Жыл басынан бастап әлеуметтік желілерде сұр, сары және жасыл шаршылардан диаграммалар бейнеленген сілтемелер жиілеп кетті. Сіз де көріп, оның не екеніне қызығушылық танытсаңыз, бұл Wordle деп аталатын сөз ойыны.
Бұның ағылшынша нұсқасы әлемді жаулаған соң, басқа тілдерде де нұсқалары шыға бастады. Қазақ тіліндегі нұсқасы жарияланғалы көп уақыт өте қойған жоқ. Дегенмен қазірдің өзінде қазақша «Сөзділ» деп аталатын ойын жастар арасында танымалдыққа ие. Ілияс Жолдасбай мен Данияр Мұханов есімді жас бағдарламашылар жобаның қазақша нұсқасын жасап шыққан екен.
«Жалпы Wordle-ды қазақшалайық деп ой тастаған Данияр Мұханов деген әріптесім. Ол да «Болашақ» түлегі, қазір umag.kz компаниясында жетекші андройд программисі. Wordle.kz доменін алған да сол жігіт», дейді Ілияс Жолдасбай.
Жастар Wordle-дың қазақша нұсқасын құрастырып қана қойған жоқ, атауын да Сөзділ деп қазақшалады. Бұл туралы Ілияс Жолдасбай былай дейді: «Wordle сөзінің түбірі word болғандықтан, біздің нұсқаның да түбірі сөз болуы орынды көрінді».
Күнделікті жасырылған сөздерді жастар өздері отырып екшелеген. Әрбір таңдалған сөздің етістік болмауын әрі сөздегі әріптердің сөзде бір рет қана кездесуін қадағалап, мұқият зерделеген.
«Уақыт жоғалтпас үшін open source жобаларға жүгіндік. Оpen source – коды ашық, қалаған адам оқып, өзінің керегіне қолдана беруге болатын тәсіл. Қазақша бес әріптік сөздік қорды алу және ойын логикасын жүргізу үшін Github жобаcын қолдандық», дейді жастар. Осындай іргесі дайын жоба тұрғанда қазақша «Сөзділді» жасау екі-ақ күнді алғанын тілге тиек етті.
Жастар ойынның қазақша нұсқасын жасаудағы мақсатын қазақ тілін насихаттау, көнерген қазақша сөздерді еске салу, сол сөздердің қолдану аясын кеңейту деп түсіндіреді. Мысалы, нойыс, бипаз, рәсуа деген сияқты көнерген сөздер де қамтылып, сөздің мағынасын білмегендер болса, сол сөзбен танысуына мүмкіндік бар. Жалпы, ойында «Сөз мағынасын көру» деген батырма бар, сол арқылы Сөздікқор сайтына бағыттап, жасырылған сөздің мағынасымен терең танысуға болады.
«Бұл жерде біз үшін маңызды нәрсе – қазақ тілді ойыншылардың шетте қалмай өз тілінде ойнай алуы. Әйтпесе, бізде көп дүние тек ағылшынша немесе орысша ғана шығып қалып қояды. Cөзділ қазақшаға да сұраныс бар екенін көрсетті деп ойлаймын», дейді Данияр Мұханов.
Wordle.kz биыл 21 қаңтардан бастап көпшілікке ұсынылды. Содан бері жобаға шамамен 20 рет өзгеріс енгізілген. Алғашқы күндері көпшіліктің қызығушылығына бөленіп, бір апта ішінде орта есеппен 7 мыңға жуық адам ойнайтын. Жалпы, Wordle.kz жариялағаннан бері 400 мыңдай адам ойнаған.
«Аты шулы кезде күніне 2 мың адамдай ойнап отыратын. Қазіргі таңда күніне 200-дей адам ойынға қатысады. Адам саны өсті деп айту қиын, тренд болып тұрған сәті өткен соң, адамдар басқа нәрсеге көңілдері бұрылып кетті. Түсінікті жайт. Қазір айына орташа есеппен 1 500 адам қазақша сөзділ ойнайды», дейді І.Жолдасбай.
Сондай ақ жастар бүгінде Wordle ойнайтындар азайғанын тек қазақстандық емес әлемдік тенденция екенін алға тартты. Биылғы ақпан айында Wordle-ды The New York Times газеті 1 миллион долларға сатып алғаны туралы ақпарат тарады. Басылым ойынды нақты қандай сомаға сатып алғанын мәлімдеген жоқ. Дегенмен оның жеті цифрдан тұратын қаражат екенін жариялады. Ойынды құрастырушысы, бағдарламашы Джош Уордлдан сатып алған. Мұндай ұсыныс Wordle.kz авторларына түсті ме деген сұрағымызға жастар әзіл-шыны аралас былай деп жауап берді.
«Нью Йорк Таймс миллиондаған долларларға Wordle-ды сатып алыпты дегенді естігенде біз өз арамызда «Сөзділді» қай БАҚ сатып алады екен деп әзілдегенбіз. Әңгімеміз сол әзілден әрі асқан жоқ. Шындығын айтқанда, монетизациясы жоқ жобаға ешқандай инвестор ақша шашқысы келмейді», дейді ойын авторлары.
Wordle – осы жылдың басында әлемге кең тараған шағын ойын. Оны Джош Уордл есімді британдық бағдарламашы ойлап тауып, соның тегімен аталған. Бір қызығы, Уордл бұл ойынды 2020 жылы жаһанды жайлаған пандемия кезінде жұбайы екеуі ермек үшін ойлап тапқан екен. Ерлі-зайыптылар The New York Times кроссвордтарын шешуге машықтанып, өздерінің жетілдірілген нұсқасын жасауға шешім қабылдайды. Сөйтіп, өз нұсқасын әзірлегеннен кейін Джош оны WhatsApp мессендежері арқылы отбасылық чатқа жібереді. Ойын көпшіліктің көңілінен шығып, 2021 жылдың қазан айында Джош ойынды желіге жүктейді.
Ойынды көпшілікке жарияламас бұрын Джош бес әріптен тұратын 12 мыңға жуық ағылшын сөзін жинақтаған. Жалпы, ойын шарты бойынша бір күнде бір ғана сөз, яғни сол сайтқа кірген бүкіл адамға, бірдей сөз жасырылады. Сөзді табуға 6 мүмкіндік беріледі. Басты қызықтыратын жері ол ойынға кірген бетте ешқандай бір кеңес берілмейді. Яғни сөзжұмбақтағыдай тапсырмалар жоқ, тек кездейсоқ әрекет ету керек. Ойыңызға келген қандай да бір 5 әріпті сөзді жазу арқылы ғана сол кеңес, көмекті ала аласыз. Көмек түрі де ерекше. Жасырылған сөзде қай әріптің бар жоғын түсіну үшін түстерге қарау керек. Әр мүмкіндіктен кейін шаршы түсі өзгеріп, жауапқа қанша жақын екеніңізді көрсетеді. Яғни сұр түс шықса, ондай әріп мүлде жоқ, сары болса, бар, алайда тұрған орны қате. Ал жасыл болса, ол әріп жасырылған сөзде бар әрі орнын да дұрыс тапқансыз.
Болашақ бағдарламасымен шетелдік жоғарғы оқу орындарында білім алып қана қоймай, алған білімімен қоғамға, елге септігін тигізуге талпынатын Ілияс пен Данияр сынды қазақ жастарының бар болғаны қуантады. Мұндай жастардың жобасы қолдау тапса, елге пайдасы тиетін түрлі жобалар жүзеге асары сөзсіз.