• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 10 Тамыз, 2022

Ақсақалдар кеңесі Бішкекте бас қосты

538 рет
көрсетілді

Бішкек төрінде Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің 13-ші отырысы өтті. Түбі бір бауырлас халықтардың тұтастығын арқау еткен басқосуға Қазақстан тарапынан осы кеңеске мүше Икрам Адырбеков қатысты.

Икрам Адырбеков кеңестегі сөй­леген сөзінде әлемдегі геосаяси жағдайлардың күн санап  күрделеніп бара жатқанын атап өтті. Осы ретте Түркі мем­лекет­тері арасындағы бірлік пен ынтымақтастықтың маңызы ерек­ше арта түсетініне тоқталды.  Оған Ақсақалдар кеңесінің кезекті оты­рысы да өз үлесін қосатынына сенім білдірді. Кеңес мүшелерін Қазақ­станда орын алған маңызды оқи­ғалармен жан-жақты таныстырып өткен ол, әсіресе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен конституциялық реформа бойынша 5 маусымда өткен бүкілхалықтық референдумның маңыздылығына тоқталды. Консти­туцияның 32-бабына ен­гізіл­ген өзгерістерді дауыс берген азаматтардың 77,1 пайызы қолдағанын атап көрсетті. Алдағы уақытта осы өзгерістерге сәйкес кең ауқымды саяси реформалар күтіле­тінін айтты.

Сонымен қатар мамыр айында Қазақстан Президенті мемлекеттік сапармен Түркия республикасына барып, аса маңызды құжат – «Кеңейтілген стратегиялық серік­­тес­тік» деңгейіне көтеру туралы Дек­ларацияны Президент Режеп Тайип Ер­доғанмен бірге қабыл­дағанын кеңес мүшелеріне баяндады. Бұл шешім барлық негізгі бағыттарға, оның ішінде әскери-техникалық салада да ынты­мақ­­тастықты одан әрі кеңі­нен қар­қын­ды дамытуға мүм­кіндік бере­тініне сенім білдірді.

Биылғы Бішкекке жасаған мем­лекеттік сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Қыр­ғызстан арақатынасын жаңа деңгейге көтеретін көптеген ма­ңыз­ды шешімдерге жол ашты, екі ел арасындағы ынтымақтастық, бауыр­ластық айрықша қарқын ала бастады.

Жуырда Қырғызстанда өткен Орталық Азия мемлекеттері бас­шы­ларының IV консультативтік кезде­суіне Президент Қ.Тоқаев қатысып, Орталық Азия орнықты әлеуметтік-эко­но­микалық даму­дың, бейбітшілік пен өркен­деудің аймағына айналуға тиіс екенін баса айтқан болатын.

И.Адырбеков өз сөзінде Түр­кістан қаласының түркі әлемінің рухани астанасы ретіндегі беде­лінің арта түскенін, биылғы 6 мамырда Түркі мемлекеттерінің Бас мүфтилері осы рухани ордада бас қосып, тұрақты кеңес құрғанын ақсақалдарға жет­кізді.

Ел астанасында орналасқан Ха­лық­аралық Түркі академиясы «Ортақ түрк тарихы», «Ортақ түрк әдебиеті» және «Түркі әлемінің гео­гра­­фиясы» оқулықтарын түркі мем­лекеттері мектептерінің оқу бағдар­ла­масына енгізуді ұсын­ды. Осы мәселені Ақсақалдар кеңесі Ыс­танбұлдағы кездесуде көтер­ген болатын. И.Адырбеков аталған кітап­тарды Ақсақалдар кеңе­сінің мүше­леріне тарту етті.

Кеңестің жұмысы барысында ақсақалдарды Қырғызстан Пре­зиденті Садыр Жапаров Ала-арча мемлекеттік резиденциясын­да қа­былдап, әр ақсақалмен жеке пікір алмасты. Өз ке­зегінде Икрам Адырбеков кейінгі жылдары Қазақстан мен Қыр­­ғызстан ара­сындағы қарым-қаты­нас тың леппен  қарқын ала бас­тағанын, сау­да айналымы екі есеге дейін өскенін, бұл екі елдің мемлекет басшыларының өзара сенім, ын­тымақтастық, сыйластық орната білуінің нәтижесі екенін атап өтті.

Президент С.Жапаров туыс­қан елдер арасындағы сауда-экономикалық әлеует өте жоғары екенін, Пре­зидент Қ.Тоқаевпен шекара ай­мағына сауда-логис­тикалық орта­лықтар құруға келіс­кенін, сонымен қатар Алматы мен Ыстықкөлді тоғыстыратын тіке­лей жолды бірлесіп іске қосуды қолға алатынын айтты. Осы мәселе ойдағыдай шешілсе, қазақстандық демалушылардың саны бірнеше есе өсетініне сенімді екенін жет­кізді.

Ақсақалдар кеңесі жұмыс қо­ры­тындысына сай арнайы құжат қабылдады. Құжатта 11 қараша күні Самарқандта өтетін түркі мем­ле­­кет­тері басшыларының сам­митіне нақты ұсыныстар белгі­ленген.