Елімізде кейінгі екі аптада коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы 3,2 есе өсті. Бүгінде індеттің белсенді таралу қарқыны барлық өңірде байқалып отыр. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметі алаңында эпидемиялық ахуалға қатысты кеңінен мәлімет берді.
«Қазақстанда КВИ жұқтыру жағдайының қайта көбеюі сипат алып жатыр. Кейінгі екі аптада алдыңғы апталармен салыстырғанда індетке шалдыққандардың саны 10 мыңнан 34,5 мыңға жетті, яғни өсім 3,2 есені құрайды. Індеттің кең таралуы барлық өңірде байқалады. Бағалау матрицасына сәйкес бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы «сары аймақта», қалған өңірлер «жасыл аймақта» тұр. Қазір вирустың бұл түрі жеңіл өтіп жатқанымен, бірнеше санаттағы адам үшін әлі де қауіпті болып отыр. Тәулігіне коронавирус инфекциясының оң нәтижесімен 3 мың жағдайға дейін тіркеліп отыр. Індеттің қазіргі түрінде ауру жеңіл өтеді. Бірақ аурудың қатаң түрімен ауыратындарға жүкті әйелдер, 60 жастан асқан адамдар, созылмалы, қосалқы аурулары бар науқастар, КВИ-ға қарсы вакцина салдырмағандар жатады», деді А.Ғиният.
Жалпы, індеттің қайтадан күшіне міне бастағаны әлемнің тұс-тұсында байқалып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша кейінгі аптада 69 елде КВИ жұқтырушылар күрт көбейген. Мысалы өткен аптада әлемде 6,5 млн адам індетке шалдығып, осы дерттің салдарынан 14 адам қайтыс болған.
«КВИ-мен сырқаттанудың қазіргі сипаты – науқастарда ауру жеңіл түрде өтуінде. Алайда дер кезінде емделмесе, ауру асқынады. Бұл науқастардың 94%-дан астамы амбулаториялық жағдайда емделетінімен де расталып отыр. Қазіргі таңда республикада 5 062 төсектік орны бар 191 инфекциялық аурухана КВИ бойынша стационарлық көмек көрсетеді. Төсектік орынмен қамту 28%-ды құрайды. Реанимациялық төсектік орын 7%-ды құрайды. Сондай-ақ инфекциялық төсектік орын қолдану көрсеткіші Нұр-Сұлтан қаласында 55%-ды және Солтүстік Қазақстан облысында 59%-ды құрап отыр. Ал реанимациялық төсектік орынмен қамтудың ең жоғары көрсеткіші Нұр-Сұлтан қаласында – 28% және Түркістан облысында – 20%. Бүгінгі таңда КВИ диагнозымен 43 пациент ем алып жатыр. Сараптама, тексерістер кезінде қарағанда, пациенттердің 20,3%-ынан артығында артериялық гиппертензия ауруы, 7%-ында өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, 5%-ында жүректің ишемиялық ауруы, 8%-дан астамында қант диабеті сияқты созылмалы аурулары бар», деді ведомство басшысы.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, КВИ-мен ауырған науқастарды емдеу үшін дәрі-дәрмектің және медициналық мақсаттағы бұйымдардың көлемі жеткілікті. Өңірлерде коронавирус инфекциясын емдеу үшін дәрілік заттардың 16 атауы бойынша екі айлық қор қамтамасыз етілді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеден артық дәрілік заттардың қоры бар. Сонымен қатар министрлік бөлшек және көтерме сауда орындарда дәрілік заттардың жеткілікті болуына тұрақты мониторинг жүргізіп отыр екен. Бұған қоса осы жылдың басынан бастап медициналық ұйымдарға 6 млрд теңгеге дәрілік заттар әкелінді. Бұл жылдық көлемнің 70%-ын құрайды.
Сондай-ақ брифинг барысында коронавирусқа қарсы шектеу шаралары қандай жағдайда қатаңдатылатыны туралы айтылды.
«Қатаң шектеу шараларын қандайда бір өңір немесе республика «қызыл аймақта» болған жағдайда енгіземіз. «Қызыл аймақтың» өзін біз екі кезеңге бөлдік. Бірінші кезеңде маска тағуды міндеттейміз. Қазір республика негізінен «жасыл аймақта» тұрғандықтан, маска тағуды ұсынып қана отырмыз. Пандемия екі жылдан аса уақыттан бері жалғасып келеді. Халық жақсы біледі. Сондықтан өзіңіз тұратын өңірде науқастар көбейген болса, маска тағыңыз. Байқасаңыздар, бизнеске ешқандай шектеу шараларын қабылдап жатқан жоқпыз. Денсаулық сақтау министрлігі алдын алу шараларын сақтауға кеңес береді. Бұл өзіңізді де, халықты да ауру жұқтырудан сақтайды. Қазір ауру біршама жеңіл өтіп жатқаны белгілі. Бірақ халықтың денсаулығына қатер төнсе немесе ауыр жағдайлар көбейіп, өлім-жітім жиілеп кетсе, қабылдайтын шараларды қайта қараймыз», деді А.Ғиният.
Сонымен қатар індеттің таралуына байланысты білім беру ұйымдарында шектеулер енгізілуі мүмкін. Себебі қазір ауру жұқтырған балалардың саны да аз болмай тұр. Олардың ағзасының ерекшелігіне қарай вирусқа шалдыққанда сепсис, шок сияқты асқынулар болып жатады. Министрдің айтуынша, оқу жылы басталғанда мектептегі санитарлық талаптар күшейтіледі. Егер қыркүйек айында ауру өршіп тұрса, онда балалар қатысатын көпшілікке арналған іс-шараларға шектеу қойылады. Сондай-ақ өңірлердегі ахуал да ескеріледі. Жыл басынан бері 6 мыңнан аса бала ауырды. Қазір ауруханада 423 бала КВИ-ден емделіп жатыр. Әр баланың денсаулығы министрлік деңгейінде қаралады. Бүгінде осы ауырған балалардың 21%-ында ауру жеңіл, 77%-ында орташа, 0,7%-ында ауыр халде өтіп жатыр, ал 3 бала жансақтау бөлімінде жатыр. Оларды емдеуге республикалық деңгейдегі мамандар араласады.
Індеттің алдын алудың бірден-бір жолы – вакцина салдыру. Осы орайда елімізде вакцина қабылдауға жарайтын азаматтардың 80%-дан астамы немесе жалпы халықтың 56%-ы вакцина алды. Ал ревакциналаумен 5 млн-нан аса адам қамтылды. Бір тәулікте 14 мыңнан аса адам вакцина салдырып жатыр. Қазір Қазақстанда вакцинаның үш түрі – QazVac, Sinofarm және Pfizer қолжетімді, барлығы 1 млн 200 мың доза бар.
Бүгінде әлемде кең таралып жатқан маймыл шешегінен сақтануды назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл ретте А.Ғиният Қазақстанда маймыл шешегін диагностикалаудың әдістемесі әзірленіп жатқанын атап өтті.
«Маймыл шешегі бойынша 89 елде 25 мыңнан аса жағдай тіркелген. Ауру аталған елдерде көбінесе жеңіл түрде өтіп жатыр. Мысалы, бүгінгі ақпаратты қарасақ, 7 елде 8 өлім жағдайы болған, яғни ауру кең тарап жатқан жерлерде бір-бір қайғылы жағдай болған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі – маймыл шешегіне қарсы арнайы екпе жүргізудің қажеті жоқ. Сондықтан аталған ұйым тарапынан қандай да бір нұсқау болса, соны орындауға тырысамыз. Ал өзіміз осы ауруға ұқсас симптомдары бар науқастарға мониторинг жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар аталған аурудың диагнозын қою үшін диагностикумдар алып қоймақпыз. Өзіміздің қызметкерлерді әзірлеп, оқытып, осы ауруды емдеуге нұсқау болатын және диагностика қоюдың әдістемесін белгілейтін хаттама әзірленеді. Біздің үлкен мамандарымыз ДДҰ-ның өкілдерімен бірге осы бағытта жұмыс істеп жатыр», деді министр.