• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Тамыз, 2022

Сарбаз өлімі – сары уайым

1473 рет
көрсетілді

Кейінгі уақытта елімізде сарбаздардың өлімі жиілеп кетті. Жазатайым оқиға болса бір жөн. Өз-өзіне қол жұмсап, ажалы өзге сарбаздардың әлімжеттік әрекетінен келіп жатыр. Жұртшылықты алаңдататыны да сол. Бейбіт күнде жалғыз ұлынан айырылу оңай емес, әрине. Осы ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясындағы әскери қызметшілер арасында өлім-жітімнің жиілегеніне ерекше назар аударып, арнайы комиссия құруды тапсырған болатын. Президент келеңсіздіктердің себебін тергеп-тексеру, әскери қызметшілер арасындағы заңсыздықтарды жою және келешекте әскердегі мұндай теріс іс-әрекеттерді болдырмауды нақтылап, осындай жағдайға жол берген офицерлер жазаланатынын ескерткен еді.

Қабырғаны қайыстырған қайғылы хабар

Жыл басынан бергі сарбаздардың өліміне қатысты қайғылы жағдайлар ұмытыла қойған жоқ. Күні кеше тағы екі оқиға елді шулатты. Степногор қаласындағы әскери бөлімде Ұлттық ұланның әскери қызметкері асылып қалған жерінен табылды. «29 шілдеде сағат 21.00 шамасында автопаркте кезекші қызметін атқарып жүрген мерзімді қызметтегі қатардағы сарбаз Н.А.Оразбай кезекшіден дәретханаға баруға сұранған. Біраз уақыттан кейін ол автопарк қоймасында асылып қалған жерінен табылды», делінген Ұлт­тық ұланның «Орталық өңірлік қолбас­шылығы» таратқан ресми хабарламада.

Автопарк кезекші қызметі дереу алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Одан кейін сарбаз жедел жәрдеммен Степ­ногор қаласының орталық қала­лық ауруханасына жеткізілгенімен көз жұмды. 1995 жылы туған қатардағы жауын­гер Оразбай Жетісу облысы Қор­ғаныс істері жөніндегі Панфилов басқар­масынан 2021 жылдың күзінде шақырылған.

Ал 30 шілдеде сағат 05.15-те әскери бөлімге аға сержант А.С.Мерғалиевтің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат түскен. «Мән-жайды нақтылау кезінде зайыбының түнгі сағат 03.30 шамасында күйеуінің денесін үйінің дәретханасынан тауып алғаны белгілі болды», деп хабарлады Ұлттық ұлан. Арнайы комен­да­тураның қарауыл бастығы аға сержант Абылай Серікұлы Мерғалиев 1990 жылы туған, үйленген, бір қызы бар. Ұлт­тық ұлан қатарында 2015 жылдан бас­тап қызмет еткен. Аталған екі оқиғаға қатыс­ты тиісті тергеу шаралары басталып кетті.

Бұған дейін Жамбыл облысында Гвардейск әскери қалашығындағы госпитальда мерзімді әскери қызметке шақы­рылған сарбаз Әлібек Қалбайдың өлімі қоғамды дүрліктірген еді. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы­ған қатысты істің нақты себебін анық­тауды құзырлы орган­дар­ға тап­сыр­ған еді.

Бұл ретте Қорғаныс ми­нис­трлігі жеке құрамды жеткіліксіз бақылау және 30212 әскери бөлімінің лауазымды тұлғалары тарапынан жұмыстағы олқылықтар фактісі бойынша қызметтік тергеу жүргізген. Нәтижесінде, 30212 әскери бөлімінің командирі және осы бөлімнің оқу ротасының командирі лауазымынан шеттетілді. Одан бөлек, сарбаз өліміне байланысты аталған әскери бөлімнің тағы 3 лауазымды тұлғасы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тар­тылған. Қорғаныс министрлігі Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты тергеу шарасы әлі жалғасып жатқанын хабарлады. «30212 әскери бөлімінің кадр құ­рамының сапасын арттыру мақ­­с­а­тында қанағаттанарлықсыз нәти­же көрсеткен лауазымды тұлға­ларға қатысты ұйымдастыру-кадр сипа­тын­дағы шараларды іске асыра отырып, 1 ай мерзімде офицерлік және сержанттық құрамды аттестаттаудан өткізу туралы шешім қабылданды. Аттестаттаудан кейін босаған лауазымды орындарға кадр жинау үшін іріктеу жүреді», дейді ведомство бас­шылығы.

Өкініш һәм өтініш

Сарбаздардың өлімі ұл тәрбиелеп отырған ата-аналардың жүйкесіне кері әсерін тигізгені рас. Қазір кез келген тұрғынды тоқтатып, «Балаңызды әскерге жіберуге қалай қарайсыз?» деп сұраңызшы. Ешкім баласын әс­керге жібергісі жоқ. Қазіргідей ха­лық­аралық қақтығыстар белең алған алмағайып заманда тез арада әскерде тәртіп орнатылуға тиіс деп санайды. «Балық басынан шіриді» демекші, әр сарбаздың өлімі үшін шенділер жауап беру керек екенін алға тартады жұртшылық.

Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев соңғы уақытта әскерде жиі болатын сарбаздардың өліміне байланысты пікірін білдірді. Генерал азаматтық борыштың бұрын­ғыдай 2-3 жыл емес, 1 жылға қысқарса да сарбаздардың өлім-жітімі тоқтамай тұрғанына күйініп отыр.

– Мұнда бүкіл кінә командирден. Әрі жергілікті әкімдіктер де жауап­кер­шілікті сезінбейді. Әскерге жіберу жоспарын миларына құйып алған. Жүгіріп жүріп военкоматқа тізім тапсырады, болды. Ары қарай бақылау жоқ. Командир сарбазға әке де, ана да болуы керек. Кейде оның көлеңкесінде өзгелері осындай қитұрқы әрекетке барып жатады. Бұл жағдайда да жауапты командир болып қалатыны сөзсіз. Сондықтан қазір көп адам командирліктен қашып жатыр. Мұны тоқтату үшін реформа керек. Яғни ол жерде, ең алдымен, кім болсаң да әрбір опасыздыққа кінәліні шеніне қарамай жазалаған жөн. Мейлі генерал, мейлі сержант болсын, қатаң жазалау қажет. Тіпті бүкіл елге көрсету керек. Білсін. Сол кезде аяқ тартады. Бұл жағдай тоқтайды, – дейді генерал.

Жұртшылықтың жағымсыз пікірі­не қатысты Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың өз уәжі бар. Оның айтуынша, кейінгі кездері жиілеп кеткен сарбаздардың өліміне әскери сала кінәлі емес. Салаға жауапты тұлғаларға жала жаппас бұрын жастардың суицидке баруының себебін анықтау қажет.

– Біз бірінші кезекте жастардың өз-өзіне қол салуының астарына үңілуі­міз қажет. Мұндай жағдайға тек әскер немесе әскери сала ғана кінәлі бол­майды. Бозбала әскери боры­шын өтеуге келгеннен кейін оның өмірі үшін жауапкершілік командирге жүктелетіні айдан анық. Алайда адам әскер қатарына жетілген, толысқан күйде, қоғам арасынан келеді. Ол өз мәселелерін, жанын жеген проблемаларды өзімен бірге арқалай келуі мүмкін, – дейді министр.

Бұл – министрдің биыл маусым айын­да айтқан пікірі. Президенттің тапсырмасынан кейін әзірге оң өзге­рістер байқалмайды. Шілде айы­ның соңындағы 2 қайғылы оқиға соның айқын дәлелі. Тапсырма бер­мей-ақ жағдайды реттеуге болмас па? Сонымен әскердегі құқық­бұзушылықты болдырмау мақсатында қандай шаралар жүзеге асырылуда?

 – ҚР Конституциясының 36-бабында «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті» деп айтылған. Яғни отбасылық жағдайға, қорқақтығына байланысты бармай-ақ қойса болады деген сөз жоқ. Әрбір азаматтың қасиетті парызы екенін ұғу керек. Бұл – Отан алдындағы, отбасы алдындағы парыз. Әскер – соғыс майданы емес, шыңдалу ортасы. Ел басына күн туған шақта туған жерді қорғай білуге баулитын орта. Жігіттік жігері жоғынан әскерден қашқандар Ота­нына адал қызмет ете алмайтыны анық, – дейді Қорғаныс министрлігі бас­шылығы.

Осы орайда ведомство басшысы қазір бүкіл Қарулы Күштерде құқық бұзу­шылықтарға жол бермеу ша­ра­лары қолданылып жатқанын жет­кізді. Барлық құрылым бір шақы­ры­лымның әскери қызметші­лерінен жинақталады.

«Әлімжеттік барлық жерде жо­йыл­ған десек те болады. Барлық казарма­лар әскери бөлім бойынша ке­зек­шіге шығарылған бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған, бұл жағдайды үнемі қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Сарбаздарға бас және өңірлік әскери қол­басшылары, тәрбие және әлеу­меттік-құқықтық жұмыс бойынша орын­басарларының ұялы телефон нөмірлері беріледі. Ол нөмірлерге кез келген уақытта қоңырау шалып, SMS хабарлама жазуға болады. Сондай-ақ анонимді түрде хабарлай алады. Келіп түскен әр өтініш бойынша тексеріс жүргізіледі. Егер тәртіп бұзушылық анықталса, жедел шара қолданылып, кемшіліктер жо­йылады», дейді министр.

Сауалға жауап

Осы жылдың мамыр айында бір­қатар Мәжіліс депутаты Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Ералы Тоғжа­новқа депутаттық сауал жолдаған болатын. Қысқаша тоқталсақ, онда: «Біздің Қарулы Күштерде екі проблема – қатардағы жауынгерлердің зәбір көруі, әскердің ел алдындағы беделінің төмендеуі байқалуда. Бұл – мемлекетті қорғау саласындағы жүйелі проблема, азаматтар мен әскер өкілдері бұл мәселені бірігіп шешуі қажет. Яғни еліміздегі әскери-патриоттық тәрбиені қайта қарау өте маңызды!

Көптеген ғалым «Ел, халық санасымен жасалған «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» сияқты батырлар жырында ел тәуелсіздігін сыртқы жаулардан қорғау сарыны үстем», деп атап өтеді. Балалық шақтан батырлар жырындағы патриоттық сезімді ардақтап, батырлықты мадақтаған, ақыл­дылық, парасаттылық, достық тә­різді адамгершілік игі қасиеттерді дәріптейтін мектепке дейінгі, мектеп кезеңіндегі бағдарлама қажет.

Қарулы Күштер құрамында әскери-патриоттық жұмысты жүйелі түрде нығайтып, жаңа технологиялар енгізу қажет (интерактивті мазмұн, геймификация тәсілдері мен игротехника/игропрактика механизмдері). Әскери оқу орындарында темірдей тәртіппен қатар, адамгершілік, бауырмалдық курс­тарын ұйымдастыру маңызды тәрізді. Адамның тағдырын тікелей шешетін командирлердің жоғары моральдық-психологиялық дәрежеге ие болуы маңызды», делінген.

Енді Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабына зер салсақ:

– Балалардың бойында отан­сүй­гіш­тік сезімін қалыптастыру, оларды туған өлкеге, еліне және оның тарихына деген сүйіспеншілікпен тәрбиелеу білім берудің барлық деңгейінде, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарында және үлгілік оқу бағдарламаларында қамтылған.

«Біртұтас ұлт – Біртұтас әскер» жас­тарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) әзірленіп, Қорғаныс, Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым министрліктерінің бір­­лескен бұйрығымен бекітілді. Бағ­­дарламада жас­тарды әскери-пат­риоттық тәрбиелеудің мақсаттары, мін­дет­тері, жүзеге асыру мерзімдері, ныса­налы индикаторлары, қаржы­лан­дыру көздері және күтілетін нәти­же­лер айқындалған. Бағдарлама өскелең ұрпаққа әскери- патриоттық тәрбие бе­руді одан әрі жетілдіруге жаңа сер­пін береді.

Қорғаныс министрлігімен Аза­мат­тарды әскери-патриоттық тәр­бие­­леу қағидаларының жобасы әзір­ленуде. Аталған жоба Қазақстан Рес­публикасының азаматтарына әске­ри патриоттық тәрбие беруді ұйым­дас­тырудың және жүзеге асырудың тәртібін айқындайды, – делінген жауапта.

Әскерге барғың келе ме?

Бұл сауалға ата-аналар нақты жауап берсе, ер азаматтар бірден ойын біл­дір­уі екіталай. Әскерге міндет­тілердің статистикасын сарап­тасақ, 60 пайызы енжарлық немесе қорқақтықтан бас тартса, 30 пайызы жарамсыздық себебінен әскерге бармайды екен. Тек 10 пайызы ғана өздігінен әскерге баруға сұранатын көрінеді. Тегін жазбауды өтінген Арман есімді студент қатарласының көбі әскерде 1 жыл уақыт жоғалтқанша, жұмыс істеп, табыс тапқанды тәуір көретінін айтады. Ол әскери билетсіз-ақ екі қолға бір күрек табылатынына сенімді.

– Еліміздегі әскери жүйе сонау Кеңес өкіметінің ескі тәртібімен қа­лыптасып қалған. Жаңа өзгерістер енгізу керек. Неліктен әскерге қызығу­шы­лықты оятатындай жүйе ойлап таппасқа? Теледидардан, интернет желісінен бейбіт заманда әскер қатарында жүріп о дүниеге аттанған азаматтарды көргенде, ата-аналар баласын әскери борышын өтеуге жі­бе­руге қорқады. Сенімнен гөрі күдік басым. Әскерге бару міндет екенін түсінемін. Бірақ барынша ыңғайлы жағдай жасалуы керек деп есептеймін. Жылы төсек пен тамақ мәселесін меңзеп тұрғаным жоқ, – дейді Арман.

Міндетін мінсіз атқарып келген сарбаз Дидар Ботиннің айтуынша, әскердегі уақыт үлкен өмірге нық қадам басуға оң ықпалын тигізген.

– Мектепте жүргенде-ақ тентек­тігім басым болды. Бертінге дейін бұ­зықтығым басылмады. Кез келген істі ақылға салып, ойланып істе­мей­­тінмін. Жауапкершілікті терең сезінбедім. Әскерге барғанға дейінгі және әскерден келген Дидардың арасы жер мен көктей. Әскер мені көп нәрсеге үйретті. Ең әуелі ата-ана, ба­уыр, туыс-достарымның қадірін терең түсіндім. Уақыттың қадірін білдім. Бір сөзбен айтқанда, әскер мені жақсы жаққа өз­герт­ті, бұзықтығым да қалды. Әскерге барғаныма қатты қуанамын. Жастарға да әскерден қашпауға кеңес беремін. Ел болашағы – жігерлі жастардың қолында! – дейді Дидар.

Үлкен ағаларымыз әскер жайлы әңгіме қозғалса, өздерінің сол шақтарын ерекше сағынышпен еске алып жатады. Екі жыл өзге мемлекетте парызын өтеген «дембельдерге» 1 жылдық әскердегі қызықтарыңды айтып таңғалдыра алмайсың. Бұрындары «әскерге өтпей қалды» деген сөз жігіт үшін өліммен тең болған. Ауылдан әскери комиссариатқа аттанған бір топ жігіттің барлығы Отан қорғауға аттанғанша асық еді. Қазіргі жастар физикалық тұрғыдан қуаты кемігені былай тұрсын, рухани тұрғыдан әлсіз.

Қорыта айтсақ, дені сау, ақыл-ойы жетілген әрбір азамат Отан алдын­дағы борышын өтеуге міндетті. Келешектің тұтқасы болар ер азамат­тарымыздың жасынан жігер-қайраты толысып, ширақ қимыл иесі атануы отбасыдағы тәрбиеден бастау алмақ. Тәуелсіз еліміздің еңсесін тік ұстайтын жастарымыздың пат­риоттық сезімі биік, күш-қайраты толық, жігері жалынды болғаны жарасымды емес пе?! Жасыратыны жоқ, еліміз нарықтық экономикаға қадам басқалы азаматтардың көзқарасы да өзгере бас­тады. Патриоттық тәрбиені тұрмыстық сана ұмыттырды. Сарбаздар өлімінің жиі тіркелуі де жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді. Осы орайда Жаңа Қазақстанда қорғаныс саласына да жаңа реформа қажет сияқты. Көптің тілегі осыған саяды.