• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Тамыз, 2022

Онлайн-петиция: Қоғамның барометріне айнала ала ма?

579 рет
көрсетілді

Қазір әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, онлайн-петицияға қол қойыңыз деген жазбалардан көз сүрінеді. Әйтеуір, қоғамды шулатқан оқиғаларға қатысты осындай электронды өтініштердің саны басым. Әрине, дамыған демократиялық қоғам құруда онлайн-петиция да үлес қосатыны белгілі. Бірақ қаптаған петициядан қайран бар ма? Бұл туралы сарапшылар не дейді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйекте жа­риялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақ­стан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халыққа Жолдауында онлайн-петиция мәселесіне де тоқталған еді. «Азамат­тарымыз реформаларға бастамашы болып, ұсыныстар беру үшін онлайн-пети­циялардың бірыңғай заңды институтын құру қажет. Мұндай құрылым қандай да бір бұрмалау әрекеттерінен толық қорғалуға тиіс. Үкімет азаматтық қоғаммен бірлесіп, осы маңызды жобаның нормативтік-құқықтық базасын әзірлеуге және оның барлық техникалық мәселелерін шешуге тиіс», деген болатын Президент.

Содан кейін бұл бағытта біраз шар­уа атқарылғандай көрінді. Құзырлы министрлік онлай-петицияға қатысты заң жобасын әзірлеп жатқанын да хабарлаған. Ақыры 2021 жылғы қарашада Мәжілістің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы­ның жобасы ұсынылды. Аталған құжатта Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске петициялар туралы толықтыру енгізілмек.

Заң жобасына сәйкес петиция – мемлекеттік органға, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органға электронды нысанда жіберілген ұжымдық хабар, үн қосу немесе ұсыныс ретінде қарастырылмақ. Оны уәкілетті мемлекеттік орган айқын­дайтын интернет-ресурс арқылы жолданады. Мұндай онлайн-петицияны Үкі­мет, жергілікті атқарушы билік қарауы үшін әрқайсысы деңгейіне қарай түрлі мөл­шерде дауыс жинауға тиіс. Петицияны тиіс­ті мемлекеттік орган, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы орган қарайды деп белгі­ленген.

Құжатта адам құқықтары мен бостан­дықтарының бұзылуына әкеп соғатын, қоғамдық имандылыққа нұқсан келтіруі мүмкін, сондай-ақ еліміздің бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы мен шекарасы, сот төрелігі, прокуратура органдарының жоғары қада­­ғалауы, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және қоғам­дық тәртіпті сақтау, халықаралық шарттардан туын­дайтын міндеттемелерді орын­дау, мемлекеттік рәміздер, мемле­кеттік тілдің мәртебесі секілді мәселелерге пе­тиция жарияланбайтыны көрсетілген.

Онлайн-петицияға байланысты бас­тамашыл топтар да өз ұсыныстарын жариялаған. Сондай онлайн-петицияның бірі – Talap қолданбалы зерттеулер орта­лығы әзірлеген otinish.kz сайты. Аталған орталықтың IT маманы Бауыржан Болатовтың айтуынша, сайт 2019 жылдан бері іске қосылған.

«Бастапқы ойымыз осы петиция арқылы Үкіметке ой-пікірімізді жеткізу болатын. Ең алғашқы петиция «Президент, шағын және орта бизнесті құтқарыңыз» деген атаумен жарияланды. Сайт іске қосылған алғашқы жылы 30-40 мыңдай қол жинадық. Содан кейін осы сервистің даму барысында бір ғана петиция емес, бүкіл халық әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды жариялауына мүмкіндік беруді көздедік», дейді Б.Болатов.

IT маманының айтуынша, otinish.kz сайтын пайдаланатындардың қатары көбейген. Қазақстанда ашық түрде петиция орнатып, оны жариялайтын қызметтер өте аз. Бірақ басқа сайттарда қол қою мәселесінде түрлі кемшілік бар көрінеді. Мысалы, WhatsApp, электронды пошта арқылы қол қояды.

«Мұндай тәсіл петициялардың жалған дауыс жинауына жол ашады. Сондықтан SMS жүйесіне көштік. Елімізде әр адамның нөмірі жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы тіркеледі. Соған байланысты қол қоюды растау үшін телефон нөмірін жазып, содан кейін келген SMS-тегі кодты енгізуді қарастырдық. Сол арқылы адамның шынайы түрде дауыс беруін қамтамасыз еттік деп айта аламын», дейді Б.Болатов.

Сайт іске қосылғалы жарияланған бірнеше петиция қоғамда қызу талқыға түскені белгілі. Мәселен, утильалымға қатысты алғашқы петиция осы otinish.kz сайтында жарияланған. Оған 43 мыңға жуық адам қол қойды. Естеріңізде болса, бұл мәселеге еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұрғындар үн қосып, утильалымға қатысты Президент те пікір білдірген еді. Сөйтіп, Мемлекет басшысы бұл саладағы саясатты жетілдіру, оның ішінде утильалым бойынша ұсыныс дайындауды тапсырды.

Сонымен қатар коронавирус пандемия­сы кезінде кинотеатрларды ашуға, жұма намазды оқуға, тұрмыстық әлімжеттікке, қоқыс өңдеуге қатысты жарияланған петициялар да қоғам назарын аударып, пікірталас тудырған еді. Бұған қатысты арнайы шаралар қабылданғаны да белгілі. Бауыржан Болатовтың айтуынша, жылына шамамен 7-8 петиция ең өзекті мәселелерді қамтитын көрінеді.

«Қазіргі таңда сайттың жаңа нұсқасы әзірленіп жатыр. Онда тікелей базаға тіркеу арқылы адамның шынайы екеніне көз жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қазір дауыс беру формасында аты-жөні, ЖСН, телефон нөмірін енгізеді. Жаңа нұсқада телефон нөмірін ғана қалдыруды жөн көрдік. Қалғанын мемлекеттік базадан аламыз. Басында ЭЦҚ арқылы дауыс беруді қарастыруды ойластырған едік. Бірақ дауыс беру формасында аты-жөні, туған жылы туралы сұрағанымызда, қолданушылар мұндай ақпараттың қаншалықты қажеті бар деген шағым айтты. Бұл бір жағынан адамдардың петицияға қол қоюына қосымша кедергі келтіреді. Сондықтан одан бас тарттық. Егер ЭЦҚ арқылы дауыс беруді енгізсек, онда қолданушылар саны күрт азайып кетеді деп ойлаймыз. Өйткені петицияға қол қоятын адамдар ауылдық жерлерде көп. Демек ЭЦҚ оларға қиындық туғызады. Сондықтан электронды цифр­лы қолтаңбаны қарастырмау туралы ұйғарымға келдік», дейді Б.Болатов.

Онлайн-петицияға қатысты елде түрлі пікір бар. Қоғам белсенділері мұн­­дай тәсілдің қажет екенін алға тартады. Дегенмен онлайн-петицияға кү­мән­мен қарайтындар да бар. IT маманы Ерлан Оспан онлайн-петиция әлдебір тақырыпқа байланысты қоғамдағы ахуалды бағамдайтын құрал деп есептейді. Бірақ оның заңды тұрғыда іске қосылғанын қолдамайды.

«Желі жұртының болмашы нәрсеге де «өлім жазасын» беретінін бәрі күнде көріп жүр. Адамның бір ағаттығына бола бүкіл игі ісін жоққа шығарып, қарғап-сілеп жататынын айтпай-ақ қояйын. Мұның кері жағы да бар. Мысалы, инфльюенсерлер қылмыс жасаған досын ақтап қол жинайды және оны қолдайтындар көп болады. Әлемдегі бірде-бір ел онлайн-петиция арқылы әділ шешім қабылдай алатын зайырлық деңгейіне жеткен жоқ. Онлайн-петициялар – қоғам көзқарасын аңдауға қатысты тамаша құрал. Бірақ медиамаман ретінде шешім қабылдау құралы болуына қарсымын», дейді Е.Оспан.

Рас, онлайн-петицияның қауіпсіздігі туралы мәселе әлі де өзекті. Мысалы, белгілі бір мүдделі топ көздеген жоспарын жүзеге асыру үшін өздері жариялаған петицияны жаппай қолдауы мүмкін. Немесе өтірік дауыс беру арқылы қол қойғандар санын арттыруы да ықтимал. Тіпті электронды цифрлы қолтаңбаны қолданғанның өзінде мұндай жүйеде кемшілік бәрібір шығатын көрінеді. Осы орайда, Е.Оспан былтыр Мәскеуде өткен қалалық думаға электронды сайлауды мысалға келтіреді.

«Мәскеуде өткен жылы қалалық думаға электронды сайлау өтті. Блокчейн технологиясы арқылы жүргізілді. Элек­трон кілтпен, біздегідей ЭЦҚ-мен дауыс берді. Бірақ бақылаушылар көптеген коллизияға жауап ала алмады. Ай­талық, бір учаскеде ойсырай жеңіліп жатқан билік өкілі дауыс беру жабылуға екі сағат қалғанда анағұрлым озып кеткен. Рас, техникалық тұрғыдан онлайн-петиция қызметін жасауға болады. Тіпті фрилансер кодер де жасап беретін жүйе», дейді Е.Оспан.

Осы орайда, IT маманы онлайн-пети­цияның ресмиленбегені дұрыс екенін айтады. Өйткені болмашы нәрсеге петиция жариялап, онсыз да түйіні тарқамаған түйткілдері көп қоғамды одан әрі ушық­тыра түсуі мүмкін деп есептейді.

«Онлайн-петиция – қоғамның ынтасы, көңіл күйі ретінде керемет нәрсе. Бірақ биліктің күн тәртібін белгілейтін құрал болғанын қолдамаймын. Меніңше, билікке қоғамның көңіл күйін қазіргідей, медиа мониторинг арқылы бақылаған әбден жеткілікті. Бұған дейін болмайтын мәселеге онлайн-петиция жасап, елдің миын ашытатын кемінде жиырма шақты адам есіме түсіп отыр. Сондықтан ресмиленбегені дұрыс», дейді Е.Оспан.

Өкінішке қарай, кейінгі уақытта бей­ресми онлайн-петиция жариялайтын сайттар көбейіп кеткен. Әлеуметтік желілерде жарияланған өтініштерден көз сүрінеді. Бірақ ондай сайттардың қызметі қаншалықты сенімді екені түсініксіз. Көбі авторы кім екені көрсетілмеген беймәлім жүйелер. Оған дауыс берген адамдардың жеке деректері қаншалықты сақталады? Бұл да басық ашық мәселе.

Жалпы, әлемде Change.org, iPetitions.com, Avvaz.org, және 38 Degrees деген секілді петиция жариялайтын сайттар жетерлік. Онда жарияланған жазбалардың кейбірі шынында тиісті елдің билігі тарапынан қарастырылған оқиғалар кездескен. Дегенмен сарапшылар онлайн-петицияға дауыс беруді «слактивизмге», қазіргі тілмен айтқанда «диван батырына» балайды. Яғни дауыс берген адам өзінің эгосын ғана қанағаттандырады, алайда мәселенің шешілуіне мүлдем үлес қоспайды деп есептейді.

Десек те жер жаһанда мемлекет та­ра­­пынан ұсынылып, тиімді жұмыс іс­тейтін онлайн-петициялар бар. Мысалы, Ұлыбритания парламентінің сайтында арнайы петиция жүйесі орналастырылған. 2006 жылдан бері қалыптасқан бұл қызмет бүгінде Тұманды Альбионда кең таралған. Алда-жалда петицияға 100 мың адам қол қойса, ел парламенті онда көтерілген мәселені міндетті түрде талқылаудан өткізуі керек.

Сондай-ақ Шотландия парламенті, Аустралия парламенті, Германиядағы Бундестаг, Украина министрлер кабинеті сайттарында да онлайн-петиция жүйесі бар. Еуропалық парламентте петиция жөніндегі арнайы комитет құрылған. АҚШ-та Ақ үйдің сайтында We The People онлайн петиция қызметі 2011 жылдан бері жұмыс істейді.

Қорыта айтқанда, онлайн петицияны заңдастыру, жеке деректерді қорғау, көтерілген мәселелерді парламент қа­рауына ұсыну секілді мәселелер әлі де басы ашық күйінде қалып отыр. Әзірге бұл тал­­қылауды қажет етеді. Онлайн-петиция қыз­меті бейресми болса да қоғамға керек-ақ.