• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Шілде, 2022

Бағдат Мусин Жетісу облысының тұрғындарымен кездесті

268 рет
көрсетілді

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Жетісу облысының халқымен кездесіп, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өңірге сапары барысында цифрлық даму министрі Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаевпен бірге Көксу ауданы Балпық би ауылындағы аудандық орталық ауруханада болды. Нысанды аралап, ондағы дәрігерлер қолданатын ақпараттық жүйелермен танысты. Медицина мамандары ақпараттық жүйелерді қолданудағы әсерлерін бөлісіп, жұмысты одан әрі жетілдіру жөніндегі өз ойларын айтты.

«Заманауи қосымшалар пациентке қамқорлық жасауға жәрдемші болуы керек, денсаулық жағдайы туралы және басқа да қажетті мәліметтерді есіне салып, оған хабарлама жолдап отыруы керек. Қазіргі кезде самртфондарды қалай қолдану керектігін кез келген адам біледі, сондықтан қазақстандықтар үшін өз денсаулығына қатысты қажетті деген жеке мәліметтерін алып отыру үшін өз девайсын қолданған қолайлы. Денсаулық сақтау министрлігі осыны іске асыру мәселесін бақылауға алуы тиіс», деді министр.

Мұнан соң министр жергілікті ХҚО жұмысымен танысып, жеке азаматтар үшін қабылдау өткізді.

Халықпен кездесуі барысында Бағдат Мусин халыққа, сонымен қатар  жаңа цифрлық кеңістікте өмір сүретін болашақ ұрпаққа арналған жаңа мүмкіндіктер туралы айтып берді.

«Осы айда Мемлекет басшысы электронды құжаттарды қағаз құжаттармен тең қолдануға мүмкіндік беретін заңға қол қойды. Бұдан бөлек электронды үкіметпен біріккен байланысы бар барлық компаниялар мен мемлекеттік органдар клиенттен қағаз анықтамалар сұрауға құқы жоқ», деді Бағдат Мусин.

Сонымен бірге министр цифрлық ведомство министрі ауылдық жерлерде тұратын азаматтар үшін «Қазпошта» АҚ базасында мемлекеттік қызмет алуға болатын цифрлық нүктелер ашылатынын да айтты. Ендігі жерде компьютері немесе интернеті жоқ ауыл тұрғындарының аудан орталығына немесе қалаға шықпай-ақ цифрлық нүктелер арқылы қызмет алуға, мемлекеттік органдарға электронды өтініштер жіберуге мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ тұрғындарды сапалы байланыс және интернет желісін беру кездесуде талқыланған өзекті мәселелердің бірі болды. 

Кездесуге телекоммуникация комитетінің, байланыс операторларының өкілдері де қатысып, көпшіліктің сұрақтарына жауап беріп, туындаған мәселелерді шешудің жолдарын қарастыратындарын айтты. 

Сол сияқты министр өңірдегі жер ресурстарының тиімді қолданылуына  ғарыштан мониторинг жасаудың нәтижелеріне қысқаша тоқталды. Мәселен, 2022 жылдың 1 жартысында Жетісу облысы аумағында 21 224,6 га егістік жердің пайдаланылмай жатқаны, 6 973 га егістік жердің мақсатты пайдаланылмайтыны анықталған.

Оған қоса 2022 жылы Жетісу облысы аумағында 134 рұқсат етілмеген қоқыс нысаны бар екені, рұқсат етілген 22 қоқыс көму полигонының 14-і белгіленген шекараны бұзғаны анықталды. Сондай-ақ пайдалы қазбаларды заңсыз пайдаланып отырған 44 орын белгілі болды, соның 4-еуі – аумағы өзгертілген, 40-ы – аумағы өзгертілмеген тарихи орын.

Төтенше жағдайларды алдын ала ескертуге, өз бетімен басып алынған аумақтар мен орман-тоғайларды заңсыз кесу ошақтарын  анықтауға мүмкіндік бар.

Жұмыс сапарының соңында Бағдат Мусин Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевпен кездесіп, цифрландыру саласындағы өңірді дамыту жөніндегі өзекті мәселелерді талқылады.

Өз кезегінде Бағдат Мусин министрлік Жетісу өңірімен облыста IT-мамандарды даярлау, өңірдің мемлекеттік мекемелерінің бірыңғай ақпараттық базасын қалыптастыру, ғарыштық мониторинг бағыттары бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін атап өтті.