Жеңіс... Оны сан миллиондаған адам төрт жыл бойы минуттап, сағаттап сарыла күтті емес пе? Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Жеңіс жолында Отан үшін от кешіп, қаншама асыл азамат мерт болды, қаншасы жаралы, мүгедек, кемтар болып оралды.
Майдан шебінде төрт жыл бойы ерлік көрсетіп, 11 әскери награданың иегері атанған гвардия аға сержанты, нағашы атам Мамырбек АБАҒАНОВ атамыз туралы аз-кем әңгіме қозғағанды жөн көрдік.
Мамырбек ата 1918 жылы мамыр айында Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Шілікті өңірінде дүниеге келген. Соғыс басталғанда Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп жүріпті.
М.Абағановтың суреттеріне қарап, сарғайған газеттер, алғыс хаттар мен ол кісі жайында жазылған естеліктерді оқып отырмын. Кеудесінде қос орден – «Даңқ» және «Қызыл Жұлдыз» бірден көзге ұрып, ардагер атамның ерліктерін паш етіп тұрғандай. Соғысты Сталинград майданында, 62-армияның қолбасшысы, генерал В.Чуйковтың барлаушылар ротасының атқышы ретінде бастап, ерлігімен көзге түседі. Бір топ жау солдаты мен екі бірдей танкісін жойған ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденін алған нағашы атам ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденін Висла өзенінен өту барысында жоғары жақтың тапсырмасы бойынша «тіл» әкеліп, жараланғанына қарамастан, штабқа жеткізгені үшін алыпты. Сол кездегі рота командирі, капитан В.Шилин осыдан 40 жыл бұрын облыстық «Коммунизм туы» газетіне жазған естелігінде: «Мамырбек нағыз көзсіз батыр, сен тұр, мен атайын деген жігіт еді», деп ризашылықпен, тебірене еске алған екен.
Берлин. Кіші Тигратен ауданы, соғыстың соңғы күндері. Әрбір үй мен әр қалтарысты алынбас қамалға айналдырған фашисттер соңғы рет тұяқ серпер алдында жанталаса қарсылық көрсетіп жатады. Екі қабатты үлкен үйге бекінген жау әскері полк жолына тосқауыл болып, алға адым аттатпай қояды. Осы кезде М.Абағанов өзінің барлаушыларымен жасырын өтіп, екінші қабатқа көтеріледі. Бірінші қабаттағы фашистердің үстінен гранаталар тастап, оқ жаудырып, полктің алға жылжуына жол ашады. Осы ерлігі үшін полк командирі, подполковник А.Нығматуллин өз қолымен аға сержанттың қан мен тер сіңген гимнастеркасының өңіріне ІІ дәрежелі «Даңқ» орденін тағады.
Мамырбек ата бейбіт өмірге араласқаннан кейін 30 жыл бойы байланыс саласында абыройлы қызмет атқарды. 1973 жылы «Октябрь Революциясы» орденімен марапатталғаны сол еңбекте озық, алда болғанының дәлелі емес пе? 1965 жылы 16 қазандағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген байланысшысы» құрметті атағын да облыста бірінші болып алды.
Кеудесінде қалған қой құмалағындай қорғасыннан, тағы ауыры мен жеңілі араласқан бес жарақаттың салдарынан М.Абағанов 1978 жылдың қараша айында өмірден өтті. Нағашы атамның осынау керемет жаужүректігін естеліктерден оқып, суреттерін көрген сайын кеудемді ылғи мақтаныш сезімі кернейді.
Мамырбек атамыз оқушылармен кездесуінде қазақ жауынгерлерінің майдандағы ерлігі мен тапқырлығын, жауынан тайсалмайтындығын, сұстылығын айтып, қазақтар шын мәнінде жаратылысы батыр, ерлік дәстүрі қалыптасқан ержүрек халық. Қасым, Талғат, Бауыржан, айта берсем қазақта батыр көп. Олар халқымыздың мәртебесін көтерді, ал біз болсақ соның кішкене ғана ұшқынымыз деп айтады екен.
Бүгінде Абай атындағы орта мектепте М.Абағановқа арнаулы бұрыш ұйымдастырылған. Сондағы құжаттарда нағашы атамның көп ақыл-кеңесі, майдангерлер туралы естеліктері жинақталған. Сұм соғысты көзімен көріп, жеңіске жету жолында кектене ұмтылған ерлердің бірі еңбек майталманы Мамырбек Абағанов туралы 1997 – 2013 жылдары еліміздегі бірқатар басылымдарда ардагерлердің, журналистердің, лауазымды адамдардың, жерлестерінің көптеген естелік, мақалалары шығыпты. «Өлмес өнеге – өшпес із» деген осы емес пе?
Жаққан оты өшкен жоқ. Мамырбек атамыз дүниеден озғаннан кейін Қорлығайын әжеміз әкелерінің жоқтығын білдірмей, балаларын аялы алақанымен мәпелеп өсірді, ержеткізді, оқытты. Атамыздың ұлы Мұхтархан алған біліміне сәйкес сауда-экономика саласының ғана емес, жан-жақты білікті азамат, халықаралық «Кенесары хан» қоғамдық қорының директоры, «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері». Моңғолия Өкіметінің шақыртуымен дүниежүзілік «Шыңғыс хан» академиясының академигі атанып, «Әулие батыр Шыңғыс хан» орденімен марапатталған. Қыздары Ләзім, Назым жоғары санатты орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің ұстаздары. Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздіктері төсбелгілерінің иегерлері. Ұлдары Мұратбек, Мақсат, Мархатта жоғары білімді, бірі инженер болса, енді бірі заң саласында жауапты қызметтер атқарады. Немерелері де жоғары оқу орындарын бітіріп, әртүрлі салада қызметтер атқаруда. Сексеннің сеңгіріне таяған Қорлығайын апаны кенже ұл бала-шағасымен аялап бағып отыр.
Соғысқа ешкім де ерлік жасау үшін бармайды. Отанын, елін, жерін жаудан қорғау үшін аттанады. Олар бар болғаны өз заманының перзенттері, өз уақытының патриоттары еді. Өз борыштарын аяғына дейін адал атқарып, ерліктер жасады. Солардың бірі менің нағашы атам еді.
Cерік ҚАНТАЕВ.
Шығыс Қазақстан облысы.