• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
05 Мамыр, 2014

Жаңа стандарт – жаңа өмірдің әліппесі

780 рет
көрсетілді

Баланы оқыту мәселесі қай қоғамда да өзекті. Әсіресе, соңғы кезде 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуге қатысты стандарт әзірленіп, ол педагогтардың арасында қызу талқыланып, жүйеге түбегейлі реформа жасалу қажеттігі нақтыланған тұста жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартының жобасы да мамандардың назарынан тыс қалған жоқ. Аталмыш тақырып бойынша соңғы бір жылда бұқаралық ақпарат құралдарында педагогтар тарапынан жарияланып жатқан түрлі материалдар соның айғағы. Осы орайда «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру мекемесінде ұйымның басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың журналистер үшін арнайы брифинг ұйымдастырып, жобаның ерекшеліктері туралы жан-жақты әңгімелеп беруін жоба жасаушылардың пікірі деп түсінген жөн сияқты. «Жаһандық өзгерістер мектептерде білім беру жүйесін жетілдіруді талап етеді. Ұзын арқан, кең тұсаудың заманы өтіп кеткен. Қазіргі заманауи адамға қойылатын басты талап – ұтқырлық. Мына жағдайдың өзі кез келген адамға ой салуы тиіс. Мысалы, 2003 жылы интернеттен 3 миллиард ақпарат ізделген болса, 2013 жылы бұл 30 миллиардқа жеткен. Ғылымдағы жаңалықтар мен жаңа идеялардың қарқыны адамзат дәуірінің бес мың жылдық ізденісімен сәйкеседі. Қызықты қараңыз, әлемде 75 миллион жұмыссыздар бар дейміз, керісінше, бос жұмыс орындары да миллиондап саналады. Бірақ, жұмыссыздарды сол бос орындарға алмайды. Өйткені, білігі, өресі жетіспейді. Сол үшін оқытудың, ба­ғалаудың жүйесін өзгерту керек. Жұ­мыстан шығып қалуды трагедияға айналдырмайтын жас буын өсіп-жетілуі тиіс. Олар заманға сай ойлай алатын, жеке басы да, ұжыммен де жұмыс істей алатын адамдар болуы қажет», дейді «Назарбаев зият­керлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова. Оның айтуынша, қолданыстағы білім жүйесінің кемшілігі – оқушыларға барлық кезде дайын ақпарат ұсынылады. Екіншіден, оқушы мұғалімге тәуелді. Бала мұғалім мен оқулықты оқу ақпаратының қайнар көзі ретінде қабылдайды. Үшінші кемшілік – оқудың нәтижесін «біледі» немесе «білмейді» деп бағалау. Біздің пікірімізше, қазіргі мек­тептердің Кеңес Одағы кезіндегі мектептерден пәлендей айырмашылығы жоқ. Тек кейбір пәндер оқу жоспарынан алынып тасталған. Есесіне, тәуелсіздік жылдары олардың орнын өзге пәндер басты. Тиісінше қолданыстағы жүйенің «мектепте нені оқу керек» деген мәселенің контекстінде дайындалғаны өзінен-өзі белгілі. Ал жаңа стандарт жо­баның ауыз толтырып айтатын бір ерекшелігі – «мектепте не үшін оқу қажет?» деген тұрғыда жасалғаны. Бұл орайда, ең бірінші күтілетін нәтиже анықталады. Сосын барып оқытылуы тиіс пәндер таңдалады. Бір ғана мысал айтайық. Жаңа жоба бойынша «Өнер» деген пән енгізіліп отыр. Бұл өнердің жиынтық түрлері қамтылған пән. Сурет салу немесе ән айтып, би билеу, түрлі дизайн жасау қабілеті бір сыныптағы барлық балада бірдей болмайтыны белгілі. Сондықтан, балалар топ-топқа бөлініп, әркім өзінің қабілетіне сай іспен айналысуға мүмкіндік алмақ. Сондай-ақ, ақпарат ғасырында бас­тауыш білім беру стандартының жобасына АКТ (ақпараттық-ком­муникативтік технологиялар) пәнінің енгізілуін қоғамдағы технологиялық өзгерістерден балаларды да шет қалдырмауға жасалған бір қадам деп түсінген жөн. Бәрібір әрбір үйде өсіп келе жатқан жас бала үлкен адамдардың компьютер, планшет, телефон, т.б түрлі техникалық құралдарына өз «үстемдігін жүргізетіні», тіпті кей жағдайларда үлкен адамдар сияқты пайдаланып, құрығанда ойын ойнай алатыны жасырын емес. Сол үшін де бастауыш сыныптарда АКТ түрлерімен жалпылама танысып, жас ерекшеліктеріне сай ақпараттар алуға ұмтылуы болашақ буынның ойлау қабілетінің ұшқыр болуына серпін бере ме деген ойымыз бар. Бұл тұрғыда жобаны жасаушылар қазіргі білім, білік, дағды жүйесін меңгерген «білетін адамды» емес, белсенді, шығармашылықпен әрекет ететін, интеллектуалды, ең бастысы, «алған білімін өмірде қолданатын адамды» артығырақ бағалап отырғаны байқалады. «Назарбаев зияткерлік мек­теп­тері» дербес білім беру ұйымының басшысына журналистер тарапынан «қолданыстағы жүйені өзгерту не үшін қажет» деген тұрғыда сауал қойылды. Сауалға жауап беру барысында ол әлемде түрлі өзгерістер орын алып жатқанын, ертеңгі күні қандай мамандықтарға сұраныстың артатынын дәп басып ешкім болжай алмайтынын, сол үшін балаға неғұрлым өмірден өз орнын табуға алғышарт жасау қажеттігін сөзінің кіріспесі ретінде баяндап, жалпысында жоғары білімді интеграциялау барысында білім жүйесін өзгертудің қажеттілігі өз-өзінен туындап отырғанына баса мән берді. Оның айтуынша, біріншіден, бірқатар дамыған мемлекеттерде жоғары білім саласы мемлекетке табыс әкелетін салалардың қатарында. Екіншіден, еліміз Лиссабон конвенциясына, Болон декларациясына қол қойған ел. Еуропалық классификацияға сәйкес, мектепті бітірген бала 4-ші деңгейде болуға тиіс. Сарапшылар біздің алтын ұялардан түлеп ұшқан түлектердің деңгейін 3-ші деңгей ретінде бағалап отырған көрінеді. Бұл дегеніңіз, ең қарапайым тілмен айтқанда еліміздегі мектептерді бітірген балалар шетелдің жоғары оқу орындарына оқуға түсе алмайды деген сөз. Сондықтан алдымен жүйені өзгерту, жаңа стандарт бойынша ағылшын тілін бастауыш сыныптарда оқыта бастау – ең бір өзекті мәселелердің қатарында. Жаңа жоба бойынша білімнің мазмұны ғана өзгермейді. Ресурс­тарды, мұғалімдерді, мазмұнды өзгертудің кешенді бағдарламасы дайындалған. Бұл тұрғыда педагог мамандардың кәсіби деңгейін арттыру мен педагог мамандардың жаңа буынын даярлауда педагогикалық жоғары оқу орындарының жұмыстарын жетілдіру де қарастырылған. Сондай-ақ, «құрмет», «ынтымақтастық», «ашықтық», «қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік», «өмір бойы білім алу» сынды құндылықтарға негізделіп жасалған жаңа құжат 2015 жылдың жаңа оқу жылынан бастап республика бойынша отыз мектепте апробациядан өтетіні де брифинг барысында белгілі болды. Қалай десек те, алаш баласы білімнің жаңа әліппесін ашатын күнге біртіндеп жақындап келеді. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар