• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 26 Шілде, 2022

Әлемде маймыл шешегі өршіп барады

792 рет
көрсетілді

Бұрын Африка елдерінде ғана кездесетін маймыл шешегі кең таралып, бүгінгі таңда бұл инфекцияны жұқтырған адамдар әлемнің көптеген тұсында анықталып жатыр. Жағдайдың бұлай ушығуы жаһандық ауқымда алаңдаушылық тудырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маймыл шеше­гі­нің өршуін бүкіл әлемде төтен­ше жағдай деп жариялады. Бұл – эпидемияға немесе пан­де­мияға әкелуі мүмкін қауіптің ең жоғары деңгейі.

Бұл мәлімдемені Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус өткен сенбіде Женевада ДДҰ төтен­ше жағдайлар комитетінің екін­ші отырысынан кейінгі баспасөз мәс­ли­хатында жасады. Ол ұйымның мұндай шешімге келуіне әлемде вирус жұқтыру санының күрт өсуі себеп болғанын айтты. Жалпы алғанда, 23 шілдеде 75 елде 16 мың адамның инфекция жұқтырғаны анықталды. Ал бір ай бұрын бұл науқастардың саны 3 мың болды.

ДДҰ басшысы төтенше жағ­дай­ды жариялау туралы шешім­ді бес критерий бойынша қабылдайтынын түсін­дір­ді. Оның бірі – вирустың таралу жылдамдығы. Бұл жағдайда маймыл шешегі бұрын кездеспеген елдерге тез таралды. Ұйым аталған инфекцияның таралу деңгейін Еу­ро­­­пада жоғары, ал әлемнің басқа тұс­­та­рында орташа деп бағалап отыр.

ДДҰ қанша жағдай және вирус­тың қаншалықты тез таралуына байланысты елдердің төрт санаты үшін вирусқа қарсы төрт нұс­қау­лық жиынтығын дайындады. Үкі­мет­терге азаматтардың осал топтарын қорғау және аурудың таралуын тоқтату үшін келісілген шаралар қа­был­дау ұсынылады.

Ұйымның мәлімдемесі бойынша, маймыл шешегі вирусы қара шешек вирусына жақын, бірақ ондай жұқпалы емес әрі өлімге әкелмейді. Бұл инфекция тудыратын ауру әдетте оңай өтеді, шамамен желшешек сияқты, ал белгілері бірнеше аптадан кейін өздігінен кетеді. Алайда Батыс Африкада кейбір індеттер кезінде өлім саны 10%-ға жетті. Маймыл шешегінің алғашқы белгілері бойынша анықтау өте қиын. Бұл қызудың көтерілуі, бас ауруы, арқадағы ауырсыну, басқа да көптеген себеп болуы мүмкін. Науқастар қара шешекке қарсы вакцинамен немесе вирусқа қарсы препараттармен емделеді.

Бұл ретте осыған дейін ДДҰ соңғы рет халықаралық деңгейдегі тө­тенше жағдайды коронавирустың таралуына байланысты 2020 жылдың қаңтарында жариялағанын атап өткен жөн.

Қазақстанда бүгінгі таңда маймыл шешегі ауруына күдікті бірде-бір жағдай тіркелмеді. Еліміздің Бас санитарлық дә­рігері – Денсаулық сақтау вице-ми­нистрі Айжан Есма­ғам­бетованың айтуынша, мем­лекет­тік шекара арқылы өткізу орындарында санитарлық-каран­тин­дік бақылау жүзеге асырылады. Мем­­ле­кеттік шекарада аса қауіпті ауру­ларға күдікті науқасты қашық­тық­тан термометрия арқылы анықтау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр.