АҚШ Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Тайваньға барды. Бұл сапарға бүкіл әлем көз тіккені белгілі. Нэнси ханым алақандай аралға ат басын бұрады дегеннен бастап ұшақ Тайбейдегі әуежайға қонғанға дейін бұл оқиғаға алаңдағандар жетерлік. Бұл түсінікті де. Өйткені Қытай тарапы Өкілдер палатасы спикерінің сапары елдің тұтастығына нұқсан келтіретінін айтып, қажет жағдайда қару қолдануы мүмкін екенін ескерткен.
Өкілдер палатасы спикерінің сапары Жер-жаһанды алаңдатқанын мынадан-ақ байқауға болады. Ұшақтардың ұшу бағытын бақылайтын Flightradar24 сайтында Н.Пелоси мінген борт Тайваньға бағыт алғанда 700 мыңнан аса адам онлайн режімде тамашалаған екен. Аталған компания ешқандай ұшақ бұрын-соңды мұндай көп көлемде бақыланбағанын жеткізді. Соның салдарынан сайт біраз уақыт техникалық қиындыққа тап болған. Ал Қытайдың Weibo әлеуметтік желісінде сапарды миллионнан аса адам тікелей эфирде көрген.
Бұл сапарға шартараптың көз тігуі бекер емес. Мәселенің мәнісі мынада. Тайвань мен Қытай арасындағы шиеленіс талайдан бері жалғасып келеді. Қазіргі таңда Тайвань – БҰҰ тарапынан мойындалмаған мемлекет. Заң жүзінде Қытайдың меншігі саналады, бірақ іс жүзінде тәуелсіз ел. Қытай билігі әлі күнге дейін Тайваньды өз аймағы санайды. Сол себепті «бір ел – екі жүйе» бастамасын қолдауды көздейді. Бірақ Тайбей билігі мұндай жобаға мүлдем қарсы.
Жер-жаһандағы небәрі 15 ел ғана Тайваньның тәуелсіздігін мойындаған. Оның көбі – Тувалу, Палау секілді Тынық мұхитындағы аралдарда орналасқан шағын мемлекеттер. Әлемдік аренада ықпалы бар бірде-бір ел Тайваньның егемендігін таныған жоқ. Тіпті аталған елдің тағдырына алаңдайтын АҚШ та оларды азат ел деп есептеген емес. Тайвань мәселесін жиі көтеретін Еуропалық одақ елдері де оны тәуелсіз ел деп санамайды.
Тайваньды тәуелсіз ел санамайтындар қатарында Қазақстан да бар. Таяуда Санкт-Петербургте өткен жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «...біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл принцип, біздің көзқарасымызша, квазимемлекеттік бірлестік саналатын Луганск пен Донецкіге де қолданылады», деп атап өткен еді. Яғни Қазақстан тарапы БҰҰ аясында тәуелсіздігі танылған мемлекеттерді ғана мойындайтыны – басы ашық мәселе.
Енді негізгі тақырыпқа қайта оралсақ. Мұхиттың арғы бетінен келген мейманды Тайвань тарапы әуежайдан үлкен салтанатпен күтті. Алыстан ат терлетіп келген қонақты Тайваньның сыртқы істер министрі Джозеф Ву қарсы алды. Бұл сапар Бейжің билігінің қитығына тигені анық. Бұған дейін мұндай жоғары деңгейлі делегация соңғы рет Тайваньға 25 жыл бұрын келген екен. Өздеріңізге мәлім, АҚШ заңнамасына сәйкес Нэнси Пелоси ханым Америкадағы үшінші тұлға саналады.
Қытай тарапы Өкілдер палатасы спикері Тайваньға келеді деген әңгіме шыққалы бірнеше рет ескерту жасаған-ды. Өткен аптада бұқаралық ақпарат құралдары ҚХР басшысы Си Цзинпинь АҚШ президенті Джо Байденмен телефон арқылы сөйлескенде «отпен ойнаған шоқ басады» деп айтқанын жариялады. Ал ұшақ Тайбейге бет алғанда Қытай бұқаралық ақпарат құралдары Су-35 жойғыш ұшақтары Тайвань бұғазы арқылы ұшып өткенін хабарлады. Сондай-ақ аталған елдің қорғаныс министрі әскердің жоғары дайындық режіміне қойылғанын, әскери жаттығу өткізетінін мәлімдеді.
«Қытай «Тайвань тәуелсіздігі» сеператистік әрекеттеріне және сыртқы күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы. АҚШ Тайваньмен ойнаудан бас тартуы керек», деді сыртқы істер министрлігінің өкілі Хуа Чуньин.
Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жаңалықтарға қарағанда, Бейжің билігі бірнеше әскери кеме мен ұшақты Тайвань бұғазындағы Қытай мен Тайвань арасындағы бейресми шекараға әкелген. Қытай Тайваньның ең шеткі тұсы – Кинмень аралына жақын орналасқан Сямэнь қаласына танктер және броньды көліктер жеткізген.
Айта кетерлігі, АҚШ та қарап жатқан жоқ. Нэнси Пелоси мінген ұшақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Пентагон төрт әскери кеме жолдаған. Олардың қатарында USS Ronald Reagan авиатасымалдағышы бар.
Сапар барысында Н.Пелоси Тайвань президенті Цай Инвэньмен кездесіп, содан соң Тайвань парламентінде сөз сөйледі. Пелоси АҚШ тарапы Тайваньның әрқашан қауіпсіздік пен еркіндікте жүргенін қалайтынынын жеткізген. Сондай-ақ Ақ үй мұндай ұстанымнан бас тартпайтынын мәлімдеді.
«Біз «Бір Қытай» саясатын құрметтейміз. Әйтсе де дәл қазір Тайваньмен ынтымақтастығымыз бұрынғыдан да маңызды. АҚШ статус-квоның сақталғанын қолдайды және Тайваньға күш қолданылғанын қаламайды», деді Н.Пелоси бірлескен баспасөз мәслихатында.
Өкілдер палатасының спикерімен кездесуде Цай Инвэнь өз елінің алған бетінен қайтпайтынына екпін берді. «Тайвань әдейі күшейтілген әскери қауіп-қатерге қарсы тұра отырып, айтқанынан қайтпайды. Демократиямызды қорғауды жалғастырамыз», деген ол Пелосиге қиын сәтте қолдау көрсету үшін алғыс айтты.
Дегенмен Нэнси ханымның сапарын АҚШ-та қолдамағандар да бар. Жалпы, Өкілдер палатасы спикерінің сапары Ақ үй үшін үлкен дипломатиялық бас ауруға айналғаны түсінікті. Тіпті президент Джо Байден бұған дейін әскерилер Пелосидің Тайваньға сапары «жақсы идея емес» деп санайтынын мәлімдеген болатын. Байден әкімшілігі Пелосидің аралға бару шешімін ресми түрде қолдамайды.
Нэнси Пелоси ресми түрде АҚШ-тың үшінші тұлғасы екенін жоғарыда айттық. Мемлекет басшысы мен вице-президент өз міндеттерін орындауға қабілетсіз болған жағдайда елді басқару тізгіні Өкілдер палатасы спикерінің қолына өтеді. Мұхиттың арғы бетінде билік тармақтары тең бөлінгендіктен, Ақ үй басшысы Өкілдер палатасына бұйрық бере алмайды. Сондықтан Н.Пелосидің сапарына тікелей қарсылық көрсетуге құқығы жоқ.
Әйтсе де Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби Пелосидің Тайваньға баруға құқығы бар екенін және Ақ үй АҚШ конгресінің дербес шешімін құрметтейтінін жеткізді. Оның айтуынша, Пелосидің сапары АҚШ-тың Тайваньға қатысты саясатын өзгертпейді. Сондай-ақ Бейжің билігі АҚШ билігінің тармақтары арасындағы өкілеттіктердің бөлінуі Пелосидің сапар туралы дербес шешім қабылдайтынын түсінуге тиіс екеніне назар аударды.
«Пелосидің жақтастары құптаған, демократиялық принципті батыл бекіту саналатын бұл қадам Қытайдың билеуші Коммунистік партиясын дүр сілкіндірді. Биыл – Бейжің үшін аса маңызды жыл. Си Цзиньпин партияның алдағы айлардың бірінде өтетін съезінде кезектен тыс үшінші мерзімге сайланады деп күтіледі. Бұл сондай-ақ Халық азаттық армиясы құрылғанына 95 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр», деп жазады The Guardian газеті.
Осы орайда, басылым мұндай сапар қазіргі таңда аса қауіпті екенін алға тартып отыр. Қысқасы, Н.Пелосидің сапары ешкімге қолайлы болмағаны анық. Әлемдегі геосаяси ахуал күрделенген тұста тағы бір қақтығыстың өршуіне АҚШ та, Қытай да мүдделі емес. Әзірге Өкілдер палатасы спикерінің Тайваньға баруы Бейжің билігінің абыройына нұқсан келтіргендей көрінгенімен, келешекте АҚШ-Қытай қатынасын одан әрі ушықтыра түсетіні айтпаса да түсінікті.