• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 03 Тамыз, 2022

Экспорттағы есебіміз түгел

239 рет
көрсетілді

Ұлттық экономика ми­нистрлігі жақында жақсы жаңалық жариялады: 2022 жылғы мамырда Қазақ­станнан тауарлар экспорты 7,7 млрд долларды құрапты. Бір айдағы мұндай экспорт көлемі 2014 жылғы ақпан­нан бері болмаған екен. Ол кезде экспорт көлемі 7,9 млрд долларға жеткен. Осы­лайша, еліміз тауарлар­ды экспорттау жағынан осы­дан 8 жыл бұрынғы ме­же­ні бағындырып отыр.

Кез келген елге экспорт табыс әкеледі. Сондықтан көптеген мемлекет экспорт пен импорттың ара қатынасын теңестіруге тырысады. Ал импортқа тәуелді Қазақстан үшін экспорттың ұлғаюы – айтарлықтай жетістік. ERI сарапшыларының айтуынша, мұнай, металл және ауыл ша­руашылығы өнімдерінің тұрақты жоғары бағасы Қазақстанға 5 ай ішінде 34,2 млрд доллар экспорттық түсім әкелген. Бұл – өткен жылғы бес айдағы көр­сет­кіштен 59%-ға немесе 12,7 млрд долларға артық.

Қазақстанның экспорты ши­кі­заттық емес тауарлардың сатылымы есебінен өскен. Атап айт­қанда, экспорттың ұлғаюына да мұ­найдың үлес салмағы басым – 91% немесе 9,6 млрд дол­­лар. Одан кейінгі орында ферро­қорытпалар – 61% немесе 529 млн доллар, мыс катодтары – 25% немесе 318 миллион доллар, бидай – 61% немесе 322 млн, уран 2,6 есе көп экспортталған, одан келген пайда 497 млн долларды құраған. Ал күкірттің сыртқы елдерге саты­лымы 3,3 есе көбейіп, 238 млн доллар болған.

Осы тауардың бәрі ел экс­портының 90%-ға дейін ұлғаюын қамтамасыз етіп, жиын­тығында 11,5 млрд доллар өсімді көр­сет­кен.

Сондай-ақ ұн (+135 млн доллар), күкірт (+238 млн доллар) және сұйытылған газ (+94 млн доллар) экспортының көлемі өскенін де атап өткен жөн.

Экспорттық тауарлар не­гі­зінен Италияға (2,9 млрд доллар), Қытайға (1,5 млрд доллар), Оңтүстік Корея (1,3 млрд доллар) мен Түркияға (1,1 млрд доллар) жөнелтілген.

Экономист-сарапшылардың айтуынша, тауарларды Еуро­па­лық одаққа жеткізу 5,8 млрд дол­ларға және Азия елдеріне 5,2 млрд долларға өскен. Бұл екі бағыт қазақстандық экспорттың 87% өсімін қамтамасыз еткен. Есе­сіне, еліміздің Еуразиялық эко­но­ми­калық одақ елдеріне экспорты қаңтар-мамырда 0,9%-ға төмен­деген.

Ал 2022 жылғы қаңтар-мамыр­да Қазақстанға импорт 14,4%-ға өсіп, 17,1 млрд доллар­ды құраған. Бұрын бізде импорт өсімі аралық тауарлар мен өнді­ріс құралдарының есебінен бол­са, қазір халық тұтынатын тауар­ларды сырттан әкелу басым­дыққа ие болып отыр. Тұтыну тауар­ларының импорты азық-түліктен (үлесі – 28%) және азық-түлікке жатпайтын (үлесі – 72%) өнім­дерден тұратыны белгілі. Қазіргі таңда соңғысының бәсі басым тұр. Ұлттық банктің мәлі­метінше, тек былтырғы 9 ай ішінде азық-түлікке жатпайтын тауарларды жеткізу 2020 жылмен салыстырғанда 25,9%-ға жә­не дағдарысқа дейінгі 2019 жыл­ға қарағанда 30,7%-ға өсіп, 6,3 млрд долларды құраған. Ипорт­тың ең үлкен өсімі Ресей­ден, Өзбекстаннан және Жапо­ния­дан келген. Бұл мемлекеттер­ден негізінен автокөліктер тасы­малданған, оның импорттық кө­лемі 1 млрд долларға жеткен. Одан кейін Қытай тұр, бұл елден аяқкиім көп әкелініпті.

Сондай-ақ биыл автомобиль­дерге арналған шанақтар, өл­ше­ніп сатылатын дәрілік заттар, мыс кендері мен концентраттар, қара металдан жасалған өзге де бұйымдар, әртүрлі бөлшектер сырттан көп тасымалданған. Соның есебінен импорт өсіп отыр.

Елімізде импортқа тәуелділік дең­гейін төмендету бойынша бі­рқатар жұмыс қолға алын­ған. Осы бағытта шет мемлекеттердің озық тәжірибесі де зер­делен­ді. Индустрия және ин­фрақұ­рылымдық даму министрі Қ.Өс­кенбаев Үкімет оты­рысында Импортты алмасты­рудың 2025 жылға дейінгі бағ­дар­ламасы әзірленіп жатқанын айтқан еді. Оның сөзіне қара­ғанда, министр­лік импортты алмас­тыруға баса назар аудара отырып, өңдеу өнер­кәсібін дамыту мүм­кіндік­теріне сараптама жүргіз­ген. Өңір әкімдіктерімен бірлесе жүр­гізген жұмыс нәтиже­сінде дайын өнімді экспорттауға бағытталған инвес­тициялық жо­­балар пулы әзір­леніпті. Ол тізімге 700-ге жуық жоба кірген. Министрдің айтуынша, олардың 286-сы – импортты алмастыратын негізгі жобалар. Биыл 165 жоба іске қосылса, қалған 498 жоба 2023 жылдан бастап 2026 жылға дейін жүзеге асырылмақ.

Министрліктің хабарламасына сенсек, жобаларды іске асы­рудың нәтижесінде барлығы 9,1 млрд доллар көлеміндегі өнім алмастырылады, шикізаттық емес тауар экспортының өсуі 17,2 млрд долларды құрайды. Соны­мен қатар жоспар бойынша ферроқорытпаларды әлем­дік экспортта екінші орынға шығару, болат импортын 75%-ға қысқарту, мақта өңдеуді 100%-ға дейін арттыру, сондай-ақ еден жабындары мен геосинтетика импортын 25%-ға алмастыру көзделіп отыр.