Өсек қусаңыз бұрын базарға не көшеге бар деуші еді, қазір әлеуметтік желіге... Есеп қусаңыз тағы сонда. Ал Мағжан айтпақшы жан ісіне өлшеніп кесек тусаңыз бізге құлақ түруге тура келеді. Бізге емес, дұрысы – әнге айналған жан сөзіне.
Асылында ән туралы айту қиын. Несін айтасың, өлеңі мен әуені қабысып, көңіл күй мен сезімді өзі жеткізіп тұрса. Алайда ғайыптан тайып сол ән естілгенде жаныңда жастық шақтың сезімдері бүр атып, кеудеңді керемет бір күйге бөлеп, сәулелі сәттерің қайта оянса қайтпексің? Тіпті мүлде ұмытуға айналған шақтарың шыға келуі кәдік сана түкпірінен. Адамзат басынан өткеретін небір аяулы сезімдерді қайта жаңғыртатын құдіреттің бірі ән емес пе? Біздің бала кезімізде, кей буынның бозбала, жігіт шағында шыққан Бақытжан Алдиярдың «Ерке қыз» әні сондай туындының қатарынан деген ойдамыз. Білуімізше, «Жігіттер» тобының жұлдызын жаққан туынды осы болса керек. «Жігіттер» десе есімізге бірден «Ерке қыз» әні түседі, өйткені. Ал «Ерке қыз» десе жастығы сол уақытта өткен жігіттердің көкейін тескен бейкүнә елік сезімдер өріп ала жөнелуі әбден мүмкін. «Сен мен үшін армансың, жанды жаулап алғансың, арманым боп қалғансың, ерік те өзіңде. Елігімдей ерке қыз, жанымыздың дерті егіз, еркелеппіз ерте біз, елік сезімге» деген бозбаланың көкейкесті сөздері. Кімнің де болсын жүрек түкпірінде осы әннің сөзінде айтылғандай елік сезімдер жүрері анық-ау. Қазақ ұнатқанын елікке, құралайға теңейтін әдеті ғой. «Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім, өзге аңға жануарды тең көрмедім. Көздері мөлдіреген ақ бөкенді, адамның баласынан кем көрмедім» демей ме Сәкен? Қойдан жуас қоңыр аң жазықсыз, бейкүнә әрі мінсіз сұлу жаратылыс. Сондықтан қазақ қоңыр аң деп атайды елік, киік, марал сияқты жануарларды. Жүрген жерін жаралайтын жыртқыш емес бұлар. Көзі мөлдіреген бейкүнә бейнені көз алдыңа әкелген ән сөзінің кілті де осы тұсында тұрғанға ұқсайды. Шығарма қазақы таныммен өскен ұрпақтың көкейіне қона кететіні де әлгіндей қасиеттерінен деп білеміз. Олай болмаса бұл әнді біз де тілге тиек етпес едік қой. Әйтпесе қай әннің ковер нұсқасы шықпай жатыр?
Биыл бұл ән қайта қопсып, уақыт бетіне «ковер» нұсқасы шыққанда жастар жақсы қабылдады. Халық арасына кең тараған әндердің осындай нұсқасы (ковер) оқтын-оқтын тұсауын қайта кесіп жатады-мыс, естуімізше. Сол сөз бен ән, бірақ сәл өзгешелеу шырқалған түрі. Шыға сала YouTube-та 300 мыңға жуық қаралым жинапты. Жастарға мұндай үлгі жақсы өтері белгілі. Сөйтсе де әңгіме түпнұсқада, тұма-бастауында ғой.
Бұрын көп болғанымен, қазір бұлай әні мен сөзін бір адам жазған және хитқа айналған туынды сирек. Ән авторы, белгілі ақын Бақытжан Алдиярдың айтуынша, «Ерке қыз» 1995-96 жылдары дүниеге келген. Онда Шымкент шаһарының Мәдениет институты дүрілдеп тұрған кез еді дейді. Заманында небір атақтылар сол жерден түлеп ұшқанын және қаперлеп қойды ақын. Ән туысымен сондағы талантты қыз-жігіттердің орындауында әуелі Шымкент шаһарында шырқалып жүреді. Арада бірнеше жылдар өтеді. Автордың өзі де ұмытуға айналады әнді. Ұмытқанда, есінен шығып кеткен ғой. Күндердің күні, 2000-шы жылдың басында Алматыдан Шымкентке пойызбен жолға шығып, купеде отырса, бір топ домбыра, гитара ұстаған қыз-жігіт ән шырқап отырады. Арасында бір туынды жанына өте жақын болып шығады. Сосын әлгі бір топ өнерпазды шақырып алады автор. Манағы орындаған таныс әнді бес мың теңге беріп қолқалап айтқызып, әнін есіне түсіріп, сөзін диктофонға жазып алады. Бірнеше жылдан бері ел аузында жүргендіктен сөзі бастапқыдай емес, бұрмаланған көрінеді. Сөйтіп жүрген «Ерке қыз» 2000-шы жылдардың басында авторы мен өз отанын қайта тапқан да, көп кешікпей қазақ сахнасында «Жігіттер» тобының орындауында «жарқ» ете қалады. Автордың ән туралы есінде қалғаны осы – өз туындысын бес мың теңге беріп сатып алғаны. Ал нақты кейіпкерін сұрағанымызда, «ерке қыздар көп болды ғой» деп құтылды. Әрине, ел ішіне кең тараған, әсіресе жастар сүйіп тыңдайтын мұндай шоқтығы биік лириканың кейіпкері болмауы мүмкін емес. Оның шет жағасын естіп жүрсек те, автордың өзі айтпаған соң жылы жауып қоя тұрғанымызбен, күндердің күні тарих бетіне шығары да сөзсіз.
2000-шы жылдардың ортасында домбыра, гитара ұстаған ауыл жастары түгел шырқап кеткен әнді естігенде біз де бей-жай қала алмайтынымызды неге жасырайық? Кейінде сөз арасындағы кейбір күмәнді тұстары түрпідей тиген соң шет жағасын автордан сұрағанбыз. Қазақ поэзиясында орны бар ақын кей тұстары қате айтылып жүргенін айтып қалды. Әрине бастапқы нұсқасында «бірімізге келіппіз» емес, «бір-бірімізге келіппіз» болғанын еске алды әуелі. Онысы домбырамен шырқағанда келеді екен де, эстрадаға салғанда келмей қалатынын да қаперледі. Айналып келгенде бірінші шумақтың дұрысы былай екен:
«Бір-бірімізге келіппіз,
Бір көруге жерікпіз.
Елітуші ем, елік қыз,
Назыңа үндегі»
«Жігіттер» тобының орындауында бұл шумақтың соңы «елітуші ек, елік қыз. Назың гүлдегі» деп айтылып жүр.
«Сынығындай иненің,
Жабырқаулы күйдемін.
Сені сонша сүйгенім
Жазығым бе еді?»
деген шумақтың сөзінде гәп жоқ. Қайырмасының сөзінде де әттеген-айларды жіберіп алған орындаушылар. Дұрысы былай болады:
«Сен мен үшін армансың,
Жанды жаулап алғансың,
Арманым боп қалғансың,
Ерік те өзіңде.
Елігімдей ерке қыз,
Жанымыздың дерті егіз,
Еркелеппіз ерте біз,
Елік сезімге»
Қайырмадан кейінгі «айналасың мүсінге» деп басталатын екінші шумақтың сегіз жолында қате жоқ. Үшінші шумақ былай өріледі:
«Өтер қайғы, өтер сын,
Ұмыта алмайды екенсің.
Шертіп мәңгі өтерсің
Күйін басқаның...
Қайырлатпай қаяу-мұң
Бағыңды тап баянды.
Қош бол менің аяулы,
Бұйырмас бағым»
болып аяқталады жыр.
Ақ қағазға таңбалап, шығарып алып оқығандар «Ерке қыз» әнінің сөзін жырға балар еді. Әдетте әннің мәтіні бұлай ұзақ бола бермейді. Және төрт аяғын тең басқан поэзия. «Елітуші ем, елік қыз, назыңа үндегі» деген жолдардан кейіпкердің дауысы жағымды болғанын бағамдау да қиынға соқпайды деп ойлаймыз. Қалай десек те, көңілге қонып, жүрекке жаққан туынды әр тыңдаушының жан түкпірінде жүретін елік қызға айта алмай кеткен жүрекжарды сезімін жеткізе алғандығымен өміршең.