Алматы жасыл желегімен көрікті. Шаһарда «Жасыл Алматы» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. Жоба негізінде 1 млн ағаш отырғызу көзделген болса, акция басталғалы бері 643 мың көшет егілген.
Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Абдулдаевтың айтуынша, қалада 4 млн-нан астам ағаш өседі.
«Алайда Алматының барлық ауданы абаттанған алаңдарымен мақтана алмайды. Бүгінде жасыл желектермен қамтамасыз ету біркелкі емес. Мысалы, Алатау мен Наурызбай аудандарында бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де ширата түсу қажет», дейді басқарма өкілі.
Жетілген және жасамыс ағаштар негізінен қаланың орталық бөлігінде өседі. Сонымен қатар Алматыда 84 мың апатты жағдайдағы ағаш бар. Бұл мәселені шешу үшін кәрі ағаштарды кезең-кезеңімен кесу және жас көшеттерге ауыстыру бойынша арнайы бес жылдық бағдарлама қабылданған. Биыл 5 мың апатты ағаш кесіліп, оның орнына 50 мың көшет отырғызылмақ.
Алатау баурайында орналасқан ару қаланың ара-тұра тосын мінез танытып тұратын сұрапыл дауылы талай тал-теректі қопарып, тіпті адам өлімі тіркелген жағдайларға әкеліп соқтырған кез аз болған жоқ. Шаһардағы кейбір ағаштардың жасы ғасырдан да ұзақ. Жасыл экономика басқармасының өкілдері апатты жағдайды болдырмас үшін, қаладағы кәрі ағаштар мәселесі жіті назарда екенін жеткізді.
«Жасыл Алматы» бағдарламасы негізінде биыл көктемде 145 мың ағаш отырғызылған болса, жыл соңына дейін 360 мың жер теліміне көшет егу жоспарланған. Ең бастысы, көгалдандыру алаңдары ғалымдардың пікірін ескере отырып, дендрологиялық жоспарға сәйкес белгіленеді.
Егілген әрбір ағаш қаланың жасыл екпелерінің бірыңғай тізіліміне енгізіледі. Қалалық жасыл кеңістік тізімі жүйесі негізінде ағаштардың түрлері, түр құрамы, аумақ көлемі, жағдайы және орналасуы туралы деректер үнемі жаңарып отырады. Мамандар соңғы жылдары ағаштарға зиян келтіретін инвазициялық зиянкестердің белең алғанын айтады. Осыған орай, ағаштар мен бұталарды қорғау және жақсарту шаралары қабылданған. Көгалдарды зиянкестерден қорғау үшін биологиялық өнімдер кешені және феромон тұзақтарының биологиялық агенттері қолданылып келеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жасыл желектердің зақымдану деңгейі 70-85%-дан 30-35%-ға дейін төмендеп, кей жерлерде орналасу аумағына байланысты аурудың ізі де қалмаған.
АЛМАТЫ