• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 04 Тамыз, 2022

Маймыл шешегі шетін жағдайға айналып барады

389 рет
көрсетілді

Әлемді дүрліктірген коронавирус инфекциясынан кейін маймыл шешегіне байланысты жариялаған дүниежүзілік төтенше жағдай адамдарға әлі қатты әсер етіп жатқан жоқ секілді. Әйткенмен бұл дерттен қауіптенуге негіз табылып отыр. Өткен аптаның аяғында бірінші рет Африка құрлығынан тыс елдерде маймыл шешегінен болған өлім тіркелді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оның саны өседі деген болжам жасап отыр.

Испания пен Бразилияда жұқ­па­лы кеселден ажал құшқан үш жағ­дайдан кейін Еуропада Ден­­­сау­лық сақтау ұйымының өкіл­ді­гі адамзатқа жаппай қатер төн­дірмесе де маймыл шеше­гі­мен байланысты өлім-жітім саны өсетінін ескертті. ДДҰ-ның Еу­ро­падағы төтенше жағдай бо­йын­ша бас сарапшысы Катрин Смолод маймыл шешегінің Еу­ро­­пада таралуымен бірге өлім жағ­дай­ларының артатыны жөнін­де мәлімдеме жасады.

Смолодтың айтуынша, басты міндет инфекцияның Еуропада жыл­дам таралуын тоқтатып, ауру­дың өршуін болдырмауға тіреліп тұр. Дегенмен көп жағдайда дерт тиісті ем қабылданбаса да жазылып кетеді екен. «Өлімнің орын алуына қарамастан инфекцияға қарсы күресте үмітсіздік танытуға болмайды. Иә, біз аурудың көп рет­те өздігінен жазылып кететінін білеміз. Бірақ түбі бақылаудан шы­ғып кетіп, қатерге ұрындыруы мүмкін екенін естен шығармау керек», дейді ол.

Мамандар маймыл шешегін жұқтырған үш адамның ажалын осы инфекциядан көріп отыр. Сонымен мамыр айынан бері осы аурудан көз жұмғандар саны әлемде 8-ге жетті. Қайтыс болған науқастардың бесеуі қара құрлықтан тіркелген. Инфек­ция­ның шыққан жері, қайнар көзі де Африка саналады. Ол алғаш рет 1970 жылы адамнан анық­­талыпты. Испанияда қай­тыс болған екеу жастар болса, Бра­зи­лияда 41 жастағы азамат көз жұм­ған. Бірақ ол басында басқа бір күрделі аурумен ауру­ха­наға түскен екен. Осы ретте бразилиялық дәрігерлер науқас­тың қосымша ауруы болғанын, сон­дықтан маймыл шешегі тіке­лей өлімге әкелмесе де жанама түрде себепші болғанын айтуда.

Енді осы аптаның басында Үндіс­танда осы аурудың себебі­мен бір науқас дүние салды. Ол жуыр­да ғана Бірікен Араб Әмір­лік­те­рінен еліне оралған екен. Бұл – Азия құрлығында маймыл шешегі бойынша тіркелген алғашқы өлім. Үндістанның денсаулық сақ­­тау министрлігі ажал құшқан 22 жас­­тағы азаматтың маймыл шешегін жұқтырғанын растады. Бірақ бұл жағдайда да маймыл шешегі тікелей өлімге әкелмеген. Үндістандық жас бір апта бұрын еліне оралған соң менингит диаг­нозымен шұғыл ауруханаға жат­қызылған. Дегенмен дәрігерлер науқастың өліміне жаңа инфек­ция­ның әсері болды ма деген кү­дік­пен қарап отыр.

Еліміздің Денсаулық сақтау минис­трлігі санитариялық-эпиде­мио­­логиялық бақылау коми­те­тінің мәліметі бойынша бүгінгі таңда дүние жүзінің 87 елінде атал­ған дертті жұқтырудың 22 722 жағдайы тіркелген. Ал Қазақс­тан­да маймыл шешегі ауруына күдікті жағдай тіркелген жоқ. Елімізде Африка және басқа мемлекеттерден келген азаматтарға ерекше назар аударылады. Қолай­сыз елдердің тізімі үнемі жаңар­тылып отырады.

Шымкент қаласының сани­тария­лық-эпидемиологиялық ба­­қылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаевтың айтуынша, маймыл шешегі – monkeypoxes – MPXV сирек кез­­десетін инфекциялық ауру. Не­гіз­­гі көзі – жабайы жануарлар: при­­маттар және кеміргіштер (тиін­дер).

Инфекция ауру жануардың қа­ны­мен немесе оның биоло­гия­лық сұйықтықтарымен байланыста бол­ған кезде, сонымен бірге ауру жануардың етін жегенде жұғады. Жабайы жануарлармен байланыс­та болғанда ауру жұғады. Науқас адаммен жабық үй-жайда бірге болғанда ауа-тамшы жолымен және терінің зақымдалуы арқылы немесе науқастың биологиялық сұйықтықтары бар заттарды ұста­ғанда беріледі.

Клиникалық көрінісіне келсек, инкубациялық кезеңі – 5 күннен 21 күнге дейін. Адамдардағы кли­никасы – жоғары температура, дененің ауыруы, әлсіздік, бөртпе, құсу, лимфа түйіндерінің ұлғаюы және бастың айналуы секілді белгілермен ерекшеленеді.Аурудың ұзақтығы 2-3 аптаға дейін созылады, кездейсоқ өзді­гі­нен емделуі де мүмкін.

Эпидемиолог мамандар жаз­ғы каникулдың және демалыс мау­сымының басталуына бай­ланысты шетелге шығатын аза­мат­тарға маймыл шешегінің өршуі тіркелген елдерге бармау­ды ұсынады. Сондай-ақ шетел­дер­ге саяхаттаған кезде жабайы жануарларға жоламауға, сти­­хиялық және көше саудасы орын­­­дарында тамақ ішпеуге, та­мақ­қа тек термиялық өңделген ет пен басқа да өнімдерді пайда­ла­нуға, адамдар көп жиналатын орындарға барған кезде жеке профилактика шараларын орндауға, қол және тыныс алу ағзаларының гигиенасын сақтауға кеңес береді.

Егер сапардан келгеннен кейін 3 апта ішінде ауырсынуды, температураны, бөртпені сезінсе, міндетті түрде шетелде болғаны туралы хабарлап, тез арада жақын жердегі медициналық ұйымға хабарласу қажет.

 

Шымкент