«Бурабай» ұлттық табиғи паркінен шілде айының алғашқы жиырма күнінде 217 тонна қоқыс шығарылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Парк директоры Сергей Быковтың айтуынша, қоқыстың көбейгені демалуға келген адамдар санының айтарлықтай артқанымен байланысты. Шілде айының басынан «Бурабай» МҰТП» ММ бақылау-өткізу бекеттерінен 58 278 турист пен 27 204 көлік өткен.
«Көлдердің жағалауында және адам көп жиналатын жерлерде санитарлық тазалау жұмысы күн сайын жүргізіледі. Жұмыс күні қоқыс үш рет (сағат 6.00, 12.00, 19.00-де), демалыс пен мереке күндері төрт рет шығарылады (сағат 6.00, 12.00, 15.00, 19.00-де). Қажет кезде қоқысты жинау мен тасу жұмыстары үшін қосымша ресурс тартылады.
«Бурабай» ұлттық паркі аумағында 60 металл контейнер қойылған, оның 30-ы Бурабай көлінің жағалауының маңында бір-бірінен 150 метр қашық жерде орналасқан. Оған қоса ұсақ қоқысқа арналған 100 жәшік бар», деді Сергей Быков.
«Бурабай» курортының аумағында тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ететін мекемелерге келер болсақ, бұл жұмысты Бурабай ауданының жерінде – осы ауданның әкімдігі, ал ұлттық парк аумағында – «Бурабай» МҰТП мен «Бурабай Даму» ЖШС жүзеге асырады. Табиғи парктің туристік аймақтарын және көпшілікке арналған демалыс орындарын абаттандыру бірлесіп атқарылады.
Алдын-ала жасалған жоспарға сәйкес, осы маусымда ұлттық парктің рекреациялық жүктеме көп жерлеріне қосымша 100 жәшік пен 20 контейнер, Бурабай кентінің аумағына 16 контейнер мен 30 жәшік қойылады.
Сонымен қатар биыл жаз маусымының басында Ақмола облысының әкімдігі Бурабай курортына арнап қосымша 16 санитариялық торап алды. Оның 11-і ұлттық парк аумағында, қалған 5-еуі Бурабай ауылында орнатылды. Қазір «Бурабай» курортында барлығы 31 қоғамдық санитариялық торап жұмыс істеп тұр.
Ұлттық парк территориясында, Бурабай көлінің 2,5 шақырымға созылып жатқан жағажайында киім ауыстыратын 16 кабина бар. 1 тамызға дейін «Бурабай» МҰТП аумағындағы қоғамдық жағажайларға киім ауыстыратын тағы 5 кабина қойылады.
2022 жылы Шучье-Бурабай курорттық аймағына келген туристер ағыны күрт ұлғайғанын атап өткен жөн. Биылғы 7 айда келушілер саны 550 мың адамға жетті (2021 жылғы көрсеткіш – 300 мың). Жыл соңына дейін туристер саны 1 миллион болады деген болжам жасалып отыр.