Биыл Шығыс Қазақстан облысында өрт қаупі жоғарғы кезең басталғалы бері 18 рет өрт шығып, 260 тонна пішен жанып кеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тілсіз жау ірі жем-шөп жиналатын ашық аумақта да, шабындықтарда да шыққан.
Соңғы жағдайлар Ұлан, Күршім, Тарбағатай аудандарында тіркелген. Шабындықтарда өрт шығуының негізгі себептері – отты абайсыз пайдалану, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау.
Құтқарушылардың айтуынша, облыс аумағында пішен өрті жиі тіркеледі. Ал жалын малға тез таралады.
«Өрттің алдын алу мақсатында ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларымен және жұмыскерлерімен, саяжай тұрғындарымен тұрақты негізде нұсқаулықтар, жиындар өткізіліп, үгіт-насихат материалдары таратылуда. Халықты қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз. Пішенді көлікпен тасымалдау кезінде оның биіктігі 4,5 метрден аспауы тиіс», деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Серік Амангелдин.