• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Тамыз, 2022

Осал санаттағы талапкерлер тегін оқуға мүмкіндік алады

212 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласында жоғары оқу орындарына түскісі келетін әлеуметтік осал топтардан шыққан талапкерлерге оқу ақысын төлеу түрінде әлеуметтік көмек беру бағдарламасы қарастырылып жатыр. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram-дағы парақшасында мәлімдеді.

«Білім алу және түлектердің одан әрі жұмысқа орналасуы үшін жағдай жасаудың маңы­зы өте зор. Мәселен, жаңа оқу жы­лында педагогикалық және медициналық мамандықтар бо­йынша жоғары білім алуға 1 300-ге жуық грант бөлуді жоспар­лап отырмыз. Бұған қоса әлеуметтік көмек бойынша жеке бағдарлама қарастырыл­ған. Аталған әлеуметтік көмекті жағ­дайы төмен отбасылардан шық­қан талапкерлерге қала уни­верситеттерінде білім алуы үшін оқу ақысын төлеу түрінде көрсетеміз. Бұл бағдарлама бо­йынша құжаттарды қабылдау 21 тамызға дейін (қоса алғанда) жалғасады. Оқу ақысын төлеу тү­ріндегі әлеуметтік көмек жетім балалар, балалар үйінің түлектері, бала күнінен мүгедектігі бар, көп­балалы отбасылардан шыққан балалар арасында бөлінеді», деді А.Көлгінов.

Оның айтуынша, білім алу еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жүр­гізіледі: биотехнология, есеп­теу техникасы және бағ­дар­ла­малық қамтамасыз ету, гео­дезия және картография (web-картография), сәулет (BIM-ме­неджер жобалаушы), мектепке дейінгі оқыту, жерге орналас­тыру-агроинженерия, инженер, жалпы медицина, педагогика, IT маманы, әлеуметтік жұмыс, жылу энергетикасы, азық-тү­лік өнімдерінің технологиясы, электр энергетикасы және т.б.

Қаланың жоғары оқу орындарында оқу ақысын төлеу тү­рінде әлеуметтік көмек алу үшін Жұмыспен қамту және әлеу­меттік қорғау басқармасына (Бей­бітшілік көшесі, 9) хабарласу керек немесе құжаттарды электронды түрде egov.kz веб-порталындағы «электрондық өті­ніш» бөлімі арқылы тапсыру қажет.

Әлеуметтік көмек отбасының бір мүшесі үшін 4 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінен (190 088 теңге) аспайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы болған кезде ақшалай төлем түрінде тағайындалады.