Елімізде соңғы кезде қаржылық пирамидалар туралы жаңалықтарды көп естіп жүрміз. Соңғысы көпшілікке танымал вайнерлердің қатысуымен кең жарнамаланып, кейін «пирамида» екені анықталған соң, идеяның авторы шетел асып құтылып, есесіне «шелек жалаған» вайнерлер тұтылып, қамауға алынуымен аяқталды.
Көп жерде, аңғал халықты «оңай табысқа қол жеткізесіздер» деп қақпанға түсіретін алаяқтар адамның осал тұсын қолдануды көздеп жүреді. Сондықтан ағайынның мұндай пирамидалардың құрбаны болып, қолындағы азын- аулақ ақшасынан қағылып қалмауы үшін, ақпарат құралдарында дұрыс ақпараттандыру арқылы қоғамды пирамидаларға қарсы «вакциналап» отырған жөн.
Кейінгі кездері әлеуметтік желілерде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың суретін немесе жиналыстардағы видеоларынан үзінділер пайдаланып, мемлекеттік компаниялардың акцияларын халыққа сатамыз деген жарнамалар көбейіп кетті. Бір қарағанда, шынымен жарнаманы мемлекеттік ұйымдар жасап жатқандай көрінеді. Қарапайым халық та солай ойлайтыны түсінікті. Бастапқыда мен де солай ойлаған едім. Кейін мұқият қарасам, жеке компаниялардың жарнамасы екенін аңғардым
Сондай-ақ жарнамалардың көбінде Каспи банктің басшысының аты немесе танымал кәсіпкерлердің есімдері (Марғұлан Сейсамбаев, Нұрлан Смағұлов, Мұхтар Жакішевтің аттары бұрмаланып беріледі) қолданылса, кейбіреуі нақты компанияның аты (мысалға, «Халық банкі» мен «Қазмұнайгаз») пайдаланылады.
Бұған мән бермей жүре берер ме едік. Өйткені ешкім сене қоймайтындай көрінген. Бірақ айналамдағы таныстардан сұрақтар келе бастады. Бірінші рет үйдегі анашым мен үлкен ағам сұрады. «Халық банктің» акцияларын халыққа сатып жатыр екен ғой, жақсы пайда табасың деген жарнама көп», деп сұрады.
Содан кейін ауыл жақтан хабарласқандар саны артты. Каспи банктің атынан біреулер ақпарат таратып, 73 мың теңге ақша құйсаңыз 50 пайыздық бонус беріледі деп уәде беріп жатыр екен. Осыдан кейін ойланып қалдым, алаяқтардың жарнамалары халыққа кең таралып жатса, көпшіліктің бұлардың құрықтарына түсуі ықтималы да арта түседі.
Сондықтан мұндай алаяқ жарнамалардан абай болған жөн. Енді бұның бәрін алаяқтар істеп отырғанына байланысты бірнеше дәлел. Біріншіден, компаниялардың акциялары базардан зат сатып алғанға ұқсамайды. Акция – құнды қағаз, ал ол арнайы заңдармен реттеледі және қадағаланады. Акциялар мемлекеттің арнайы лицензия берген қор биржаларында сатылады. Мысалға, «Қазақстан қор биржасы» АҚ немесе «Астана халықаралық қаржы орталығы (МФЦА)» АҚ биржалары бұған мысал. Елімізде басқа ресми қор биржалары жоқ.
Екіншіден, қор биржасында акцияларды алып-сату қызметін мемлекет тарапынан лицензия берілген арнайы мамандандырылған басқарушы компаниялар немесе брокерлер көрсете алады. Сондықтан біреулер акция алып беремін десе, мемлекеттік лицензиясын сұраған жөн. Алаяқтарда мұндай лицензия болмайды. Олар құжат беруден қашады. Жалпы, жеке тұлғалар өз бетімен бір компанияның акциясын алып сата алмайды. Мұндай қызметті жүзеге асыруы үшін басқарушы компаниямен немесе брокермен келісімшарт жасасып, басқарушы компанияда ашылған арнайы шоты болу керек. Желідегі желөкпе жарнамашылардан осы ақпаратты да сұрасаңыз, мәселенің мәнін түсінесіз. Мұнымен шектелмей, кеңселерінің қайда екенін сұрау (адресін, қалалық телефон номерін, компанияның құжаттарын), қанша адам жұмыс істейтін, мамандарының білім деңгейлері қандай екенін, интернеттегі сайттарын, басқа клиенттердің пікірлерін сұрау да алаяққа алданбауға көмектеседі.
Үшіншіден, ешқандай басқарушы компания немесе брокер өз клиентіне белгілі бір табыс мөлшеріне кепілдік бере алмайды. Заң бойынша бұған тыйым салынған. Қор нарығы үнемі қозғалып отырады, компания акциясының бүгінгі бағасы ертең құлдырап кетуі де мүмкін, шарықтап кетуі де мүмкін. Сондықтан акцияларға ақша салу, инвестиция салу өз кезегінде тәуекелге дайын болуды талап етеді. Акцияға салған ақшаңызға банктің депозитіне салынған ақша секілді мемлекет тарапынан кепілдік берілмейді. Өздеріңіз түсінгендей, бұл – өте күрделі шаруа, бұған арнайы білім керек.
Осы орайда, алаяқтардан сақ болу, қаржылық сауаттылықты арттырып, ақшаңызды тиімді басқаруды үйренген абзал. Ең бастысы, кез келген оңай ақша табу ұсыныстарына күмәнмен, күдікпен қарауды үйренген жөн. «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деген сөзді естен әсте шығаруға болмайды.
Бекжан ТОЛЫБАЙ,
экономист