Жаһандық геосаясат және экономика саласының танымал тұлғасы Daniel Yergin – энергетика саласының қыр-сырын терең зерттеген ғалым-қаламгер. Автордың The Prize: The Epic Quest for Oil, Money, and Power («Жүлде: мұнай, ақша және билік үшін күрестің дүниежүзілік тарихы») атты алғашқы кітабы жарық көрген бойда бестселлерге айналып, әлемнің 17 тіліне аударылған. Бұл заманауи туыдысы үшін автор Пулитцер сыйлығына ие болған-ды.
Терең зерттеулерін жалғастыра отырып, Daniel Yergin The New Map: Energy, Climate and the Clash of Natons («Жаңа карта: энергетикалық ресурстар, климат және мемлекеттер қақтығысы») атты 2020 жылы Нью Йоркте басылып шыққан жаңа кітабында соңғы онжылдықта АҚШ-та орын алған тақтатас революциясын ғана емес, жаһандық климаттың бұзылуы туралы да ой толғайды. Сондай-ақ әлемдік геосаясаттағы бәсекелестік пен мемлекеттер арасындағы қақтығыстардың адамзат болашағын қайда апарып тірейтіні жайлы да терең пікірлерімен бөліседі. Сондықтан автордың тілге тиек еткен бұл туындысы – мұнай-газ саласының кәсіби мамандары үшін ғана емес, сонымен қатар әлемдік геосаясатқа немқұрайды қарай алмайтын кез келген оқырманға да таптырмайтын ақпарат көзі.
Автор айтпақшы, соңғы бір жарым ғасырдағы әлем картасын мұнай-газ индустриясынсыз елестету мүмкін емес. Сосын, 2009 – 2019 жылдар аралығында орын алған макроэкономикалық үдерістердің жаһандық энергетикалық нарық картасын күрт өзгертіп жібергені де даусыз. Әлгі үдерістердің ең бастысы АҚШ-та жаппай өріс алған тақтатас газы мен мұнай өнімдерінің өрістеуі болса, екіншісі – жаңғырмалы энергия көздерінің қарқынды даму динамикасы. Үшіншісі – жоғарыда атап өткендей, жаһандық климаттың бұзылуы, ал төртіншісі – алпауыт мемлекеттердің энергетика саласын қаржыландыруға бағытталған саяси белсенділігі мен сол мемлекеттер арасындағы бәсекелестіктен туындаған қырғи-қабақ соғыстардың белең алуы.
Автордың түйіндеуінше, соңғы онжылдықтағы АҚШ, Ресей, Таяу Шығыс және Қытай мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық және геосаяси қарым-қатынастар бірінші кезекте сол мемлекеттердің мұнай-газ экспорты мен импортына қаншалықты тәуелді екендігі төңірегінде өрбіген. Сәйкесінше, екінші кітабында Д.Ергин сол іргелі мемлекеттердің ішінде, кейінгі онжылдықта әсіресе, АҚШ-тың мұнай-газ импортынан біржолата арылып, мұнай-газ өнімдерін экспорттаушы ең ірі державаға айналғанын алға тартады. Қытай тарапының, керісінше, мұнай мен газ өнімдеріне деген сұранысының күрт өсіп кеткендігін, сондай-ақ осы үдерістердің геосаяси салмағы мен экономикалық салдарын терең сараптауға тырысқан.
Осы тұрғыдан келгенде, АҚШ-тағы тақтатас революциясы, әсіресе сол кездегі табиғи газ өндірісінің көшбасшысы әрі әлгі стратегиялық шикізатты Еуропаға ірі көлемде экспорттаушы Ресей үшін үлкен сынаққа айналғаны анық байқалады. Мұның нақты дәлелі ретінде Д.Ергин 2013 жылы Петербургте өткен халықаралық экономикалық форумда бір журналистің Ресей президентіне: «Ресейдің экономикасын әртараптандыру мүмкіндігі қандай? Ресейдің энергия экспортына тәуелділігін қалай азайтуға болады? Шығыс Еуропада тақтатас газын өндіру туралы не ойлайсыз?» деген сұрақтарына Владимир Путиннің ашуға булығып: «Тақтатас газы су мен топырақты ластайды және ол қоршаған ортаға аса қауіпті», деп, шорт кесіп, келте жауап қайырғанын алға тартады. Путиннің бұл қылығынан форумға қатысушылар АҚШ-қа шаш-етектен пайда әкелген тақтатас революциясыың Ресей президентінің шымбайына тікен болып қадалғанын анық байқаған.
Д.Ергиннің пікірінше, мұнай мен газ өнімдерін импорттау бүгінгі Қытайдың экономикалық өсімінің іргетасына айналған және автордың олай деуінің жөні де бар. Өйткені 2009 жылы Қытай әлемдегі ең ірі энергия тұтынушы мемлекетке айналып, АҚШ-тан асып түскен. Д.Ергин келтірген өзге деректерге қарағанда, бүгінгі Қытай әлемде өндірілетін энергия қорының 25 пайызын тұтынып отыр. Сондай-ақ атом энергиясының дамуына және жаңғырмалы энергия көздерінің көбеюіне қарамастан, Қытайдағы энергияның 90 пайызы, негізінен, қазба отындарынан өндірілетіні және оның ішіндегі көмір үлесінің 60 пайызға жететіні де жасырын емес.
46 тараудан тұратын туындысында Дэниел Ергин әлемнің жаңа картасын алты географиялық аймақпен байланыстыра сызған және оларға сәйкесінше, «Америка Құрама Штаттарының жаңа картасы», «Ресей картасы», «Қытай картасы», «Таяу Шығыс карталары», сондай-ақ «Жол картасы» және «Климат картасы» деген атаулар беріп, әрқайсысын шегіне жеткізе сипаттайды.
Дэниел Ергиннің түйіндеуінше, о баста жаңа өндіріске қажетті технологиялардың әлі қалыптаса қоймағандығынан АҚШ-қа жер қыртысының терең қабаттарында жатқан тақтатас шөгінділерінен ұңғымалар арқылы газ бен мұнай өндіру оңайға соқпаған сыңайлы. Оның үстіне, алғашында аталмыш өндіріске жұмсалған қомақты қаржы шығындары тез ақтала қоймаған. Сондықтан да шығар, бұл жобаға инвесторлар тарту мүмкіндігі де өте шектеулі болған. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары, яғни тақтатастарды игеру кезеңі басталғанға дейін АҚШ-тың газ өндірудегі әлемдік үлесі ешқашан 17 проценттен аспаған. Сол себепті ол мемлекеттегі электр энергиясы көлемінің басым көпшілігі тек көмірдің күшімен ғана өндірілген. Алайда газға тәуелділіктен құтылу үшін үздіксіз жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде АҚШ-та вертикаль ұңғымаларымен қатар көлбеу ұңғыма технологиялары да игеріліп, өндіріске белсенді енгізілген кезде, АҚШ тақтатастардан тек газды ғана емес, мұнайды да көп мөлшерде өндіре бастаған. Соның арқасында 2019 жылға қарай АҚШ-та көмірге тәуелділік 25 процентке төмендесе, газдың үлесі сәйкесінше, 37 процентке ұлғайған әрі осыдан біраз жыл бұрын ғана газ бен мұнай импортына тәуелді болып келген алпауыт ел ендігі жерде айды аспанға шығарып, бір-ақ сәтте энергетика саласындағы көшбасшы мемлекетке айналып шыға келген. Сөйтіп, тақтатас революциясы мен технологиялық шешімдер АҚШ-тың халықаралық саудадағы геосаяси басымдығын түбегейлі өзгертіп жіберген. Ал егер, автор айтпақшы, белгілі бір себептермен аталмыш революция орын алмай қалғанда, АҚШ бұрынғыша, әлемдегі ең ірі газ бен мұнай импорттаушы мемлекет болып қала беретін еді.
Енді міне, сәтті іске асырылған тақтатас революциясы Америка Құрама Штаттарының терезесін өзімен бәсекелес Ресей және Сауд Арабиясы секілді әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші әрі экспорттаушы мемлекеттермен теңестіріп, АҚШ-тың әлемдік мұнай нарығының ең үлкен үштігіне енуіне жол ашқан. Сондықтан АҚШ үшін бұл заманауи революция әлемдік экономика тұрғысынан ғана емес, жаһандық геосаясат тұрғысынан да өте маңызды рөл атқарғаны күмән тудырмайды.
Дәл осы тұрғыдан келгенде, Дэниел Ергин сызған әлемнің жаңа картасын тек энергетика ресурстары мен планета бетіндегі ұшы-қиыры жоқ мұнай-газ құбырларының картасы ғана емес. Сонымен қатар бүгінгі әлемнің энергетика алыптары қалыптастырып отырған жаһандық геосаясаттың да, екпінді экономикалық дамудың да, технологиялық ілгерілеудің де, сол сияқты тоқтаусыз өзгеріске ұшырап отырған планета климатының да, тіпті алпауыт мемлекеттер арасындағы бәсекелестік пен күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан қырғи-қабақ соғыстардың да жаңа картасы деуге әбден лайық. Бұлайша түйіндеуге толық негіз бар. Өйткені бүгінгі адамзат өркениетінің қомақты энергия көзіне айналған мұнай мен газ тек іштен жанатын қозғалтқыштардың күшімен зымырайтын автомобильдердің ғана емес, сонымен қатар тракторлар мен трейлерлердің де, жолаушылар мен жүк тасымалдайтын алып теңіз кемелері мен ұшақтардың да, сондай-ақ азаматтық немесе әскери транспорт жүйелері мен завод-фабрикалардың да қуат көзіне, cонымен қатар әлем экономикасының тиімді басқарылып, үздіксіз алға жылжуы мен бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік беретін геостратегиялық күшке айналғаны да көзге ұрып тұр.
Д.Ергин келтірген және бір уәждің де қисыны бар. Мәселен, бұрын жаһандық мұнай нарығы туралы сөз бола қалса, жұрт ең алдымен мұнай экспорттаушы елдердің басын біріктіретін ОПЕК ұйымын бірінші атайтын. Ал бүгінгі таңда жұрт ОПЕК-ті емес, ең алдымен жоғарыда аталған ірі мұнай экспортаушы үш мемлекетті атайтын болып жүр. Сосын, ол үштіктің көш басында АҚШ-тың тұрғаны да белгілі.
Дэниел Ергин сызған әлемнің жаңа картасынан Орта Азиядағы мұай-газ ресурстарына бай Қазақстан, сол сияқты Каспий теңізінің жағалауындағы Әзербайжан, Түрікменстан, Иран да, сондай-ақ, мұнай мен газ импортына аса тәуелді Батыс Еуропа елдерімен қатар әсіресе, тұтынатын мұнайдың 99 пайызы мен табиғи газдың 98 пайызын сырттан таситын Қиыр Шығыстағы Жапония мен сұйытылған газдың ең ірі импорттаушысы Оңтүстік Корея да сырт қалмаған.
Дэниел Ергиннің пікірінше, мұнай-газ өнімдері – бір жағынан әлем экономикасына ауадай қажет электр энергиясын өндіретін стратегиялық тауар болса, екінші жағынан олар керісінше, қоршаған ортаны ластайтын көмір-қышқыл газының қайнар көзі. Мәселен, бүгінгі таңда АҚШ-та 280 миллион автокөлік болса, солардың 270 миллионы бензин пайдаланатын көрінеді. Орта есеппен әрбір көлік жол үстінде 12 жыл жүрсе, мұнай өнімдеріне сұраныстың әзірге азая қоюы тіпті де мүмкін емес екені көрініп тұр. Оның үстіне, мұнай-газ өнімдерінен жасалған пластикалық бұйымдар мен қондырғылар медицина саласында да, авиация және автомобиль өндірістерінде де кеңінен қолданылады, сондай-ақ олар күнделікті өмірде, әсіресе бөлшек сауда орындарында зат салып алатын пластик пакеттер ретінде де үлкен сұранысқа ие.
Дэниел Ергиннің көлемді туындысында өзге де өзекті мәселелер жетіп артылады. Бірақ оларды оқырман қауымның өз құзырына қалдырып, мақала соңын сүйінші хабармен түйіндеуді жөн көрдік. Үстіміздегі 2022 жылы маусым айының соңына қарай, Астана Халықаралық қаржы орталығының жетекшісі Қайрат Келімбетовтің бастамасымен мемлекеттік тілімізге аударылған екі америкалық қаламгердің іргелі кітаптарының тұсауы кесілген болатын. Олардың бірі – біздер тілге тиек қылған, Пулитцер сыйлығының иегері Дэниел Ергиннің «Әлемнің жаңа картасы: энергетикалық ресурстар, өзгеру үстіндегі климат және мемлекеттер қақтығысы» атты туындысы. Екіншісі – 2019 жылы Нью-Йорк, Лондон, Торонто, Сидней және Нью-Дели қалаларында бір мезгілде ағылшын тілінде жарық көрген әйгілі америкалық миллиардер-бизнесмен, инвестор-филантроп, саңлақ саясаткер әрі Америка сынды алпауыт елдің ықпалды қоғам және мемлекет қайраткері Стивен Шварцманның «Бұл үшін не қажет: кемелдікке ұмтылыс сабақтары» атты ғажап туындысы-тын. Соңғы кітап – кәсіпкер болуды армандайтын жасампаз жастар үшін ғана емес, әлемді шарпыған жаһандану заманындағы күллі бизнес өкілдері үшін де таптырмас үлгі. Өйткені бұл заманауи туындыда көрініс тапқан қаржы әлемінің кәсіби маманының прагматикалық ақыл-кеңестері ұшан-теңіз әрі мұнда кез келген ақыл иесінің санасына сәуле шашатын құнды деректер тізбегі де жетіп артылады.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі