Бұрын мекенжай мен жылжымайтын мүлік мәліметтерін өзгерту үшін тұрғындар біраз әуре-сарсаңға түсетін. Жақында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ eGov.kz порталында және eGov mobile мобильді қосымшасында жаңа қызмет іске қосылғанын хабарлады. Осы цифрлы жүйенің арқасында жұртшылық енді үйден шықпай-ақ мекенжай туралы деректерді өздері өзгерте алатын болды.
Бүгінге дейін көшенің атауы немесе үйлердің нөмірленуі өзгеріп кетсе, тұрғындар да өз құжаттарына өзгерістер енгізуге тура келетін. Өйткені үйдің орналасқан жері туралы деректер ауысса, ондай құжатты банк те, нотариус та қабылдамайды. Бұған кемінде 10 жұмыс күні қажет болды. Бұрын тіпті жұртшылық алдымен Халыққа қызмет көрсету орталығынан мекенжайдың өзгергені туралы анықтама алып, одан кейін мекенжайды анықтату үшін сәулет басқармасына жүгінетін.
Көпшілік мекенжай дерегі өзгергенде оны дер кезінде ауыстырмай, уақыт созып жүріп алады. Ал бұл құжат жылжымайтын мүлікті сатқан кезде, кепілзатты тіркеу кезінде, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер мамандары мен көші-қон қызметі бөлімдері талап еткенде және аймақтың, облыстың, қаланың атауы өзгерген кезде қажет болады. Енді жаңа қызметтің арқасында тұрғындар мекемелерге барып, уақытын сарп етпейді. Жаңадан іске қосылған мемлекеттік сервисті пайдалана отырып, мүліктің нақты мекенжайын өздігінен растай алады. Айта кету керек, егер жылжымайтын мүлік туралы деректер болмаса, онда сервисте тек мекенжайдың өзгеру тарихы ғана көрсетіледі.
«Мекенжайдың өзгеру дерегі туралы анықтаманы алу – ел тұрғындарының арасындағы ең танымал қызмет түрі. Мұндай құжат Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жылына 3 млн рет берілетін. Әсіресе баспанасын сатуға қойған қазақстандықтар бұл қызметке көбірек жүгінеді. Ал олардың мекенжай немесе жылжымайтын мүлік дерегінде қандай да бір өзгерістер болса, нотариустар мен банктер Халыққа қызмет көрсету орталығына жіберуге мәжбүр. Енді, міне, адамдарға өте қажетті құжат екенін ескере отырып, оның цифрлы нұсқасын іске қостық», дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.
Жаңа сервис мекенжайдың тіркеу кодын (МТК) қолдана отырып, нотариустар мен банктерге, басқа да мекемелерге жылжымайтын мүлік мекенжайының өзгергені туралы мәліметтерді қарауға мүмкіндік береді. Бұдан былай олар мұндай құжатты азаматтардан талап ете алмайды.
«МТК бойынша мекенжайлардың мұрағаттық мәліметтері» сервисін пайдалану үшін eGov.kz порталына кіру қажет. Басты беттегі «Сервистер» бөлімінде «МТК бойынша мекенжайлардың мұрағаттық мәліметтері» деген бөлім бар. Әрі қарай пайдаланушы порталда тіркеуден өтіп, онлайн қызметке тапсырыс береді. Мекенжайдың тіркеу кодын толтырғаннан кейін «тексеру» батырмасын басады.
«Сұратуды сәтті өңдеген кезде EGov.kz порталы экранында мекенжайдың өзгеру тарихы туралы мәліметтер көрсетіледі. Ал МТК дұрыс енгізілмеген жағдайда «Енгізілген мекенжай кодын (МТК) тексеруді сұраймыз» деген хабарлама шығады, сондықтан кодты қателеспей, дұрыс енгізу керек», дейді «ҰАО» АҚ баспасөз қызметі.