• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Тамыз, 2022

Электронды шылымға шырмалғандар

835 рет
көрсетілді

«Әкел, бір тартып көрейінші. Уау, қаншаға сатып алдың?». Әдетте, жас­тар арасындағы электронды темекіге деген құмарлық осылай басталады. Қатарластарына қызығады. Өкініштісі сол, жастық шақта жұққан жаман әдет кәріліктің ауылына қадам басқанға дейін қалмайды. Жөн сұрасаң, жөтеліп отырғаны...

Бу һәм у

«Соверенді» сорғанша, соны қолдансын! Иә, электронды шылымның зияны аз деп түсінетін үлкендер бар. «Тәйт» демеген соң бозбалалар былай тұрсын, мектеп табалдырығында жүрген кішкентай қыздар да дәмін татуға асық. Иісі де әтір сияқты баурап алады емес пе? Сорған сайын сорлап жатқанын қайдан білсін?

«Электронды темекі мен айкостың шылымға қарағанда зияны аз» деген пікірдің жансақ екенін арнайы зерттеулер дәлелдеп берді. Осы ретте Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығы басшысы Салтанат Назароваға хабарласқан едік.

– Электронды темекінің құрамына манго, жеміс-жидек, крем сияқты заттар қосылатындықтан жастарды тез баурап алады. Шын мәнінде, көбінде никотин бар. Шылымнан шығатын аэрозольдың құрамында никотин, канцерогенді химикаттар, ұшпа органикалық қосылыстар, өкпе ауруымен байланысты хош иістер, никель, қалайы және қорғасын сияқты ауыр металдар болуы мүмкін. Вейптің қаптамасындағы никотин жоқ деген жазуға бейқам қарауға болмас. АҚШ-та жүргізілген зерттеу сол елде сатылатын вейптерің 99 пайызында никотин бар екенін көрсетті.

Темекі шегуге арналған сұйықтықтың температурасы жоғарылаған кезде бу шы­ғаруға арналған қыздыратын құрылғы ерін мен ауыз қуысының шырышты қабы­ғын, сондай-ақ тыныс алу жолдарын күй­діреді. Темекі сұйықтығының құрамына кіретін диацетил тыныс алу жолдарының шырышты қабығын зақымдайды, оның салдары тыныс алуды тарылтатын бронхит болуы мүмкін.

Никотин қатты тәуелді етіп, жас­өспі­рім­дердің миының дамуына зиян кел­тіреді десек, артық айтқанымыз емес. Мидың назар аударуға, оқуға, көңіл күйге жауап бере­тін бөлігі зақымдалады, – дейді Салтанат Назарова.

Маманның сөзіне сүйенсек, 2019 жылдан бастап әлемде EVALI деп аталатын өкпе аурулары көбейіп жатқан көрінеді. EVALI – электронды темекі немесе вейптің әсерінен болатын өкпенің зақымдануы. Бастапқыда ол VAPI (вейпингпен байланысты өкпе ауруы) ретінде танымал еді. АҚШ-тың денсаулық сақтау өкілдері мен ғалымдары аурулардың негізгі себебін Е дәрумені ацетатымен (кейбір электронды темекілердің құрамдас бөлігі) байланыс­тырады. Е дәрумені ацетатынан бөлек, буға айналатын сұйықтықта ықтимал себептер ретінде қарастырылатын көптеген зат пен өнім көздері бар екенін де естен шығармаған жөн.

«Айколар» айкос шеге ме?

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мамандары ұйымдастырған ­жас­­өспірімдер арасындағы сауалдама­лар­ға көз жүгіртсек, электронды темекі ең ­көп қолданылатын жаңа темекі өнімде­рінің бірі көрінеді. 11-15 жастағы бала­ларға жүргізілген «Мектеп жасындағы бала­лар­дың денсаулығына қатысты мінез-құл­қы» зерттеуі көрсеткендей, электронды темекіні тұтынушы оқушылар саны (соңғы 30 күнде тұтынған) олар есейген сайын артып келе жатқанын айқындап берді. Әсіресе ұлдардың үлесі басым. Сонымен, соңғы 30 күнде кем дегенде 1-2 күн ішінде электронды темекі тұтынудың таралуы ұлдар арасында 11 жастан бастап 15 жасқа дейін 3,5 есеге, ал қыздар арасында 11 жас­тан 15 жасқа дейін екі есеге артады екен. 15 жастағы ұлдардың 14 пайы­зы және қыздардың 6 пайызы вейптерді қолданып көрген.

Сауалдама нәтижесінде электронды темекіні қолданудың негізгі себептері анық­талды. Сауалдамаға қатысушылардың 75,6% пайызы хош иістерді ұнатса, 72,7 пайызы темекімен салыстырғанда зиянды емес деп есептейтін көрінеді.

Бойжеткендер арасында электронды темекі сәнге айналып бара жатқаны жасырын емес. Тіпті қыздар бір-бірінің туған күніне вейп сыйлайтын «дәстүр» пайда болыпты. Әсем безендіріліп, кішкен­тай құтыға, қорапшаға толтырылған бұл өнімдер әлдебір инновация, сәнді тауар ретінде көздің жауын алады. Мәселен, вейптерде батарея заряды, картридждегі өнімі қанша қалғанын көрсететін индикатор-лампа қарастырылған. Сәйкесінше жастар оны девайс, гаджет деп таниды.

Жалпы, IQOS-тегідей темекіні қызды­ратын немесе темекісі картриджге сығым­далған электронды темекілерді балаларға сатуға біраздан тыйым салынған. Снюс секілді шайналатын темекі де, насыбай да тыйымға ілікті. Ал вейптер және оны толтырғыштар заңның олқылығын пай­даланып нарыққа жол тартты. Ол қан­дай олқылық? 2009 жылы қабылданған қолданыстағы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс тек темекі (табак) жапырағынан дайындалатын өнімдерді ғана реттейді. «Темекі бұйымдары – шегу, сору, шайнау немесе иіскеу үшін пайдалануға дайын­далған шикізат материалы ретінде толық немесе ішінара темекі жапырағынан жасалған өнімдер» делінген онда.

Ал жастар буландыратынына қарап, «парилка» деп атайтын вейптерде темекі-табак жоқ, ол синтетикалық никотин­мен (СН) толтырылады. Ұлттық заңнамада СН туралы ештеңе айтылмаған. Дәл осы кемшілікті «никпэк» сатушылар да өз пайдасына жаратады. Никпэк дегеніміз – снюстың орнын басқан, темекісі жоқ елітуші қоспалардан тұратын фильтр-пакет.

Соңғы уақытта ТМД көлемінде, соның ішінде Қазақстанда жастардың вейп пен никпэктен зардап шегіп, улану деректері кездеседі. Кейбір вейптер көп рет соруға арналған. Бұлардың барлығы бекітілген мемлекеттік стандартсыз, бақылаусыз жа­са­латындықтан, онда нақты қанша никотин бары беймәлім. Мәселен, бір дана шылымда орташа есеппен 1-2 миллиграмм никотин болса, бір никпэкте оның көлемі ондаған есе асып түсуі мүмкін.

Жарнамасы жер жарады

– Темекі індеті – халықтың денсау­лығына қауіп төндіретін ең ауыр кесел­дің бірі. Жыл сайын темекі зиянынан 8 млн-нан астам адамның өмірі қиылады. Олардың 7 млн-нан астамы – темекі шегу­шілер мен бұрын темекі тұтынғандар, 1,2 миллионға жуығы – темекі шекпейтін, бірақ темекі түтінінің әсеріне ұшырағандар.

Мәселені түбегейлі шешудің жолдарын қарастыру маңызды. Темекі өндіру компанияларының белсенді жарнама жұ­мысы және темекі бағасының төмен болуы алаңдатады. Жасөспірімдер мен жастар арасында темекі шегудің алдын алу жұмыстары мықтап қолға алынуға тиіс, – дейді С.Назарова.

Бұған дейін «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының көшбасшысы Жәмила Садықова электронды шылымның акцизін қымбаттатуды ұсынған болатын.

– Қыздырылатын темекінің әр данасына акциз енгізуден бөлек Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің жақсы тәжірибесі бар – электронды шылым құрыл­ғысының құнынан 50 пайыз алым төленеді. Мысалы, бір рет қолдануға ар­налған электронды шылымның бағасы 2 мың теңге болса, акцизі мың теңге болады. Соның есебінен құны 3-3,5 мың теңгеге қымбаттайды. Біз де осындай акциз енгізсек, электронды шылымның қол­данысын шектеп, сол шектеулі сауданың өзінен жақсы табыс көруге мүмкіндік аламыз. Яғни ондай саясаттан мемлекет ұтады. Украинада электронды шылым ак­цизінен жыл сайын 200 млрд теңгедей кіріс түсіп отырған. Біз жыл сайын 80 млрд теңге кіріс кіргізе аламыз. Бұдан тек табак индустриясы ғана зардап шегеді.

Әзірге вейптердің айналымына ты­йым салынбағандықтан, тек депутат­тар­дың ұсынысы күйінде қалып келе жат­қандықтан, бұл нарықтан салық өндіру керек. Яғни нарықта бар кезінде жақсы са­лық өндіріп қалу қажет. Ол бюджеттің кірі­сіне түседі. «Түтінсіз» шылымға тыйым 2020 жылы салынды. Екі айдың ішінде тыйым күшіне енді де, нарық одан ауыр зар­дап шеккен жоқ. Қазір сол кезде елге кіргізіліп үлгерген қалдығы сатылып жатыр. Кейін мүлде нарықтан жоғалады. Денсаулық сақтау министрлігі қолдаса, вейптердің сатылымына да бір жылдың ішінде тыйым орнатуға болады, – дейді Ж.Садықова.

Шетелдегі ахуал

Өткен ғасырда Батыста ерлердің көбі трубка мен сигара тартып, шылымға сұ­раныс аз болыпты. Содан АҚШ заңының олқылығын пайдаланған American Tobacco қожайыны Джеймс Дьюк басқа бағытты тапты. Темекіні әйелдер мен балаларға жарнамалай бастады. Сөйтіп, дегеніне жетті. Нәзік болмыс иелері көкшіл түтін­ді түйдек-түйдек бұрқыратуды ерлер­мен тең болудың, ал жасөспірімдер ересек кө­рінудің нышаны деп қабылдады. Бұл әлемде ауыр дерттің белең алуына соқтырды. «Тарих қайталанып жатыр», дейді сарапшылар. Жарнама арқылы әйелдер мен жастар арасында электронды темекі шегу өркен жайды.

Жалпы, синтетикалық індеттен дамыған елдер қатты зардап шегеді. Вейпингтің кең таралуы АҚШ-та адамдардың өкпе­сінің зақымдалуына және өліміне әке­ліп соқтырды. Коронавирус пандемиясы бас­талғанға дейін Америка Құрама Штат­тарында вейп пайдаланғандардың «өкпенің ауыр кеселіне» шалдығуының 2 500-ден астам оқиғасы тіркелді. 50 адам қайтыс болған. Осыған орай Американың бұрынғы президенті Дональд Трамп бұл өнімді шектеуді тапсырған. Нью-Йорк штаты 2019 жылдың қыркүйегінде бірінші болып, электронды темекілерге тыйым салды.

2020 жылдың басында бүкіл АҚШ-та электронды темекілерге арналған жұпар толтырғыштары бар картридждердің көп түрін сатуға тыйым салынды. Шектеу жастар көп тұтынатын жалбыз, жеміс-жидек, кәмпит дәміне ие сұйықтықтарды қамтыды. Тек сұранысы шамалы темекі және ментол иісі шығатын толтырғыштар нарықта қалды.

Ал Мексикада ел президенті элек­тронды темекі сатуға тыйым салатын қау­лыға қол қойды. Темекіге қарсы күрес туралы жалпы заңдағы жаңа реттеу аясын­да жаңа буын темекі өнімдері саналатын электронды темекілерді бүкіл елде та­ра­туға және сатуға шектеу қойылған.

Электронды темекінің кесірінен темір тордың ар жағына тоғытылған әлемге танымал баскетболшы Бриттни Грайнердің оқиғасы ел аузында жүр. Ол биыл ақпанда Мәскеу әуежайында кеден тексерісі ке­зінде ұсталған еді. Кеденшілер жүгінен Ресейде тыйым салынған наша майы бар вейп құтыны тапқан. Оқиғадан кейін АҚШ мемлекеттік департаменті мен көп­теген америкалық жұлдыз Кремльді Грай­нерді босатуға шақырған. Бірақ сот оны кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостан­дығынан айырды. Бұған қоса 1 миллион рубль айыппұл салынды. Б.Грайнер АҚШ құрамасы сапында екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған болатын. Екі дүркін әлем чемпионы деген атағы да бар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының мәліметінше, Жер шарында 1 млрд-тан астам адам шылым шегеді. Те­мекі тұтынушылар жылына 5,7 млрд дана табак өнімдерін пайдаланып, 1 млн тонна тұқыл тастайтын көрінеді. Бейресми мәлімет бойынша әлемде 40 миллиондай адам электронды темекі тартады. Жер шарында өмір сүріп жатқан адамдардың 90 пайызы күйзелістен құтылу үшін темекіге жүгінеді екен. Ал сіз электронды темекі тартасыз ба?