана жауапкершілік жүктейміз. Есіл жастық жалын, қарқын айдалада қалып қояды. Осынау таптаурын жол қашанғы жалғаспақ? Қоғамға зардапты, уақыт талабына жауап бере алмайтын бұл жол біреулер үшін тиімді болғандықтан ғана әрі қарай жалғаса бере ме?
Әлі күнге дейін «Жастарымыз өз әлеуетін толық пайдалану үшін қандай жағдайлар жасалды?» деген сұраққа жауап ретінде үкіметтік деңгейде толыққанды қандайда бір баяндама ұсынылған жоқ. Сондай-ақ «Ерік-жігері тасыған, білімді, патриот, мемлекеттің қолдауымен қалаған мамандығын игерген жастарымыздың әлеуетін елдің, халықтың игілігіне бағыттай алдық па?» деген сауал да жауабын күтіп тұр.
Кез келген жас өз жерінде еңбек ету арқылы әлеуметтік жағдайын жасауына, еңсесін тік ұстап жүруіне мүмкіндік берілмесе, олардың бір бөлігі өзгенің күш-жігеріне, ақыл-ойына айналады немесе төңкеріс толқынын тудыратын долы күш болады. Бұған өз еліміздегі ахуал – уақытша жұмыс істеп келуге немесе тұрақты тұруға сырт елге кетіп жатқан жастарымыз бен «Қасіретті қаңтар» оқиғасында шеруге шығып, ақырында әлдебір күштерге арандаған жас буын өкілдерін мысал ретінде айтуға болады. Рас, жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр, мұны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ бұл көтермелеулердің барлығы жастарды қанағаттандыра алмайды әрі уақыт талабына сай емес. Біз білетін қолдаудың басым бөлігі атқарушы биліктегі жауапты тұлғалардың қол қусырып қарап отырмағанын аңғарту үшін жасалып жатқан іс-қимылдар жиынтығы секілді көрінеді.
Біліміне, еңбегіне сай ақы төленетін жұмыс орындары бар, қулық-сұмдықтан, сыбайлас жемқорлықтан ада, елжанды, білімді жастарымыз білімсіз, қабілетсіз, бірақ көке-жәкесінің арқасында көтерілген әлдекімдердің қол астында құнжыңдап жүрмейтін қоғам қалыптастыруымыз қажет. Бұлай етпейінше, болашағын тек шетелмен байланыстыра қарайтын жас буын өкілдерінің қатары күн өткен сайын көбейе бермек. Бұлардың басым бөлігі дарынымен дараланып, білімімен ерекшеленіп, талабымен топ жарған бауырларымыз екенін ұмытпайық.
Алған мамандығына сай жұмыс орнын табу қиын біздің қоғамда мыңдап қажетсіз мамандар даярлау ісі үздіксіз жүргізіліп келеді. Мүдделі қожайындардың қалтасын қалыңдату үшін жұмыс істеп тұрған оқу орындарын бітіріп шығатын он мыңдаған жас (деректерге қарағанда бітіруші түлектердің 50 пайызы) өз мамандығы бойынша еңбек етпейді, дұрысы жұмыс таба алмайды. Инженерлер, технологтер, IT мамандар дайындайтын оқу орындары жетіспейді, кейбірінің білім беру сапасына көңіл толмайды. Міне, бұл жағдайлар да жастарды қолдап жатырмыз деген сөздің салмағы жоқ екенін нығарлай түседі.
Қорыта айтқанда, жастарды мемлекет тарапынан қолдау саясатына түбегейлі әрі реформалық өзгеріс керек. Бұл істе Үкімет тек әлеуметтік пәтер беру, аз-маз жәрдемақы төлеу және оны-мұны көтермелеу төңірегінде айналсақтамауға тиіс. Әйтпесе, жастарды бейбіт күнде әлемге жаппай тарыдай шашыратып аламыз. Ал оларды елге қайта жинау қиын болады. Басталғалы біраз болған, алдағы уақытта ұлттық үлкен проблемаға айналу ықтималдығы жоғары тарыдай шашырау үдерісін қазірден тоқтату бүгінгінің басты міндеті болуға тиіс.