• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 26 Шілде, 2022

Халықтың талап-тілегін тыңдады

263 рет
көрсетілді

Парламент депутаттары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Жаңа Қазақстан» құрудағы бастамаларын халық арасында түсіндіру мақсатында еліміздің аймақтарына аттанған болатын. Төменде бір топ сенатордың кездесулері туралы ақпараттарды ұсынып отырмыз.

Парламент Сенатының депутаты Нұр­жан Нұрсипатов Баянауыл ауданына жұ­мыс сапары барысында Жаңатілек және Баян­ауыл ауылдық округтеріне барып, әкім­дермен, жергілікті бюджеттік ұйымдардың өкілдерімен және аудан активімен кездесті.

Сенатор Палатаның заң шығару жұмысы және өткен сессияда Сенатта қабылданған заңдар туралы кездесуге қатысушыларға айтып берді. Нұржан Нұрсипатов заңдар азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Кездесу барысында әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық даму, тұрғын үй-коммуналдық сала мә­селелері, сондай-ақ жергілікті бюджет қа­ра­жатын тиімді игеру мәселелері талқы­ланды.

Жергілікті жұртшылық өкілдері өз кезегінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар ұсыныс айтты. Сенатор көтерілген мәселелердің барлығы заң шығару қызметі барысында ескеріліп, тиісті мемлекеттік органдармен пысықталатынын атап өтті.

Парламент Сенатының депутаттары Нариман Төреғалиев пен Ләззат Рысбекова Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарын аралап, аудан орталығы мен Ханкөл ауылының тұрғындарымен кездесті.

Депутат Нариман Төреғалиев Сенаттың атқарған жұмысы мен Конституцияға енгі­зілген өзгерістер, Президенттің бастамаларын заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі парламентшілер қабылдаған шаралар және Конституцияға енгізілген өзгерістерді іске асыруға қажетті жаңа заңдар туралы кездесу қатысушыларына айтып берді.

Жергілікті тұрғындар өз кезегінде тұрғын үй беру және жерді пайдалану, азық-түлік бағасының өсуі, өнеркәсіпті дамыту және жаңа мектеп салу мәселелерін көтерді.  Парламент депутаттары Алмаз, Ақшат және Шыңғырлау ауылдық округтерін де аралады. Тұрғындардың айтуынша, аудан орталығын көктемгі және күзгі кезеңдерде елді мекендермен байланыстыратын Сегізсай – Ақшат – Шыңғырлау жолын су басады, кей жері шайылып кетіп халыққа қиындық туғызады. Сенаторлар көтерілген барлық мәселе тиісті мемлекеттік органдардың назарына жеткізілетінін және бақылауға алынатынына назар аударды.

Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен жұмыс сапары барысында Жетісу өңірінде болып, құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесті. Облыстық прокуратура мен ішкі істер департаменті өкілдерімен кездесуде депутатқа қаңтар оқиғасы бойынша жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру барысы туралы баяндалды. Өз кезегінде облыс прокуратурасы азаптау фактілерінің әрқайсысы тексеріліп, кінәлі азаматтар тиісті жазасын алатынын айтты.

Сонымен қатар сенаторға қылмыстық процестің үш деңгейлі моделін енгізу қыл­мыс­тарды ашуға көмектесетіні, сонымен қатар цифрландыру деңгейін арттыру қажет екені айтылды. Сапар барысында депутат Ақсу өңірінде де болып, бірқатар әлеуметтік жобаның жүзеге асырылу барысын талқылады.