• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Тамыз, 2022

Біріктіре басқаруға бетбұрыс

1814 рет
көрсетілді

Бүгінгі дәуірді цифрландырусыз елестету мүмкін емес. Отандық экономиканың барлық саласы цифрландыру технологиясына бет бұрды. Мұндай жаңа технология энергетика саласына да ауадай қажет.

Мәселен, елімізде алғашқы­лардың қатарында құрылып, әлем­дегі баламасы жоқ «Теңіз» кен орнын игеріп жатқан «Теңіз­шевройл» ЖШС цифрландыруды өндіріске кеңінен енгізуді қолға алған. Осы мақсатта ақпарат­тық технологиямен айналысатын қазақстандық компаниялармен ынтымақтастық орнатуға бетбұрыс жасады. Өйткені Энергетика ми­нистрінің орынбасары Жанат Жахметованың пікірінше, Үкімет тарапынан энергетика саласын цифрландыруға, қазақстандық қам­туды дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Әсіресе «Те­ңіз­шевройл» секілді энергетика саласындағы көшбасшы компаниялар цифрландыруға ден қойса, бұл отандық ақпараттық технология мамандары жұмысының жан­дануына серпін береді. Сөй­тіп, ақпараттық технология мен жер қой­науын пайдаланушы ком­па­ниялар арасындағы ынты­мақ­тас­тық жаңа деңгейге көтеріледі.

Қазір «Теңізшевройл» компа­ниясының мамандары «Теңіз» кен орнында инновациялық технологияларды өндірісте қолдана бастады. Мәселен, «Теңізшевройлдың» барлық автокөлік паркі көлік қауіп­сіздігі интеллектуалды жү­йе­сімен қамтылып отыр. Бұл ды­быстық сигнал беру арқылы жүр­гізушінің шаршау деңгейін бақылауға мүмкіндік береді. Осы­лайша, интеллектуалды жүйе жазатайым оқиғаларды азайтуға, көлікке мінген қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

«Теңізшевройл» ЖШС-ның бас директоры Кевин Лайонның дерегіне сүйенсек, «Теңіз» кен ор­нында біріктірілген өнді­ріс­ті басқару орталығы іске қосыл­ды. Жаңа орталықта соңғы үлгі­дегі цифрлы технологиялар орна­тылған. Мұны Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібіндегі бірегей нысан деуге болады.

– Біріктірілген басқару орта­лығы «Теңізшевройлдың» барлық өндірістік нысаны мен зауытын бір орталықтан басқаруға, бірыңғай оперативтік модельге біріктіруге мүм­кіндік беріп отыр. Бұл нысанды пайдалану кәсіпорынға өндірісті қауіпсіз әрі үздіксіз жүргізуге, қыз­меткерлеріміз бен өзіміз еңбек ете­тін өңірдегі қоғамдастықтың игілігі үшін қосымша пайда әкелуге көмектеседі, – дейді Кевин Лайон.

Компания басшылары жаңа орта­лықты кен орнындағы өнді­рістік нысандардан 20 шақырым қашық­тықта орналастырды. Мұн­дай қадам біріктірілген бас­қару орталығының қауіпсіз жұмы­сын үйлестіру үшін жасалған. Жаңа орталықта «Теңіз» кен орны­ның операторларына ең ­ұт­­қыр шешімдер қабылдап, сенім­ді­лікті арттыруға, өндірістік көрсет­кіш­терді оңтайландыру үшін икемді тәсілдерді қолдануға көмектесе­тін диспетчерлік пульт бар. Оның жалпы аумағы 2 200 шаршы метр­ді құрайды.

– Біздің компания құрылған кезден бері жаңа нысандардың құрылысына қомақты инвестиция салып, өндіріске соңғы үлгідегі технологияларды кеңінен енгізіп келеді. Біз Қазақстан экономикасына елеулі үлес қосуды жалғастыра береміз. Мәселен, 1993 жылдан бері ел бюджетіне 164 млрд доллардан астам тікелей қаржылық төлемдер жасады. Оның 42 млрд-тан астам доллары жергілікті та­уарлар мен қызметтерді сатып алу­ға жұмсалды, – дейді бас директор К.Лайон.

Бас директордың орынбасары Көңілқош Сүйесіновтің айтуынша, біріктірілген өндірісті басқару орталығының нысан құрылысын жүргізіп іске қосуға 30-дан астам қа­зақстандық компания тартылған. Онда 600-ден астам жергілікті қызметкер жұмыс істейді. Нысан­ды пайдалануға беру жергілікті қызметкерлердің кәсіби білігі мен дағдысын жетілдіруге ықпал еткен. «Теңіз» кен орнындағы кешенді технологиялар желісінде виртуалды зауыт (Virtual Plant) көмегімен нақты уақыт режімінде бақылау-өлшеу жабдықтарының деректері біріктірілді. Осындай цифрлы технологияларды қолданудың ықпалы сұйытылған көмірсутекті газ өндірісін ұлғайтуға, ОРЕС+ шектеулерінің орнын толтыруға тиіп отыр. Сонымен қатар өндірісте кездесетін түрлі қиындықты мүмкіндікке айналдыруға, цифрлы шешімдер арқылы құндылықты құру тізбегін оңтайландыру мен өзгерістерге сәйкес жылдам әрекет етуге жол ашқан.

– Қазақстандық қамтуды арт­тыру – «Теңізшевройл» компа­ниясының басым бағыттары­ның бірі. Біз үшін отандық ком­па­ния­лармен бірге жұмыс істеу, олардың дамуына ықпал ету­дің маңызы зор. Сол себептен, ақ­параттық технология маман­дарының үлесін барынша арт­тыруды көздеп отырмыз. Осы мақсатта биыл «Цифрлы Теңізшевройл-2022» атауымен хакатон іс-шарасын өткіздік. Хакатонға еліміздің әр өңірінен 30-ға жуық команда қатысты. Бе­рілген тапсырмалардың оңтайлы ше­шімін ұсынған командалар «Теңіз­шевройлмен» келісімшарт­қа отыру мүмкіндігіне ие болды. Коман­далардың оңтайлы шешімі ғана емес, сонымен қатар жалпы даяр­лығы мен құзыретті­лігі­нің деңгейі бағаланды, – ­дей­ді компанияның цифрландыру жө­ніндегі кеңесшісі Әзидолла Қисметов.

 

Атырау облысы